ДАЛАДАҒЫ ДҮБІР
Егіндік көбейіп, өнім молаяды
Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайреден Наубаевтың мәлімдеуінше, ағымдағы жылы мұндағы егіс алқабының аумағы 2400 гектарды құрайды. Оның 600 гектарын көкөніс, 300 гектарын бақша, 400 гектарын картоп және 1100 гектарын мал азықтық дақылдар егістігі қамтиды. Өткен жылы ауданда тамшылатып суару тәсілімен баптап-күтілген егіндіктің ауданы 800 гектарға дейін (алдыңғы жылғыдан 55 пайызға артық) ұлғайтылса, үстіміздегі жылы оның көлемін 900 гектарға жеткізу көзделген.
Мұның сыртында, бюджеттік бағдарламалар шеңберінде ұсынылған жобаларды қаржыландырып, егін шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттен 202,2 млн.теңге (несие және субсидия түрінде) бөлінбек. Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстарында пайдаланылатын минералды тыңайтқыштарға қатысты сұраныстар нақтыланып, оны 50 пайыз жеңілдікпен сатып алуға келісім-шарттар жасалынған. Осылайша, ауданда 30-ға тарта шаруашылықтан 630 тоннадан астам минералды тыңайтқышқа өтінім түскен. Қазірдің өзінде осы сұраныстың бастапқы бөлігін тұтынушыларға жеткізіп берудің қамы жасалуда.
Техникадан тапшылық болмайды
Қайреден Көбенұлының айтуынша, биылға жоспарланған егістік жердің тең жартысынан астамы (1500 гектары) былтырғы күзде жыртылып, сүдігері көтеріліп, су жүйелері қалпына келтіріліп, тұрғызылып қойылған. Науқанды жұмыстарды атқаруға көлік-техникасы тапшы шаруагерлерге «Тұрмыстық қызмет» ЖШС-і арқылы көмектесу ойластырылған. Жалға берілетіндігі ескеріліп, оларды пайдаланғаны үшін төленетін ақы мөлшері де едәуір жеңілдетілген (мәселен, жер жыртқаны үшін сағатына 7000 теңге алынады).
Бұдан бөлек, жеті шаруашылық құрылымы «ҚазАгроҚаржы» АҚ Атырау филиалы арқылы лизингке 61,6 млн.теңгенің ауыл шаруашылығы техникаларын алуға қарекеттенсе, шаруагерлердің енді бір тобы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ АФ-ның көмегімен 10 млн. теңгенің несиесін алып, егіншілікпен шұғылдануға бет бұрған. Сол секілді, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісім-шартқа отырған бес шаруашылық 132 млн. теңге сомасында несие қаражат алуға қол жеткізген. Олар алдағы күзде бұл қарыздарын жинаған өнімдерінің есебінен қайтармақ. Өңір шаруагерлері үшін дизель отынының бір литрі 69 теңгеден босатылатын болып белгіленген.
Ауылдың бәрінде картоп өсіріледі
Және бір білгеніміз, ел ішінде екінші нанға, бағаланған бір ғана картоп егістігінің көлемін 400 гектарға дейін көбейтіп, одан мол өнім жиюды да махамбеттік диқандар өз міндетіне алған. Сонымен қатар, мал азығының қорын ауданның өз аумағынан жасақтау мақсатында 2015 жылы көлтабанды ал-қаптардың көлемін 4700 гектарға жеткізу межеленген. Сөйтіп, жалпы саны 80-ге тарта шаруа қожалығы оның игілігін көреді деп есептелінуде.
Тұтынылған суға субсидия төленеді
Егіншілікпен айналысатын шаруашылықтардың 70 пайызына тұтынылатын су аудан аумағында орналасқан суландыру жүйелері арқылы жеткізіледі. Ол үшін әрбір шаруашылық құрылымы «Қазсушар» РМК аудандық бөлімшесімен келісім-шарт жасасып, есептесіп отырады. 2014 жылы ауданда канал суын пайдаланған 44 шаруашылыққа 93,8 млн.теңге көлемінде субсидия төленген. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, 2420 гектар көлтабанды жерді суландыру, 944 гектар егістікке берілетін судың (12670,2 текше метр) шығындарын жабуға тағы да 95,5 млн.теңге сомасында қайтарымсыз қаражат бөлу жоспарланған.
Дәулетқали АРУЕВ,
Махамбет ауданы.