
Егістік көлемі екі есеге артты
Ауыл шаруашылығы — аймақ экономикасының жетекші салаларының бірі. Оның ішінде егіншілік ерекше маңызға ие. Биыл облыстағы 240 шаруашылық құрылымы мен жеке секторды қоса алғанда, жалпы көлемі 9700 гектарға жуық жерге егін егілді.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Азат Қапановтың айтуынша, осы егістік алқаптың 638,7 гектарын – картоп, 3070 гектарын – көкөніс, 1415 гектарын – бақша, ал 4530 гектарын – малазықтық дақылдар құрайды. Былтыр көктемгі су тасқынына байланысты бұл көрсеткіш екі есеге жуық аз болған еді.
Қандай жұмыс болсын, қол күшінен бөлек, қуатты техниканың көмегін қажет ететіні белгілі. Осы орайда биыл көктемгі дала жұмыстарына 780 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Оның 450-і – трактор, 330-ы – әртүрлі шаруашылыққа бейімделген техникалар мен су сораптары.
Жанармай мен тұқым – жеңілдетілген бағамен
– 2025 жылы шетелдік азаматтарды егін шаруашылығы саласындағы маусымдық жұмыстарға тарту үшін 670 квота бөлінді. Оның ішінде 497 шетелдік жұмысшыға рұқсат берілді. Қалған өтініштер де оң шешімін табады деп күтілуде.
Сонымен қатар, шаруашылық құрылымдарының сұранысына сәйкес, 24 шаруа қожалығына 148 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеткізілді.
Қажетті тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында 1916,1 тонна картоп, 3,68 тонна көкөніс, 2,83 тонна бақша, 72,48 тонна малазықтық дақыл тұқымы сатып алынды.
Бұл тұқымдар әлемдік өндіруші компаниялардың ресми дистрибьюторы — Атыраудағы «Галион Агро» ЖШС сауда орны арқылы алынған. Олар Қазақстан аумағынан және Ресей Федерациясының Астрахань, Волгоград және өзге де қалаларынан жеткізілді.
Сондай-ақ, егістік науқанына қажет минералды тыңайтқыштар да қолжетімді бағамен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілді, – деді салалық ведомство өкілі.
Тиімді технология – табыс көзі
Биыл суды үнемдеу технологияларын қолданатын егістік көлемін 9600 гектарға жеткізу көзделіп отыр. Оның ішінде 5100 гектар – тамшылатып суару, 4500 гектар жаңбырлатып суару әдісімен қамтылады.
Субсидия сұраусыз берілмейді
Егін шаруашылығын субсидиялау мақсатында 5 бюджеттік бағдарлама бойынша жергілікті бюджеттен 465,3 млн теңге бөлінді. Оның ішінде су жеткізу қызметі шығындарын өтеуге – 345,6 млн. теңге, тыңайтқыштардың құнын қайтаруға – 75,121 млн. теңге, пестицидтер сатып алуға – 5,4 млн. теңге, тұқым шаруашылығын дамытуға 19,9 млн. теңге бағытталған.
Әңгіменің түйіні — қазынадан бөлінген қомақты қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен тиімді қайтарымында болып тұр.
Дәулетқали АРУЕВ
Сурет: gov.kz