Жарнама
Экономика

БІЗ – ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІМІЗ

 

Елбасы, ең алдымен, Индустрияландыру жобаларының өнімдері қойылған көрме жұмысымен танысты.

Онда Мемлекет басшысына «Қазақстанда жасалған» белгісімен шығарылатын отандық өндірістің тауарлары таныстырылды. Бұдан басқа, Елбасы ірі өндірістер көрмесін де аралады.

Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев Елбасына холдингтің қолдауымен жүзеге асырылған бірқатар ірі жобаларды таныстырды.

Елбасы көрме залын аралап болғаннан кейін, жұртшылық жиналған залға келіп, жиынды ашты. Елімізде осыдан бес жыл бұрын басталған индустрияландырудың бірінші бесжылдығы қорытындыланғандығын, екінші бесжылдықтың жарияланғандығын атап көрсетті.

Үкіметтің Индустриялық-инновациялық даму және «Нұрлы Жол» бағдарламалары бойынша есебін тыңдау үшін бірінші сөз кезегі Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевке берілді.

Ә.Исекешев өз сөзінің басында еліміздің индустрияландыру бағытындағы екі бесжылдығының тоғысқан тұсы әлемдік экономиканың күрделі кезеңіне тұспа-тұс келгендігін, түрлі геосаяси шақырулар, мұнай мен металл бағаларының құлдырауы, Ресейге қарсы қолданылып отырған санкциялар, Қытай экономикасы өсімінің баяулауы – міне, осының барлығы қосыла келіп, Қазақстандағы индустрияландыру ісіне, бүтіндей алғанда, отандық экономикаға қиыншылықтарын тигізгендігін айтып өтті.

Мұнан кейінгі сөз кезегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевқа берілді.

– Қазіргі уақытта Мемлекеттік бағдарламаның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту, кәсіпкерлік субъектілерін қолдау, құрылымдық реформалар арқылы институттық даму мен электр энергетикасы және білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту сияқты негізгі бағыттар іске асырылу үстінде, — деді Е.Досаев.

Телекөпір аясында жаңа индустриялық және инфрақұрылымдық нысандар арасында бірінші болып, Индустрияландыру күні аясындағы телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Теміртаудағы №3-ші домна пешінің инновациялық жабдықталған жобасы мен Өскеменде кеуекті титан блоктарын қосақтап сығымдайтын теңдессіз жобаны іске қосуға рұқсат берді.

Сондай-ақ, телекөпір барысында Мемлекет басшысына жаңа индустрияландыру аясындағы телекөпірде «Нұрлы Жол» бағдарламасы тұрғысындағы инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысы да таныстырылды.

Телекөпірде Ақтау портын солтүстік бағытқа кеңейту жұмыстары бойынша қосымша үш жағалауды кеңейту, астық терминалын салу, қосымша инфрақұрылым нысандары салынатыны да айтылды. Ол арқылы порттың өткізу мүмкіндігін жылына 3 миллион тоннаға арттырады. Астық пен басты жүктер, контейнерлік жүктер тасылады. Терминалдың аумағы 22 гектар. Онда 700 адамға жұмыс орны ашылды. Мұнымен бірге Астанада көліктік-логистикалық орталық құрылады. Бұл құрылыс – Қазақстанның көліктік-логистикалық құрылымын дамыту мақсатында басталған жоба. Онда жүк тасымалдаудың кешенді қызметі, көліктік-логистикалық орталықтар желісі бірыңғай атқарылады. Ол жалпы қалыпты температураны сақтайтын қойма, сауда-дистрибуциялық орталық, контейнер алаңы жұмыс істейді. Аталмыш орталық аймақтардың терминалдық шешімдеріне жауап береді.

Шараның соңын ала, шағын және орта бизнес пен арнайы экономикалық аймақтарға да кезек келді. Қазіргі таңда еліміздің бірқатар өңірлерінде арнайы экономикалық аймақтар құрылып жатқаны мәлім. Соның бірі Ақтөбеде ашылды. 

Жиналғандарға арнаған сөзінде Қазақстан Президенті бірінші өнеркәсіптік бесжылдық кезінде шамамен 33 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылып, оның жартысы елді индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасына тиесілі болғанына назар аударды.       

