
Барлау жұмыстары жанданады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда көтерген жер қойнауын цифрландыру және геологиялық барлау саласына инвестиция тарту жөніндегі бастамалары — еліміздің ресурстық әлеуетін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам.
Жер қойнауына қатысты деректер – бұл жай ғана ақпарат емес, ұлт байлығының стратегиялық капиталы. Оны жүйелеп, заманауи цифрлық форматқа көшіру, әсіресе жасанды интеллект көмегімен талдап, картаға түсіру – салаға мүлде жаңа тыныс береді. Бұл қадам Қазақстанның жер қойнауы туралы нақты әрі толық мәліметтер базасын қалыптастырып, шетелдік және отандық инвесторларға сенімділік ұялатады.
Геологиялық барлау – көмірсутек шикізатына негізделген экономиканың болашағын анықтайтын сала. Бүгінде барлау жұмыстарының күрделілігі мен қымбаттығын ескере отырып, мемлекет тарапынан бұл бағытқа ерекше көңіл бөлінуі – дер кезінде көтерілген мәселе. Президент айтқандай, саладағы заңнамалық және әкімшілік реформаларды жеделдету – шұғыл қажеттілік.
Сондай-ақ, жоғары технологияларға 1 млрд доллар инвестиция тарту бағдарламасын әзірлеу бастамасы да – қазба байлыққа ғана емес, ақыл мен ғылымға негізделген жаңа экономиканы қалыптастыруға жасалған қадам. Бұл әсіресе мұнай-газ секторы үшін аса маңызды, себебі дәстүрлі өндірістің тиімділігін арттыру, экологиялық жүктемесін азайту және адами факторды оңтайландыру тек технологиялық жаңғыру арқылы мүмкін болады.
Енді бізге қажеті – нақты жоспар, нақты орындаушылар және мызғымас саяси ерік. Цифрландырылған геологиялық карта мен жасанды интеллект – Қазақстанның жер асты байлығын ұтымды әрі әділ игеруге мүмкіндік беретін сенімді құрал болмақ. Уақыт – бізден озып барады, ал біз оның көшінен қалмай, керісінше алдыңғы қатарға шығуға тиіспіз.
Нұрбек ІЗБАСОВ,
мұнайшы, экономист