Жарнама
Экономика

Бес киімнің төртеуі пластиктен жасалған

Осыдан үш жыл бұрын 461 миллиард АҚШ долларына бағаланған мұнай-химия нарығы бүгінде 672 миллиард АҚШ долларынан асып түскен. Сарапшылардың болжамы бойынша 2027 жылға қарай шамамен 800 миллиард АҚШ долларына жетпек. Ал, Wood Mackenzie этилен мен пропиленге деген сұраныс 2030 жылға қарай 29 пайызға өседі деген болжам бар. Ендеше, отандық мұнай-химия саласының адымы қандай?

Бүгінде елімізде келешегінен зор үміт күттіретін бірқатар инвестициялық жоба қолға алынып отыр. Айталық, көршілес Ақтөбе облысындағы азот тыңайтқыштарын өндіру жобасының қуаты жылына 1,3 млн. тонна карбамид шығаруға жетеді деп күтілуде. Құны 1,43 млрд. АҚШ доллары болатын маңызды бастамаға қазір лицензиар таңдалып жатқан көрінеді.

Ал, терефтал қышқылы мен полиэтилентерефталат өндірісінің қуаттылығы жылына 735 мың тонна полиэтилентерефталат өндіруге мүмкіндік береді. Оған шикізат ретінде Атырау мұнай өңдеу зауытының параксилолы пайдаланылады.  Бүгінде алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол қойылған. Енді оның келешек тағдыры туралы шешім қабылданбақшы.

Алысқа бармай-ақ қоялық, бұған дейін бірнеше жыл бойы «жабулы қазан» күйінде қалып келген, алайда, соңғы жылдары қайтадан қозғалып, іске қосылған іргелі жоба – полипропиленді қазір экспорттап жатқанымыз қуантады. Биыл алғашқы өнімдерін шығара бастағанына бір жыл толған кешен ТМД елдеріне, Еуропалық Одаққа, Түркия мен Қытайға өнім жеткізуді жолға қойды. Жыл соңына дейін зауыт толықтай өндірістік қуатына шықпақ. Яғни, межеленген 519 мың тоннаға жетпек.

Қоғамда жиі талқыланып жүрген полиэтилен жобасының құны 7,7 млрд. АҚШ долларына бағаланған болатын. Бұл зауыт іске қосылса жыл сайын 1,25 млн. тонна полиэтилен өзімізден өндірілмек. Маңызды жобаның 40 пайызы «ҚазМұнайГаз»-дың, 30 пайызы қытайлық «Sinopec»-тың және 30 пайызы ресейлік «СИБУР»-дың  үлесінде болмақ.

Иә, жұртшылық қытайлық компаниямен жақсы таныс болғанымен, ресейлік «СИБУР» туралы білетіндер аз. Расында неге басқалардың ішінен осы компания таңдалып отыр? «Energy Monitor» телеграм-каналының және жергілікті мұнай-химия саласындағы сарапшылардың хабарлауынша, «СИБУР»-дың полиэтилен өндірудегі тәжірибесі мол. Қазіргі уақытта ресейлік компания жылына 2,7 миллион тонна полиэтилен, 1,7 миллион тонна полипропилен өндіре алады. Былтыр «СИБУР» 7,3 миллион тоннадан астам мұнай-химия өнімдерін сатқан. 

Компания тәжірибесі мен маркетингтік арналары дамыған ТМД-дағы ең ірі синтетикалық полимер өндіруші болып табылады. Тағы бір дерек, Ресей компаниясы «Амур жобалары» бойынша «Sinopec»-пен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеген. Ал, қазақстандық компаниялардың мұндай жобаларды жүзеге асырудағы тәжірибесі шектеулі екенін ескерсек, сарапшылар жаһандық корпорацияларды тарту орынды қадам болғанын жиі айтып жүр. Өйткені, бұл жобалардың ең маңызды аспектісі – жұмыс орындарын құру және экономикалық дамуды ынталандыру.

– Біз қазақстандық компаниямыз. Бірақ, «СИБУР» Еуропа нарқына полимер өндірісімен жақсы таныс. Бренд деуге де болады. Егер біз ресейлік компаниямен жұмыс істесек нарыққа өзімізді танытуға да мүмкіндік туады. Қазір «КРІ»-ды шетелдік кәсіпорындар білмеуі де мүмкін. Сол себепті, «СИБУР»-мен серіктес болғанымыз өзімізге тиімді. Турасын айту керек, аталған компанияның екі басшысына санкция салынған. Алайда, компания қызметі кідіріссіз жұмыс істеп тұр, — деген еді бізбен әңгімесінде полипропилен өндіретін «КРІ» зауытының сарапшысы Садуохас Мералиев.

Бірде Атырауға сапары барысында танымал қоғам белсендісі, журналист Алмас Тоқабаев: «Біздің үстіміздегі бес киімнің төртеуі пластиктен жасалған. Күнде пайдаланатын он заттың сегізі полимер. Енді соны әлемдегі 7 млрд. адамға көбейтші. Не деген сұмдық масштаб! Пластик болмаса жалаңаш һәм жаяу қаламыз.

Ал, ол полимерлер кәдімгі газдан алынады. Көмірсутектен сутегінің атомдарын алып, химиялық құрамын өзгерткенде газ алдымен ұнтақ, соңынан пластик түйіршігі болып шыға келеді. Оны балқытып, кез-келген нәрсе жасай бер.

Бұл ақпаратты Атырауға барғанда алып қайттым. Көзбен көрдім. Мұнай алу үшін жағып жіберетін пропанды шикізатқа айналдыратын әйдік зауыт салыныпты. Құны – 2.6 млрд. АҚШ доллары.

«ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы KPI газ-химиялық кешені жылына 500 мың тонна полимер түйіршігін өндіруге арналған. Біздің нарықты толтырып, экспорттауға да әлеуеті жетіп тұр. Тапсырыс берушілер бар көрінеді. Анадай масштабты өндіріс пен оны шыр айналдырып отырған қыз-жігіттерді көріп үстімдегі 30% полимер көйлегімнің жағасын ұстап қайттым, — деген болатын.

 Иә, расында да қазір мұнай-химия саласы өңірде қарыштап дамып келеді. Енді қарапайым қаламсапты да, полимер ыдыстарды да өзімізден шығаруға жол ашылып отыр. Әлем «жасыл экономикаға» ұмтылғанымен, полимер мен полиэтилен әзірге қолданыстан кетпейді. Сондықтан, бұл нарықтың да «дәмін» татып, жемісін көрген жөн болар. Сіз қалай ойлайсыз?

Полиэтилен зауытын іске қосу инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді: Теңіздегі газ бөлу кешені құны 2,2 млрд. доллардан астам; Теңізден Қарабатанға дейін этан-пропан құбырының құрылысы (210 км); Газ турбиналық электр станциясының құрылысы.

Айбөпе Сабырова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button