– Салынып  жатқан  өндірістер ертең экономикамызға жаңа тауарларды шығаруға мүмкіндік береді. Қазақстанның экспорттық қуатын ұлғайтатын болады. Елімізді тауарлармен қамтамасыз етіп, халқымызға жаңа жұмыс орындарын береді. Осынау қиын-қыстау кезде жүзеге асырып жатқан біздің барлық жобаларымыз ертең еліміздің игілігі үшін жұмыс істейтін болады, — деді Елбасы.

Мемлекет басшысы индустрияландырудың екінші бесжылдығы бұрынғыдан да нақтырақ көрініске ие екенін айтты.

– Басымдығы бар алты сала анықталды, олар – мұнай өңдеу және металлургия кешені, тамақ және химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік жабдықтар және құрылыс материалдары өндірісі. Бәрінің негізінде кластерлік тәжірибе жатыр. Жаңа бағдарламада біз бірінші бесжылдықтың сабақтарын барынша ескеріп, жинақталған тәжірибені қолдануға тырыстық, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бүгінде өңдеу өнеркәсібінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 22 жаңа жоба жүзеге асыруға дайындалып жатқанына атап өтті.

– Жүйе құраушы бірқатар ірі жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, «Рено-Ниссан» альянсымен бірлесіп, толық циклды автозауыттың және автоқұрамдауыштар шығаратын технопарктің құрылысы іске қосылады. Италияның «Тенарис» компаниясы премиум санатты құбыр өндіретін зауытқа инвестиция салады. Ағылшындық «Дандо Дрилингпен» бірлесіп, бұрғылаушы қондырғылар өндіретін зауыт іске қосылады. Ресейлік «Еврохим» минералдық тығайтқыштар өндіруді жоспарлап отыр. Канаданың «Куду Индастриз» компаниясы мұнай-газ саласына арналған винтті-сорғылар өндірісін  жолға  қоюға ниет етті. «Жібек жолы» бағдарламасы бойынша ынтымақтастық аясында қытайлық серіктестермен жобалардың үлкен бір тобы жүзеге асырылуда, —  деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыруды «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы елді әлемдегі барынша дамыған 30 мемлекет қатарына қосу жөніндегі басты мақсаттарына жетуге бағытталған бүкіл мемлекеттік саясатының өзегі ретінде атады.

Қазақстан Президенті жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тиімділігі мен өнімділігін көтерудің қажеттілігін атап айтты.

– Бұл үшін ұқыпты өндіріс жүйелерін, роботтандыру және автоматтандыру элементтерін енгізу, технологиялық желілерді жаңғырту талап етіледі. Әсіресе бұл біздің металлургия, мұнай өңдеу, химия сияқты дәстүрлі салаларымызға қатысты, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан үшін түбегейлі жаңа – мұнай-газ химиясы, автомобиль құрастыру және тағы басқа өнеркәсіп салаларын құру мен дамытудың маңыздылығына тоқталды.

– Мұндағы шешімнің мәні – жаһандық ойыншылармен бірге бірнеше ірі стратегиялық жобаларды жүзеге асыру. Үкіметке, ұлттық холдингтерге осындай жобалардың тізбесін анықтап, оларды жүзеге асыруға жауаптыларды бекітуді тапсырамын. Заманауи технологияларға, компетенциялар мен жаһандық өткізу нарықтарына қол жеткізу үшін 10 трансұлттық корпорация мен «зәкірлі» инвесторлар тартуды қамтамасыз ету керек, — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі, машина жасау сияқты секторларда отандық бизнесті дамытып, бәсекеге қабілетті өнім жасау және сыртқы нарықтарға шығу үшін зор әлеует бар екеніне назар аударды. Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Ұлттық чемпиондар» жобасын жүзеге асыру тапсырылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тікелей елімізбен байланыстырылатын және оның халықаралық аренадағы имиджіне оң ықпал ететін өз брендімізді әзірлеудің маңыздылығын айтты.

Қазақстан Президенті ықпалдастық аясында, әсіресе Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейдің, Орталық Азияның, Қытайдың, Үндістан мен Иранның шекара маңындағы нарықтарына шығу үшін мейлінше ауқымды жұмыстарды бастаған жөн екенін атап өтті.  Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев ДСҰ-ға мүше болу экономикамыз үшін жаңа көкжиектерге жол ашатынына назар аударды.

