Жарнама
Экономика

Даудың басы… Кәсіпкердің ақысы!

Су тасқыны кезінде Соколок каналының бойында бөгет тұрғызумен айналысқан «AGK Групп» ЖШС әлі күнге дейін орындалған жұмысына тиісті қаражатын ала алмай жүр.

Осы келеңсіз жағдай Атырау облысының кәсіпкерлер палатасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысында қаралып, талқыланды. Бизнес иесі мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес, тиісті қаржыларын ала алмай жүргендерін айтса, жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл іске демеушілердің де қол ұшын бергенін алға тартып отыр. Енді қалалық әкімдік кәсіп иесінің талабымен келіспей, сотқа шағымданбақ. Ал, облыстық кәсіпкерлер палатасы «істі насырға шаптырмай», бір келісімге келген жөн деп есептейді.

Еселі еңбек еш кетпеді

Көктем кезінде тасқын су өңірге біраз қауіп төндірді. Тіпті, жұртшылық арасында дүрбелең туындап, уақытша өзге аймаққа қоныс аударып кеткендер бар. Өйткені, барлығы да «қаламызды су басып кетсе қайтеміз?» деген қорқыныш-үрейде болатын. Алайда, «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, халық пен жергілікті атқарушы билік бірігіп, туған жерді тасқыннан аман алып қалды. Тіпті, осындай қиын-қыстау кезеңде «еңбектеген баладан, еңкейген кәріге» дейін бөгет салуға қол ұшын созды. Қала тұрғындары жұмыстан босай қалғанда қапшықтарды топырақпен толтырса, оқушылар мен студенттер сол қаптың аузын байлауға жәрдемдесті. Аласапыран шақта барлығы да облыс орталығын судан қорғау үшін қолдан келген амалдың барлығын жасады.

Осы кезде қала маңында салынған Соколок каналына айрықша маңыз берілген еді. Себебі, 1993-1994 жылдардағы тасқында осы дамбы Атырауды судан сақтап қалған. Осылайша, Соколоктың ахуалына көпшілік алаңдаулы болды. Бүгінде сол үміт ақталып, жоспар жүзеге асты. Қаламыз «тілсіз жаудан» дін аман. Канал бойында тәулік бойы жұмыс істеген ел азаматтарының еселі еңбегі еш кетпеді.

Иә, кешегі қиын сәттер өткен күннің еншісінде қалды. Ендігі мәселе – осынау сын сағатта жасалған қыруар жұмыстың келісім бойынша ақысын төлеу. Әрине, мұндай шақта барлығы үлес қосқанымен, арнайы техникаларымен өнімді қызмет еткен кәсіпкерлерге тиісті қаражаттың берілуі қажет болатын. Алайда, Соколок каналының бойында 18,5 шақырым бөгет тұрғызған «AGK Групп» ЖШС әлі күнге тиісті қаржысын ала алмай келеді. Бұл мәселе өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, әлеуметтік желілерде қоғамның біраз талқысына түскен еді. Жуырда бизнес иесі Атырау облысының кәсіпкерлер палатасына орындалған жұмысқа ақша төлеуден негізсіз бас тартылғандығы бойынша өтініш түсірген.

Шарт қалай жасалды?

Белгілі болғандай, аймақта төтенше жағдай режимі жариялануына байланысты қала әкімі ұзындығы 18,3 шақырым Соколок каналының бөгетін нығайту бойынша қалпына келтіру шаралары туралы шешім қабылдаған. 8-сәуірде Қайыршақты ауылдық округінің әкімі аппараты мен «AGK Групп» ЖШС арасында «№1 құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт» жасалған. Шарттың 1-қосымшасына сәйкес, серіктестік жалпы сомасы 625 млн. теңгеге ұзындығы 16 шақырым бөгетті нығайту бойынша қалпына келтіру жұмыстарын орындау міндеттемесін қабылдап, толық көлемде атқарған.

Дегенмен, 15-мамырда қабылдау актісіне Қайыршақты ауылдық округі әкімінің аппараты жауап бермеген және ақы төлеу міндеттемелерін орындамаған. Кәсіпкерлер палатасының анықтамасынан белгілі болғандай, көптеген жазбаша, ауызша өтініштерге тапсырыс беруші тарапынан жұмыстың ақысын төлеу бойынша қандай да бір іс-әрекет жасалмаған. Осыған байланысты Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысы ұйымдастырылған болатын.

«AGK Групп» ЖШС директоры Әсемғали Қуанышевтың айтуынша, 18 шақырым аумаққа келісім-шарт жасалған.

– Бұл жерге басқа компаниялар да келіп көмектесіп, техникаларын бөлді. Біздің мекемеге дамбы тұрғызу жұмыстары тапсырылды. 13 техниканы жалға алдық. Маусым айынан бастап 625 млн. теңге төленетіні айтылды. Алайда, ол мәселе шешімін таппай отыр. Тапсырыс беруші әр нәрсені сылтау етіп тексеретінін айтты. Соңында тек 6 километр аумаққа 234 млн. теңге ғана өтейтінін жеткізді. Шындығында, «Казстройсервис», «Евробетон» және тағы да басқа компаниялардан келген көмекті Ақсай-2, Ақжар-2, Жаңакірпіш ауылдарына жіберіп отырдық. Біз өзіміздің жұмысымыздың нәтижесін күн сайын осы 112-бекеттің үйлестірушісі, облыстық мәслихат депутаты Әлібек Семғалиевке хабарладық. Атқарылған жұмыс бойынша өзімізді дәлелдегенімізбен, қалалық әкімдік істі сотқа жіберетіндерін айтты. Сонда еңбегіміздің зая кеткені ме? Кейбір техникаларды жалға алғаннан кейін олардың басшылары да ақыларын сұрауда. Жалпы, бұл жұмысқа 33 арнайы техникамыз жұмылдырылды,-дейді  Әсемғали Аязбайұлы.

