Жарнама
Экономика

ДЕР КЕЗІНДЕ ҚАБЫЛДАНҒАН ШЕШІМ

— Әрине, бұл бір күнде қабылданған шешім емес. Экономикалық саясаттың жаңа жүйесіне көшуге Ұлттық банк жылдар бойы дайындалды. Дегенмен, әлемдік нарықтағы жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты аталған жұмыс тезірек жүзеге асып жатыр, — деді облыстың бас банкирі. Мұндай жүйеге Ресей Федерациясы бұрын көшіп кетті. Алпауыт мемлекет саналатын Қытайдың өзінде экономикалық өсімнің саябырсуы байқалады. Ал, біздің алыс-беріс, барыс-келіс жағдайымыз аталған екі елмен тығыз байланысты. Негізгі қарым-қатынасымыз да осы елдермен болғандықтан біздің жаңа экономикалық саясатты кезек күттірмей атқаруымызға тура келді. Және мұның дер кезінде қабылданған шешім екендігіне еш күмән жоқ,-деп түйіндеді ойын филиал басшысы.

Бұдан соң ол брифингке қатысушы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Сұрақтар негізінен банктердегі депозиттердің жағдайына, айырбастау пункттерінің жұмысына, ипотекалық тұрғын үй қарыздарының қайтарылуы мен қайта қаржыландырылу мәселесі төңірегінде өрбіді. Осыған орай Қозыбақ Әбуұлының айтуынша, ағымдағы жылдың алғашқы жартысында депозиттер нарығындағы қалдық қаражаттың көлемі 142 млрд.теңгені құраған. Мұның 33 пайызы ұлттық валютамен (теңге), 67 пайызы шетел валютасымен есептелген.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың алғашқы жартысында жеке тұлғалар банктердің айырбастау пункттерінен 234 млн. АҚШ долларын, 4,9 млрд. ресей рублін сатып алған. Сөйтіп, 1993-1994 жылдарғы деңгеймен салыстырғанда сатып алулар бірнеше жүздеген есеге көбейген. Кешегі аптаның соңында американ долларының орташа бағамы 252,47 теңгені құрап, алдыңғы күнге қарағанда 2,79 теңгеге төмендеген. Сол сияқты, сауда-саттық көлемі де 49,6 млн.АҚШ долларына тұрақтап, 70 млн-ға дейін азайған. Бір долларды сатудың ең төменгі бағамы 239,00, ал ең жоғары шегі 253,80 теңгеге, бір еуро үшін 275,00-287,00 және бір ресей рублі үшін 3,77-4,10 теңге шамасында болған.

Спикердің мәлімдеуінше, 2015 жылдың 15 тамызына республикада ипотекалық қарыз алушылардан екінші деңгейлі банктер 5434 өтініш қабылданған. Соның ішінде, 2421 өтініш иесінің талабын қанағаттандыру, яғни алған қарызын мемлекет есебінен қайта қаржыландыруға оң шешім алынған. Аталмыш акция жарияланғалы бергі бірнеше айда жалпы сомасы 1 552 818 000 теңгені құрайтын 411 өтініш қанағаттандырылған.

Әңгіме барысынан ұққанымыздай және филиал басшысының тұжырымдауынша, қазіргі ахуалға қарағанда алаңдауға еш негіз жоқ. Бәрі де өз арнасына, экономика даму жолына түспек.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button