– Бір жағынан, бұл біздің кәсіпорындардың шетелдік алып нарықтарға шығуын, екінші жағынан, тұтынушылардың көптеген тауарлар мен қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік аламыз. Біздің міндетіміз – Қазақстан компанияларының жаңа жағдайға тезірек бейімделіп, ДСҰ-ға кіруден мейлінше пайда табуына көмектесу, — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы болашақ ұрпақ игілігі үшін ұзақ мерзімге жалғасатын нәтижелерге бағытталған «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатының айрықша маңыздылығын атап өтті.

– Бізді ел ішінде 7 мың шақырым автожолдар салу және жөндеу жұмыстары күтіп тұр. Алдағы 3 жылда бағдарлама мақсатына 20 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалады. Оның үштен бірінен астамын халықаралық қаржы институттары бөледі. Төрт жыл ішінде бағдарлама ІЖӨ өсімін 16 пайызға еселейді деп күтілуде. Қорытындысында 2019 жылға қарай біз ірі қалалар арасындағы жолға кететін уақытты үш есе қысқартып, елдің біртұтас энергетикалық жүйесін қалыптастыруды және ең бастысы, бүкіл экономикамызды ортақ нарыққа біріктіруді көздеп отырмыз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті «Нұрлы Жол» бағдарламасы өнеркәсіпті және қызмет көрсету саласын жандандыруға да мүмкіндік беретінін айтты.

– Бизнесімізге бағдарлама жобаларының жүзеге асырылуына толыққанды атсалысуға мүмкіндік беру үшін жергілікті құрамды күшейту қажет. Ол үшін керекті азық-түлік, жатын орын, техникалық сервис сияқты заманауи қызметтерді дамыту өз кезегінде еліміз арқылы өтетін бағдарлардың тартымдылығы мен жайлылығын арттырады. Бұдан бөлек, біз қазақстандықтардың бірнеше буынына қызмет ететін жолдар салатын боламыз. Бұл үшін олардың тек сапалы салынуына ғана емес, ұдайы қолдау және күтім көрсетіліп отыруына көңіл бөлу керек. Үкімет бүкіл еліміздің жол-көлік инфрақұрылымының жай-күйі мен дамуына жауап беретін бірыңғай оператор қалыптастыруды ойластыруға тиіс, — деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында құрылыс, жер қойнауын пайдалану, энергетика және тасымалдау салаларындағы реттеу ісі озық халықаралық тәжірибелерге сәйкестендірілетінін атап өтті.

Соңында Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан барлық реформалар елімізді дамыта түсу үшін сапалық тұрғыдан жаңа жағдайлар жасауға бағытталып отырғанын айтты. – Отандық экономикамызда жекеменшік сектордың рөлін арттыру жолындағы мемлекеттің жүйелі қадамының бірі осы. Бұл ел азаматтарының тұрмысын жақсартуға да септігін тигізетін болады. Бүгін біз айтарлықтай нәтижелер бар екеніне көз жеткіздік. Ендігі міндетіміз – ел алдына қойылған маңызды міндеттерді іске асыру, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.           

Елбасы сөзінің соңына таман халықпен ой бөліскендей болып, қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанымызды әлемге танытатындай бірегей брендтің жетіспей тұрғанын да тілге тиек етіп өтті.

«Әдетте, Жапонияны – күншығыс елі, Кореяны – таңғы шық елі, Нидерландыны – қызғалдақтардың отаны, Қытайды – аспан асты елі деп жатамыз. Қазақстанға да осындай атаулы бренд жетіспейді. Біз – Ұлы даланың перзенттеріміз. Біздің бабаларымыз осы далада өмір сүріп, көкке табынған. Тәңірі дегеніміздің өзі – көк аспан. Біздің туымыздың көк түсті болуының астарында да осындай сыр бар. Бірегей көк түс – еліміздің бірлігінің белгісі. Ендеше, бізге неге өзімізді Ұлы дала еліміз деп атамасқа», — деген ойларын білдірді. «Міне, осы тарихымыз бен жаңа брендті байланыстыра отырып, біз Қазақстанды жаңа Қазақстан ретінде танытуымыз керек», — деді.

Сөзінің соңында Елбасы индустрияландыру ісін жүзеге асыруда осы іске үлес қосушыларға, елімізге табыстар тіледі.

«Егемен Қазақстан».

3 шілде, 2015 жыл.

(Ықшамдалып алынды).

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button