ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ – БЕРІК ҚАМДАНЫС
Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет идеясын жүзеге асыруға бағытталған бес институционалдық реформаның құндылығы өлшеусіз. Бұл маңызды құжаттың қай тарауын, қай тармағын алып қарасақ та, өркен жаяр елдің келешегі мен әр азаматтың қоғамға тигізер пайдасы нақты көрсетілген. Бұл ретте қай-қайсымыз да қолымыздан бәрі келетінін сөзбен емес, іспен дәлелдей білуіміз қажет-ақ. Отанымыздың абыройын асырып, экономикасын өрістету – ортақ мақсат.
Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін Елбасымыз шағын және орта бизнесті дамытуға баса назар аударып отыр. «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасында да кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Біз шағын және орта бизнес иелерінің мүддесін қорғауға күш салып келеміз. Бұл Парламенттегі біздің партиялық фракция депутаттарының іс-қимылынан айқын аңғарылуда. Олар әркез кәсіпкерлерді толғандырған өткір проблемаларды көтеріп, оларды шешу жолдарын ұсынып келеді.
Бұдан бөлек, әлемді шарлаған дағдарыстан қорғанудың тағы бір жолы ретінде салық және кеден жүйелерін оңтайландыру мен жетілдіруді ұсынар едім. Ол үшін, біріншіден, индустрияландыру және экономикалық өсім деңгейін көтеруіміз қажет. Екіншіден, Елбасының өзі атап көрсеткендей, заң үстемдігін қамтамасыз етуді қатаң басшылыққа алу керек. Үшіншіден, мемлекет өз-өзіне есеп бере білу керек. Бұл не деген сөз? Демек, әр азамат, әр қызметкер, әр маман, әр жас, әр зейнеткер өз ісіне есеп беріп отырса, елдің де ырыс-ынтымағы арта түсері анық.
Ермекқали ЮСУПОВ,
«Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының төрағасы.