Жарнама
Экономика

Болашаққа бөлінген қаржы

Атырау облысында экономикалық өсімді ынталандыру және халықтың өмір сапасын арттыру мақсатында 27,8 миллиард теңге көлемінде бюджет қаржысы инвестициялық жобаларға бағытталмақ. Бұл туралы облыстық экономика және қаржы басқармасының ресми мәліметінде хабарланды. Қаражаттың негізгі бөлігі білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы инфрақұрылымдарды жаңғырту мен кеңейтуге жұмсалатын болады.

Жоспарланған шығындардың ең ірі бөлігі – 13,7 млрд теңге – білім беру саласына тиесілі. Экономикалық тұрғыдан бұл қаржы болашақ еңбек нарығының сапасын қамтамасыз ететін адами капиталды дамытуға бағытталған маңызды инвестиция саналады.

Атап айтқанда, жаңадан ашылған мектептер мен арнайы консультациялық орталықтарды ұстап тұруға 1,7 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «1300 мектепті реновациялау» ұлттық бағдарламасы шеңберінде облыс мектептерін күрделі жөндеуге 3,37 млрд теңге қарастырылған. Бұл құрылыс және жөндеу секторында қосымша жұмыс орындарын құру арқылы өңірлік экономикаға мультипликативті әсер етеді.

Сондай-ақ, күзгі-қысқы дайындық, ағымдағы және күрделі жөндеу, бейнебақылау жүйелерін орнату мен материалдық-техникалық қамту шараларына 3,86 млрд теңге бөлінуі – жергілікті кәсіпорындар мен қызмет көрсетуші секторлардың жүктемесін арттырып, экономикалық белсенділікті жандандырады.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Махамбет ауданындағы ауылдық бөбекжай-бақшаларға жөндеу жүргізу үшін 656,9 млн теңге бөлініп, ауыл экономикасын дамыту мен қызмет көрсету сапасын арттыруға негіз қаланады.

Экономиканың тұрақты дамуы дені сау қоғаммен тікелей байланысты. Осы орайда, облыс бюджеті денсаулық сақтау саласына 1 145,2 млн теңге бағыттамақ. Атырау облыстық инфекциялық ауруханасының жөндеу жұмыстары үшін 626,9 млн теңге және фтизиопульмонология орталығына оттегі станциясын орнатуға 199,6 млн теңге бөлінеді. Бұл медицина саласының инфрақұрылымын жақсартуға жол ашып, ұзақ мерзімді экономикалық тиімділікке әкеледі.

1,57 млрд теңге әлеуметтік көмек пен қамсыздандыру саласына жұмсалмақ. Бұл қаражат еңбекке жарамсыз немесе әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған. Мақат кентінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын ашу және №1 әлеуметтік көмек көрсету мекемесін жөндеу жұмыстары, сондай-ақ қажетті медициналық жабдықтарды сатып алу – әлеуметтік қызмет сапасын арттырумен қатар, осы салада жұмыс істейтін кадрлар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Жалпы алғанда, бөлінетін 27,8 млрд теңге – бұл тек шығын емес, өңірлік экономиканың түрлі салаларындағы мультипликативті әсері бар қаржылық серпін. Бұл қаржы құрылыс, қызмет көрсету, жабдықтау, логистика және басқа да байланысты секторлардың дамуына ықпал етпек. Сонымен қатар, инфрақұрылымның жаңаруы мен сапалы адами капиталдың қалыптасуы – өңірдің ұзақ мерзімді экономикалық әлеуетін нығайтады.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button