Бизнеске – бес жүз миллион
Атырау аймағында шағын және орта бизнесті дамытуға 500 млн. теңге мемлекеттік грант және екінші деңгейдегі банктердің несиелері бойынша субсидия берілмек.
Облыстық кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасының баспасөз қызметі аталған соманы «Даму» қоры бөлгендігін мәлімдеді. Өңірлік шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында екінші деңгейдегі банктерден несие бойынша 313,5 млн. теңге субсидия алу үшін тоғыз жоба мақұлданды. Сегіз жоба 22 млн. теңге көлемінде мемлекеттік грант алды. Грант алуға байқауға қатысу үшін кәсіпкерлерден барлығы 23 өтінім түскен. Ағымдағы жылдың басынан бастап комиссия 233 жұмыс орнын құра отырып, 1,7 млрд. теңгеге кредиттеу арқылы 46 жобаны мақұлдаған.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен ынтымақтастық туралы шарт жасалды, соның аясында шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 250 млн. теңге бөлінді. Бұл соманы «Даму» қоры бөлді, несиенің жалпы сомасы – 500 млн. теңге. Ол кәсіпкерлерге екінші деңгейдегі төрт банктен беріледі. Кредиттің ең көп сомасы – 50 млн. теңге. Кәсіпкерге жылдық 8,5 пайызбен жеті жылға беріледі», — делінген хабарламада.
Мәлике МӘЛІК.