Жарнама
Экономика

ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ – ЕРЕКШЕ ТАЛАП

 

Сын шақта сыр бермес үшін

Алдымен, 2014-2015 жылдардың күзгі-қысқы маусымына дайындық шараларының қалай жүзеге асырылғандығына және кезекті жылу беру маусымының өту барысына назар аударылды. Баяндалғанындай, сын кезеңге әзірлікпен байланысты жоспарланған, 23 тармақтан тұратын іс-шаралар толығымен орындалған. Солардың ішінен ең бастылары ретінде үш қазандық пен екі турбинаның күрделі жөндеумен қамтылғандығы аталды. Сол сияқты, мұндағы суды жылыту қондырғылары үзіліссіз жұмыс жасау режиміне көшірілген. Қазіргі уақытта кәсіпорынның тәуліктік жылу энергиясын өндіру қуаттылығы 790 Гкал/сағатты құрап отыр. Осы жерде, Атырау қаласы бойынша тұтынылатын жылу энергиясының көлемі 250 Гкал/сағаттан аспайтынын қаперге алсақ, қажеттілікті артығымен қанағаттандыруға мүмкіндіктің барлығын байқаймыз. Жалпы ал-ғанда, бүгінгі таңда  үш жыл мерзімді қамтитын инвестициялық бағдарламада межеленген жұмыстар 90 пайызға игерілген. Ағымдағы жылдың аяғында тағы бір қазандық агрегаты іске қосылады деп күтілуде. Болжамды мәліметтер бойынша, қыс айларында болуы ықтимал төменгі температура (-30-40 градус) жағдайында да қаланың жылусыз қалмауы үшін қажетті қам жасалғандығын аңғардық. 

Есептегіш орнатқанның есесі кетпейді

Келесі кезекте жылу энергиясын тиімді пайдалану, үнемдеу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға көңіл бөлінді. Бұл орайдағы ең маңызды да негізгі қадамның бірі қаланың көпқабатты үйлеріне жалпыүйлік есептеу құрылғыларын орнату болып табылады. Осы мезгілге дейін мұндай құрылғының 88 данасы үйлерге қондырылған.

Қалыптасқан жағдайды ескерген кәсіпорын басшылығы жылу беру маусымы басталмас бұрын тұтынушыларға (негізінен жеке тұлғалар) үндеу жолдап, онда есептегіш орнатқаннан ешкімнің де ұтылмайтындығын, қайта жылу қуатына төленетін қыруар қаражаттың, тұтынылатын энергия мөлшерінің де айтарлықтай үнемделетінін ескерткен. Сөйтіп, бұл мәселеге байыптылықпен қарап, қалай еткенде де тиімділігі тәжірибеде дәлелденген құрылғыны орнату екі тарапқа да пайда әкелетінін түсініп, осыған мүдделілік танытуға шақырған. Тіпті, келісім-шартта атап көрсетілгеніндей, айтылып отырған есептеу құрылғысын сатып алу мен орнатуға кеткен шығындарды екі жылдың ішінде бөліп төлеу мүмкіндігі де қарастырылған. Және де өтелуге тиісті ақшасының сомасы әрбір тұтынушының немесе пәтер иесінің төлем кітапшасында бөлек бағанмен көрсетіліп жазылады. Әлгінде айтылып кеткендей, бұған дейін жалпыүйлік есептегіштерді пайдаланып келген тұрғындар бастапқыда бұған күдікпен қарағанымен, кейіннен қайтарымы болатынына да көз жеткізіп үлгерген. 

«Сақтықта қорлық жоқ» деген…

Кәсіпорындағы негізгі өндірістік буынның бірі–аса жоғары температура мен атмосфералық қысымда жұмыс жасайтын жылу энергиясын өндіріп шығару қазандықтары мен бу турбиналары екендігі мәлім. Сондықтан да мұндай алып әрі қуатты агрегаттардың адамның денсаулығы мен өміріне белгілі бір дәрежеде зиянын тигізіп, қауіп төндіретіні анық. Осыны ескерген орталық басшылығы мен жауапты мамандар әрбір учаскеде қауіпсіздік техникасы мен еңбек қорғау ережелерінің қатаң сақталуын, жұмысшы-қызметкерлердің орынсыз зардап шекпеуін бақылауға алып, жіті қадағалайды. Соның арқасында өндірісте бақытсыздық оқиғаларының, келеңсіз жайлардың орын алуына жол берілмейді.

Десек те, биылғы жыл басынан бері кәсіпорын аумағынан тыс жерде осындай сипаттағы екі жағдай тіркелген. Оның бірінде кезекті ауысымнан шығып, үйіне бара жатқан қызметкердің бірі көктайғақта тайып жығылып мертіксе, екіншісінде бақылаушы-маманды жұмысын атқару сәтінде тұрғындардың бірінің ауласындағы ит қапқан. Сол себепті де, әркімнің қауіпсіздік ережелерін ескеріп жүруі өз алдына, қажет жағдайда сақтық шараларын да ала білуі керектігі ескертілген. 

Іс тетігін кадрлар шешеді

Қай ұжымда болмасын, істің тетігін кадрлар шешетіні белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, аталмыш кәсіпорынның қызметкерлер құрамы да жылдан-жылға өз ісін жетік білетін, тапсырылған жұмысты тиянақты орындауға қабілетті мамандармен толығуда. Бүгінгі күні мұнда барлығы 1170-тей адам еңбек етеді. Инженерлік-техникалық құрамды айтпағанда, түрлі өндірістік буындарда қатардағы, бірақ та өте жауапты міндеттерді мойнына алған жұмысшылардың  дені арнаулы орта, қала берді жоғары білімді мамандар екен.

— Бір өкініштісі сол, бізге келіп, азды-көпті тәжірибе жинақтап, жұмысына әбден төселіп, маманданып алғаннан кейін олардың бірқатары басқа жерлерге ауысып кетеді. Ал, қажетті, қойған талабымызға сай келетін мамандар қапелімде табыла қоймайды. Сондықтан болашақта осында қызмет істеуге мүдделі  кадрларды алдын ала дайындау мақсатында кәсіптік білім беру мекемелерімен іскерлік қарым-қатынас орнатуды ойластырудамыз. Және де оның оң нәтижесін беретіндігіне сенімдіміз,-дейді кәсіпорынның тете-президенті Мақсот Қуанышқалиұлы. -Қысқасы, кадрлық қамтамасыз ету мәселесін басшылық қашанда күн тәртібінен түсірмей, ұдайы назарда ұстауда. Биылғы он айда 104 адам түрлі себептермен жұмыстан босатылса, есесіне, 114 маман жаңадан қызметке қабылданды. Ұжымның басым бөлігі (802 адам) зиянды жағдайларда, сондай-ақ 150-і ауысымдық (әрқайсысында 75-тен) әдіспен жұмыс жасайды.

Әрбір еңбек ұжымының негізгі ресурсы – әрбір учаскедегі жауапты жұмыстарды атқаратын мамандары. Сол себепті де оның денсаулығы мен өмір қауіпсіздігі бірінші кезекте тұратын өзекті мәселе болып келді, солай болып қала бермек. Баспасөз турындағы әңгіменің түйіні де осыған тірелді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button