БЕСІКТІДЕГІ ЛАГЕРЬ
Лагерге келісімен жастар «Сарайшық», «Үйшік», «Тас кешу» топтарына бөлінді. Әр топта бір жол нұсқаушыдан болды. Бес бөлмелі бірқабатты үйлердің әр бөлмесіне сегіз адам орналасты. Мұнда бір сәт те бос өткізілмеді. Түрлі тақырыптағы тренингтер мен танымал тұлғалармен кездесулер, танымдық ойындар мен көңілді билер ұйымдастырылды. Лагер қонағы болған белгілі жазушы, жерлесіміз Рахымжан Отарбаев: — Жас кезінде адамның ерік-жігерінде шек болмайды. Жастар жер жүзін шарлап, бойға біткен шексіз мүмкіндіктерді іске асырғысы келеді. Өзім де алдамайтын арманымның артынан қуып, Қытай, Америка, Италия, Германия және Африка елдерінде болдым. Бірақ, он күн өтпестен туған жерді сағынып, қайта оралатынмын. Отанды сүйе біліңіздер, оған адал болыңыздар, — деген ағалық ақылымен бөлісті.
Атақты сазгер Илья Жақанов та осында. Бірақ, бәрінен бұрын облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның лагерге арнайы келуі жастар үшін күтпеген тосын сый болды. Ол өзінің сүйікті ісі мен жеке өмірі туралы қызықты етіп әңгімелеп берді.
— Мен ешқашан басшы болуға тырыспаған едім. Он үш жыл уақытта бес қалада жұмыс атқарған екенмін. Студент кезімде «Жас алаш» республикалық газетінде қатардағы тілші болып еңбек еттім. Кейін журналистік кәсіпті мемлекеттік қызметке ауыстыру оңайға соқпады. Өйткені, мемлекеттік қызметте жұмыс жоспары екі апта бұрын жазылып қояды. Бір сәтке де дамылдауға уақыт жоқ. Бірақ, журналистика арқылы жазуды үйрендім, сыни мақалаларды да жазып тұрдым. Мемлекеттік қызметші болған соң ғана жазудың жайы бір бөлек, ал, оны жүзеге асыру мүлде басқа екенін түсіндім. Бос уақытымды спортзалда өткізуге тырысамын.
Қазақ прозасы мен поэзиясына қатты қызығамын. Өзге елдерде болғанымда әдеби кітаптарды ала келемін. Бірде Стамбұлдан келе жатқанда «Ағылшынның үздік 50 оқиғасы» кітабы қолыма тиді. Осыдан соң «дәл сондай кітапты неге өзіміздің Атырауда жүзеге асырмасқа?» деген ой келді. Міне, нәтижесінде «100 үздік қазақ прозасы» мен «100 үздік қазақ поэзиясы» жинақтары жыл соңында баспадан шықпақшы. Мақсат ортақ, ол – жастарды жаппай кітап оқуға тәрбиелеу. Алайда, соңғы кезде көбейіп жатқан букмекерлік кеңселер қазір жастар арасында сәнге айналды. Ал, заң шеңберінде қызмет етіп жатқан ойын-сауық қеңселерін жабуға құқығымыз жоқ. Мұның бірден-бір шешімі – жастар онда бармауы керек, сонда өздері-ақ жабылады.
Әрине, жастар үшін жағдайдың бәрі жасалып жатыр деуге болмас. Алыс ауылдар мен шалғай аудандарда жастар демалатын орындар әлі де болса жоқ. Сондықтан, жастардың ең көп баратын жері кітапхана болуы тиіс. Себебі, олар барлық жерде бар, — деген Шыңғыс Жұмабекұлы жастарды спортпен айналысып, білімдерін шыңдауға шақырды.
Жас айтыскерлер домбырамен жыр арнап, шешендік өнердің сырымен бөлісті. Жастар садақ ату, футбол секілді ойындардан жарысты. Тіпті, дәстүрлі өнерді дәріптеуші «Қоңыр» тобы да келіп, сазды бағдарлама ұсынды. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мейірім Қалауи тәрбие мен тағылымға толы екі күнді жастармен бірге өткізді. Ол өз кезегінде игі бастаманың келесі жолы республикалық көлемде жалғасын табатынына сендірді.
Жас ақын Әнуарбек Садықов: — Лагерде көп достар тауып, білімімді жетілдірдім. Күнде-лікті өмірде көп айтыла бермейтін қызықты жайттарға қанығып, қоғамдық-саяси тұрғыда сауатымды аштым, — дейді. Ал, «Жас Отан» Жастар қанатының белсенді мүшесі Дана Баймағанбетова сонау Жылойдан келгенін айтады. «Ауданда белсенді жастар өте көп. Өкінішке орай, мұнда тек бесеуміз ғана келдік. Сондықтан, келесі жолы лагерге барушы жастар қатары көбейсе екен. Жастар осындай мүмкіндіктердің күн сайын беріле бермейтінін ескеруі керек» дейді ол.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.