Болашаққа жұмсалған инвестиция
Қаңтар айының 30-ынан бастап балаларға ұлттық қордан ақша түсті. Бұл жолы жоба аясында 18 жасқа толмаған әр балаға 129 АҚШ долларынан аударыла бастады. Өңірдегі 277 мыңнан астам баланың шотына 27 миллион 867 мың АҚШ доллары жіберілген. Оның 1 миллион 117 мың АҚШ доллары былтыр 18 жасқа толған 11 117 атыраулыққа төленген.
Жақында ақпараттық порталдардан осындай жаңалықты көзім шалып, арнайы сайт арқылы балалардың есепшотын бақыладым. Айтқандай-ақ, белгіленген қаражат мөлшері шотқа түскен екен. Ал өткен жылы түскен қаржыны 18 жасқа толған жастар оқу ақысын төлеу кезінде қолданып, игілігін көрген болатын.
Елімізде бірнеше сақтандыру қоры жұмыс істеп тұрғанмен, баланың болашағына инвестиция жұмсауға, оқуына ақша жинауға әлі енжарлық танытатынымыз жасырын емес. Енді «Ұлттық қор-балаларға» арқылы мыңдаған атыраулық жас келешекте сапалы білім алу үшін мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті пайдалана алады.
Өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету – ел саясатының басымдыққа ие бағыттарының бірі. Қазір мыңдаған отбасы баланың дүниеге келген сәтінен бастап оның ер жеткеніне дейін мемлекеттің қолдауына сенімді бола алады. Айталық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы жас азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ білім алуына жан-жақты жағдай жасап, табысты болуларына бағытталған. Өткен жылдан бастап жылма-жыл қазақстандық балаларға 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық табысты қоса алғанда, Ұлттық қордан қаражат аударылып келеді.
Былтыр аталған бағдарламаға 6 919 131 адам қатысып (2006-2023 ж.ж. туған балаларды қоса алғанда), олардың әрбірінің шотына 100,52 АҚШ доллары жіберілді. Аударылған ақшаның жалпы сомасы – 695,5 млн АҚШ доллары. Тұтастай алғанда, осы бағдарламамен қамтылғандардың жалпы санынан 304 815 адам 2024 жылы 18 жасқа толып, оларға жалпы сомасы 30,6 млн АҚШ доллары аударылған.
Райхан МҰҒАУИНА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті экономика кафедрасы, РhD қауымдастырылған профессор
Сурет: fingramota.kz