Жарнама
Экономика

Біздің еңбегіміз – ел болашағы үшін!

“Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керек”. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап айтқан бұл сөзі – әрбір саналы азаматтың жүрегіне жетіп, ел алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырады.

Біз күн сайын ел экономикасының негізін құрап отырған өндіріс саласында, еліміздің байлығын халық игілігіне айналдыру жолында еңбек етіп жүрміз. Қоғам жаңғыруы үшін – еңбек адамының санасы, болмысы да жаңғыруы керек. Бізге тек мұнай өндіріп қана қоймай, технологиялық тәртіпті, экологиялық жауапкершілікті, қауіпсіздік мәдениетін де бірге дамыту міндеті жүктеліп отыр.

Президент Жолдауда реформалардың салмақты әрі сапалы түрде жүзеге асуы керектігін баса айтты. Бұл сөздер – біздің салада да өте өзекті. Мұнай-газ саласы күрделі әрі үнемі жаңарып отыруды қажет ететін сала. Сондықтан біз де жаңа тәсілдермен жұмыс істеуге бейімделіп, цифрлық шешімдерді меңгеріп, қауіпсіздік пен тиімділікті бірінші орынға қоюымыз керек.

Мемлекет басшысы елімізде саяси жүйе өзгеріп, азаматтардың сана-сезімі жаңарып келе жатқанын да айтты. Мен де осыны өндіріс алаңында байқап жүрмін. Бүгінде жас мамандар өз ісіне жауапкершілікпен қарап, білім мен тәжірибені ұштастыруға тырысады. Бұл – оң өзгерістің нақты көрінісі.

Сондай-ақ Президенттің өскелең ұрпақ бақытты және берекелі өмір сүруге тиіс деген сөзі мені ерекше толғандырды. Өйткені біз еңбек етіп жүрген өндіріс тек бүгінгі күн үшін емес, ертеңгі ұрпақ үшін жұмыс істеуде. Бүгінгі біздің табанды еңбегіміз – болашақтың іргетасы.

Елде жаңа өндіріс орындары ашылып, инфрақұрылым дамып, инвестиция тартылып жатыр. Біз бұл жұмысты тек сырттай бақылаушы емес, тікелей атқарушы ретінде қабылдаймыз. Әрбір баррель мұнай, әрбір инженерлік шешім – ел дамуына қосылған нақты үлес.

Президентіміз “Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры” — деп атап өтті.
Бұл – жай сөз емес, бұл – нағыз еңбек адамына арналған үндеу. Сол үндеу аясында біз ел игілігі үшін адал еңбек ете береміз.

Осы орайда Мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсу – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін де алға қойды.

«Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет, бұл — анық нәрсе. Сондықтан мен 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтары жылы” деп жарияладым», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шын мәнінде, бұл – өндіріспен тікелей айналысып жүрген біз секілді еңбек адамдары үшін үлкен қолдау әрі жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай назар – жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеріп, келешек ұрпақты еңбекке деген құрметпен тәрбиелеуге ықпал етеді.

Президент атап өткендей, бүгінде елімізде мыңдаған бос жұмыс орны бар. Жалақысы жоғары, нақты кәсіпті меңгеруді қажет ететін бұл орындарға шетелдік мамандар келіп жұмыс істеуде. Ал өз түлектеріміз мамандықтары бойынша жұмыс істемей, тез табыс әкелетін салаға кетіп жатады. Бұл үрдіс ел экономикасына да, ұлт болашағына да тиімді емес.

Сондықтан жұмысшы еңбегін бағалау, жастарды нақты өндіріс саласына тарту, оларды тұрақты қолдау — барша қоғамның, әсіресе, еңбек ұжымдарының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.

Гүлшара ОҢДАШЕВА,
“Ембімұнайгаз” АҚ “Жылыоймұнайгаз” МГӨБ
Мұнай-газ кен орнын игеру және геология бөлімінің геологы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button