Жарнама
Экономика

Бақтыбек ТАУБАЕВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры: «ИНТЕГРАЦИЯ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ»

— Қандайма жаңа идеялар туындаған кезде оны жақтаушы және даттаушылардың, былайша айтқанда, еурооптимистер мен еуропессимистердің пайда болуы — бұл заңдылық. Сондықтан, «бұдан бұрын Еуразиялық экономикалық одақты құру нендей қажеттіліктен туындады?» деген мәселеге тереңірек үңілгеніміз дұрысырақ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған одақты құру жөніндегі идеясы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Бұл одақтың барлық шарттары бізге ашық, белгілі. Онда ешқандай саяси мәселе қаралмаған. Оның үстіне, бүгінгідей алмағайып заманда қай мемлекет үшін де интеграцияның қажеттілігін өмірдің өзі дәлелдеп беріп отыр. Ең бастысы, біз экономикамызды дамыту үшін Ресейдің нарығын, Белоруссияның нарығын, басқа да нарықтарды тиімді пайдалана білуіміз керек. Егер біз мұхитқа шығатын, теңізге, Еуропаға тікелей шығатын ел болсақ, мүмкін, бұл одақ туралы айтпаған да болар едік. Міне, осының барлығын ескеріп, ел экономикасын одан әрі қарай дамыту, Еуропаға шығуды ойлай отырып, біз осындай Еуразиялық экономикалық одаққа барып отырмыз.
Тағы бір қосарым, одақтың негізгі мақсаты қазақстандық бизнестің әлемдік қаржы-экономикалық жүйесіне бейімделуіне және жаһандық бәсекелестікке қабілеттілікті күшейтуге бағытталған. Себебі, өңірлік интеграциялық байланыстарсыз кез-келген мемлекет өзінің экономикасын қарқынды дамыта алмайды, әрі әлемдік бәсекелестікке төтеп беру де қиын.
— Сөзіңіз аузыңызда. Ғаламдық бәсекелестік дегеннен шығады, Еуразиялық экономикалық одақ еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына енуіне қаншалықты жол сала алады?
— Міне, осы ұйымға кіру үшін де біздің елімізге ең алдымен экономикадағы бәсекелестік деңгейін арттырып алу маңызды. Тіпті, бір жылдары осы мәселеге орай, Әзірбайжанның белгілі сарапшысы Эльхан Шахиноглу өз сұхбатында «Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық одақ – кереғар дүние. Өйткені, Ресей Кедендік Одаққа ену арқылы өзінің ДСҰ-на кіру мерзімін ұзартып жіберді» деген еді. Бірақ, біз мынаны түсінуіміз керек. Қандайма дүниежүзілік алып ұйымға мүше боларда біздің мемлекетіміз оған алушы емес, беруші ел болып баруы тиіс. Бұл жағдайда бізге Еуразиялық экономикалық одақтың берер мүмкіндігі мол.
— Сіз бен біз әңгімелеп отырған мәселе бойынша, маңызды құжат-қа қол қойылатын күн де алыс емес. Осы орайда, одақ құрылғаннан кейін ел экономикасы алдыңғы кезекте сезінетін тиімділіктерді атап бере аласыз ба?
— Дайын өнімдерді экспорттауға, тасымалдап жүргізуге жұмсалатын шығындардың айтарлықтай азаюының арқасында тауарлардың бағасы төмендейді. Екіншіден, жалпы рынокта бәсекелестікке ынталандыру күшейтіледі. Дәл қазіргі жағдайда өзара одақтас үш елдің өнеркәсіптік тауарларына алыс нарықтарда сұраныс аса жоғары емес. Ал, біздің тауарларымыз бір-біріміздің сұранысымызды қанағаттандыруға жетіп жатыр. Шығынды аз жұмсай отырып, өнімділікті арттырудың нәтижесінде өндірісті өркендетуге жол ашылады. Осылайша, рыноктың кеңейе түсуі – жаңа технологиялар мен тауарлардың өнімділігін арттырады.
— Маман ретіндегі пікіріңізді біле отырсақ, әрі бұл оқырмандарымыз үшін де қызық мәселе. Еуразиялық экономикалық одақтың бастауы болған Кедендік Одақ елімізге не берді? Неден ұттық?
— Кеден Одағы құрылғалы Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібіне салынған шетел инвестициялары екі есеге жуық өсіпті. Тарқатып айтқанда, инвестиция көлемі 2009 жылы 1,8 млрд. доллардан 2012 жылы 3,4 млрд. долларға жетіпті. Жалпы, тікелей салынған шетел инвестициясының көлемі 34 пайызға артып, 28 млрд. долларға жеткен екен.
Атап өтер тағы бір жайт, соңғы жылдары еліміздің кондитерлік өнімдері мен шоколад экспорты үш есеге дейін артып кетті. Трансформаторлар экспорты тіпті он бір есеге дейін өсті. Цемент экспорты 16 есеге артты. Бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге де болады. Бастысы, Кеден Одағы шамамен 170 миллион адамдық қуаты бар ортақ рынок құрып берді. Былайша айтқанда, Қазақстан кәсіпорындары үшін рынок он есеге дейін кеңейді.
— Одақтың алға қарай қуат ала түсуі ұлттық валютамыздың болашағына қалай әсер етер екен?
— Қазақстан интеграциялық үдерістер аясында өзінің ұлттық валютасынан бас тартпайды. Еліміздің ұлттық валютасы теңге осыған дейін болды және алдағы уақытта да қолданыста жүре береді. Біз мынаны түсінуіміз керек: Әлемдегі интеграциялық үдерістер жеке бір адамның немесе жекелеген топтардың мүддесін көздеу үшін ұйымдастырылған дүние емес. Бұл — егеменді мемлекеттердің өзара келісімімен, бір-бірін қолдау, бір-бірінің өндірісіне, сауда айналымына кеңінен нарықтық мүмкіндіктер туғызу үшін, яғни елдің жан-жақты дамуына экономикалық, әлеуметтік, мәдени мүмкіндіктерді кеңейту мақсатындағы құрылым.
— Санаулы уақыттан соң Еуразиялық экономикалық одақ ресми түрде жұмысын бастайды. Жаңа экономикалық интеграцияға біздің еліміз қаншалықты дайын?
— Осыдан екі жыл бұрын Мәскеуде Қазақстан, Ресей және Белоруссия мемлекеттерінің басшылары үш елдің Үкіметі мен Еуразиялық комиссияға Кеден Одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің құқықтық базасын құрайтын халықаралық шарттарға кодификация жүргізуді және соның негізінде 2014 жылдың 1 мамырына дейін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт дайындауды тапсырған болатын. Бүгінде аталған мәселелер бойынша қарқынды жұмыстар жүруде.
Ерекше айта кетерлігі, бүгінде Еуразиялық экономикалық интеграцияға қатысқысы келетін мемлекеттердің қатары көбейіп отыр. Мәселен, Қырғызстан мен Армения тарапынан нақты қадамдар баршылық. Көршілес өзге де мемлекеттер Одаққа ену мәселесін ойланып отыр. Енді Бірыңғай экономикалық кеңістік құрғаннан кейін, кеденді бірыңғайландырғаннан кейін, аталған мәселелерге байланысты ортақ заңдар қабылданады. Бұл заңдар бізде де, Ресейде де, Белоруссияда да қабылданады. Осы заңдарды қабылдау кезінде біздер ұтылып қалмауымыз керек. Міне, осы жерде бізге заңгерлік біліктілік керек.

Сұхбаттасқан
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button