Жарнама
Экономика

БАҚТЫБЕК ТАУБАЕВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР: САПА МЕН БӘСЕКЕ – БАСТЫ МҰРАТ

 

Егер, біздің өндірген тауарымыздың өзіндік құны арзан, сапасы жоғары болса, өндіруші сөзсіз пайдаға кенеледі. Ал, керісінше өзіндік құны қымбат бола тұра, сапасыз өнім өндіретін болсақ, әлемдік нарық бізді қабылдамайды. Сондықтан, отандық өндіріс саласын үлкен сындардың күтіп тұрғанын атап өткім келеді. Өйткені, тұтынушының таңдауы сапасы жоғары, бағасы төмен болып келетін импорттық өнімдерге түсетіні белгілі.

Меніңше, Қазақстан әлемдік нарыққа дәстүрлі ауыл шаруашылығы  өнімдерін ұсына алады. Бірақ, біз аграрлық саладағы проблемаларды шешіп алуға тиіспіз. Ең алдымен, еңбек өнімділігін арттыру, сапа мәселесіне көңіл бөлу қажет. Ет, сүт, бақша дақылдарына жаңа технологияларды енгізу, өндірістің тиімділігін арттыру міндеті тұр. Сонымен бірге, сала кадрларын жетілдіру, жаңалықтарды енгізу, жерді тиімді пайдалану мәселелерін шешудің де көп жетістікке жол ашатынын түсінуге тиіспіз.

Осы орайда Атырауға болашақта үлкен мүмкіндіктер ашылатынын атап өткім келеді. Көп ұзамай Атырауда мұнай, газ-химия кешені жұмыс істейтін болады. Бұл кешен – әлемнің жаңа технологияларын жинақтаған орталық болмақ. Кешеннің қолданысқа енуі – еліміздің экономикалық, әлеуметтік тұрғыда дамуына жол ашады. Бірақ, біз дәл осы тұста кадр мәселесіне ерекше мән беруге тиіспіз. Отандық экономикаға креативті кадрлар керек. Істің тиімділігін құнттайтын технократтар қажет болады. Рас, дәл осы мәселеде Атырау мұнай және газ институтының жаңа басшылығы тарапынан көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Болашақта мұнай, газ-химия кешеніне қажетті мамандарды дайындауға осы институт тікелей араласады деген сенім бар. Бірақ, бүтін облыстың экономикасын бір кешенмен ғана байланыстыруға болмайды. Сондықтан, ғылыми жаңалықтарды айналымға енгізетін креативті, жаңаша ойлайтын мамандарды даярлау мәселесіне  жете мән беруге тура келеді. 

Бұл жерде біз ғылым, білім мәселесін текке қозғап отырған жоқпыз. Өйткені, кез-келген елдің дамуы ғылыммен тікелей байланысты. Осы орайда оқырман назарын мына мәселелерге аударғым келеді. Қазақстан ғылыми ізденістерге, іс-тәжірибелерге ішкі жалпы өнімнің 20 АҚШ доллары көлеміндегі мөлшерін жұмсайды екен. Ресейде мұндай көрсеткіш 100 АҚШ доллары болса, Америкада 999 АҚШ доллары. Нәтиже көзге ұрып тұр. Олар экономикалық тұрғыда қуатты. АҚШ әу бастан әлемнің алпауыты саналады. Ешқандай табиғи байлығы жоқ Жапония елінің өзі бізге үлгі болуы керек. Бірнеше аралдың үстінде тұрған мемлекет бір кездері атом бомбасы тасталып, үлкен қасіретті бастан өткерген ел. Бірақ, уақыт өте келе Жапония әлемнің алпауыт елдері санасатын қуатты мемлекетке айналды. Қазір Жапония өндіріп жатқан техника өнімдері әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие. Міне, ғылыми ізденістердің, ғылыми жаңалықтардың ғана мәңгі өлмейтін инвестиция екендігін Жапония әлдеқашан әлемге дәлелдеп қойды. Сондықтан, ғылыми зерттеулерді, іс-тәжірибелерді қолданысқа енгізу мәселесінде бізге Жапония сынды алыптардың тәжірибесін пайдалану артық болмайды.

Екіншіден, Дүниежүзілік сауда ұйымы нарықтық қана емес, еркін еңбек қатынастарына да жол ашады. Бұл интеграциялық жағдайда елімізге енді әлемнің түкпір-түкпірінен сауатты мамандар келе бастайды деген сөз. Қазақстанның шикізаттық тұрғыда тартымды ел екендігін ескерсек, енді бізге кадр мәселесінде өз еліміздің шеңберімен шектеліп қалуға болмайды. Бір ғана Еуразиялық экономикалық одақ аясында 1600 жоғары оқу орны бар екен. Бұл ендігі жерде жастарымыздың әлемдік деңгейде білім алуына жағдай жасау қажеттігін көрсетеді.

Рас, өзім еңбек ететін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде экономикадағы дереу өзгерістерге, бетбұрыстарға шұғыл жауап беретін, дұрыс шешім қабылдайтын менеджерлерді дайындау, шет ел тәжірибесін игеру, оңтайландыруды қолға алу сынды көптеген істер атқарылуда. Осының өзі Қазақстанның енді әлемдік жаһанданудан бөліне алмайтынын көрсетеді. Сондықтан, әсіресе, жастар жағы әлемдік интеграцияланудың маңызын түйсініп, экономикаға қажетті мамандықтарды игеруге, сапалы, әрі жаһандық деңгейде білім алуға ұмтылса екен деймін.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button