Баспана бағасы – 13 млн. теңге
«Баспана» ипотекалық ұйымының мәліметтеріне қарағанда, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қазіргі уақытта Астана қаласының тұрғындарына сатылып жатқан пәтердің орташа құны 15 млн.270 мың теңгені құраған.
Ал, Атырау қаласындағы баспананың бағасы 13 млн. 480 мың теңгеге жетіп, Алматыдағыдан (мұнда 12 млн. 900 мың теңге) да асып түсті. Қазір аталған бағдарламаға қатысып, бағын сынаушылардың саны жағынан әзірге оңтүстік астаналықтар көш бастап тұр. Бүгінгі таңда республикамызда баспананың ең арзаны Қостанайда (7 млн. 400 теңге) екен. Бұдан кейінгі кезекте Ақтау қаласы (7,9 млн. теңге) мен Ақмола облысы (8,17 млн. теңге) келеді.
Биылғы 25 тамызға дейін Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтардың жалпы саны 1800-ден асып, 21,3 млрд.теңге сомасында тапсырыс беріліпті. Соның ішінде, 1190 адамның (тапсырыс көлемі 14 млрд.теңге) өтініші мақұлданған. Аталған бағдарламамен баспаналы болуға ниетті қазақстандықтарға несиелер «Центркредитбанк», « АТФ Банк», «Цесна Банк», «Bank RBK» және «Евразиялық банк» қаржы ұйымдары арқылы беріледі.
Дәулетқали Латифұлы