Соңғы шешім – сотта

Ал, қалалық әкімдіктің өкілдері Соколок аумағында болған арнайы техникаларға 166 тонна дизель отыны берілгенін айтып отыр. Яғни, бұл нысандағы іс-шараларға басқа компаниялар да демеушілік көмек көрсетіп, техникалардың отындарының ақысын да әкімдік төлеген.

– Бастапқыда жұмыстың барлығы демеушілік көмек көрсетуден басталды. Соның арасында «AGK Групп» ЖШС де болды. Оның үстіне, бюджет қаржысына құзырлы органдар тексеріс жүргізген кезде ауылдық округ әкімін кінәлауы мүмкін. Сол себепті, біз мемлекет қаражатын оңды-солды жұмсай алмаймыз. Ал, кәсіпкермен арадағы мәселенің соңғы шешімін сот шығарғаны дұрыс деп есептеймін,-деді қалалық қаржы бөлімінің басшысы Серік Демегенов.

Ешкімге абырой  бермейтін әрекет

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, жұрттың назарын аудартқан мәселені сотқа дейін жеткізу ешкімге абырой әкелмейді. Сондықтан, қиын-қыстау шақта тәуекелге бел буған кәсіпкердің құқығы тапталмауы тиіс. Оның үстіне, осындай маңызды жиындарға жауапты мамандардың қатысуы керектігін ескертті.

– Шын мәнінде, біз жасалған жұмыстың нақты көлемін біле алмай отырмыз. Таңғы 8-де келіп, түнгі 3-те үйіне қайтып, күндіз-түні осы аумақта жүрген азаматтардың маңдай тер ақысын бермеу халықтың билікке деген сеніміне селкеу түсіретіні анық.  Сотқа барғаннан не ұтамыз? Ресми отырысымыздың мақсаты да сол – істі сотқа дейін жеткізбеу. Қазір қолына телефон ұстап, ақ-қарасын ажыратпай, елді дүрбелеңге салып отырған блогерсымақтардың «дәуірінде» мұндай жағдайды бәзбіреулер теріс мақсатта пайдаланып кетуі ықтимал. Жұрт жұмылып еңбек еткенде жергілікті атқарушы билік соның барлығын неге бақылауға алмады? Бүгінде барлығын қорытындылап, қос тарап та разы болып, еліміздің аман қалғанына қуанудың орнына соттасқанымыз қалай?-деді Сәрсенбай Хамидоллаұлы.

Р.S: Әрине, қос тараптың да айтар өз уәжі бар. Кәсіпкер осы аумаққа барлық күш-жігерін жұмсап, кейбір техникаларды жалға алғанын айтады. Ал, жергілікті атқарушы билік осынша көлемді бір серіктестік аяқтағанына күмәнмен қарайды. Десек те, шешілмейтін мәселе жоқ. Демеушілік көрсеткен компаниялар тегін қолдау білдіргенін растаған жағдайда «AGK Групп» ЖШС-не тиісті қаражат төленуі мүмкін. Мұны құзырлы органдар да қолдап отыр. Соған қарағанда даулы мәселенің соңғы нүктесі қойылар күн де алыс емес сияқты…

*Сіз не дейсіз?

Шапхат Қалиев,

Қайыршақты ауылдық округінің әкімі:

–Жеке кәсіпкер Әсемғали Қуанышев көршілес ауылдың азаматы. Оны бұрыннан танимын. Жұмыс жасауға өзінің техникаларымен келді. Осы жердегі 112-бекеттің үйлестірушісі Әлібек Семғалиевпен бірлесе қоян-қолтық еңбек етті. Жұмыс жақсы атқарылды. Бірақ, нысанды қабылдар кезде Әсемғалидың мекемесі секілді компаниялардың жұмыс істегенін білдім. Мен сол уақытқа дейін барлық техникаларды «AGK Групп»-тыкі деп ойлаған едім.

Өздеріңіз білетіндей, Соколок жағынан қауіп басым болды. Сондықтан, ең бастысы, елді тасқыннан аман алып қалуға назар аударылды. Бюджет қаражаты болғаннан кейін оның мақсатсыз жұмсалуына жол бере алмаймыз. «AGK Групп» ЖШС-мен келісім-шарт 16 шақырымға жасалды.

Мәди Жұмабаев,

қалалық прокуратураның бөлім бастығы: 

– Мені мазалайтыны, келісім-шарттың қай уақытта және қалай жасалғандығы. Қалалық әкімдіктің өкілі компанияның қалай таңдалғаны жөнінде бейхабар екендігін айтып отыр. Екіншіден, шарт неге 16 шақырымға жасалған? Осы мәселеде күмәнді сұрақтар көп. Егер демеушілік көмек көрсеткен компаниялар өздерінің шынымен тегін көмектескенін құжат арқылы растайтын болса, ешкім де дау туғызбайды деп ойлаймын.

Айбөпе САБЫРОВА

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button