БҮРКЕГЕН ЖЕРГ БҮРГЕ ҮЙІР
БЮДЖЕТ ЖЫЛ САЙЫН 128 МЛРД. ТЕҢГЕ ЖОҒАЛТАДЫ
2012 жылы Қазақстандағы «көлеңкелі экономиканың» үлесі елдің жалпы ішкі өнімінің 19,2 пайызын құрады. Оның басым бөлігін тауар өндіру мен бейресми қызметтер арқылы көрсетілетін қызметтер алады.
ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев әңгімені осыдан бастады. Оның айтуынша, 2007-2013 жылдар аралығында жалған кәсіпорын ретінде танылған салық төлеушілердің саны 1352 бірлікке жеткен. Ал, бюджетке түспей қалған қосылған құн салығының көлемі 193 млрд. теңгені құрапты. Бұған қоса, жыл сайын шамамен 6 мың салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша ешқандай құжат тапсырмайды, не болмаса нөлдік декларация ұсынады. Соның салдарынан жыл сайын қосылған құн салығы бойынша бюджет жоғалтатын қаражат орташа есеппен 128 млрд. теңгенің көлемінде.
— Осыған орай арнайы қосымша құн салығы есепшотын енгізуді қарастыру ұсынылады. Бұл қосымша құн салығын төлеуден жалтару бойынша сызбаны пайдалану мүмкіншілігін жоғалтады, — деді Е.Досаев.
Үкімет мүшесінің пікірінше, көлеңкелі экономикаға қарсы тұрудағы тиімді шаралардың бірі — электронды есепшот фактурасын енгізудің қажеттілігі. «Бағалау бойынша ұсынылған іс-шараларды жүзеге асыру шамамен 1,1 трлн. теңгені көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік береді»,- деді ол.
Өткен жылғы Үкіметтің отырысына қатынасқан Елбасы «көлеңкелі экономикаға» қарсы күрестің олқылығын сынға алған болатын. Сондықтан, селекторлық кеңесте осы мәселенің қаншалықты қолға алынғанына маңыз берілді. Байқауымызша, «көлеңкелі экономикадағы» басым үлес сауда-саттық саласына қатысты екен. Мысалы, бұл саланың үлесі (2012 жылы) 1335,3 млрд. теңгеге жетіпті.
— Сауда саласындағы «көлеңкелі экономиканың» негізгі көрінісі салықтан жалтару мақсатында өндірісті жасыру, әрі бейресми сектор болып отыр. Яғни, стихиялық сауда мен сауда базарларының ұйымдастырылмауы. Бұл ретте сауда саласында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен бейресми жұмыс істейтіндердің үлесі көп, — деді еліміздің Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі.
«ЖАБАЙЫ БАЗАРДАҒЫ» ЖАСЫРЫН ТІРЛІК
Астанадағы алқалы жиында сауда-саттықтың заманауи үлгісіне сай келетін базарлардың үлесі сауда алаңдарының небәрі 17 пайызын ғана құрайтындығы айтылды. Ал, «жабайы базарлар» салық төлемдерінің көбеюіне кедергі келтіріп отырған көрінеді. Сауда базарларын заманауи үлгіге кезең-кезеңімен міндетті түрде көшіру сондықтан, өмірдің қажеттілігіне айналуда. Ол бойынша заңнамалық шаралар қарастырылмақ. Сондай-ақ, сауда нысандарының құрылысына инвестиция тарту үшін оны экономиканың басым салалары тізбесіне енгізу қарастырылуда. «Ұйымдастырылмаған базарлар санының көптігінен бөлек, заңсыз сауданың болуы үлкен проблемаға айналды. Осыған орай, бейберекетсіз сауда жасайтындарға жауапкершілік күшейтіледі»,- деді министр.
Үкімет заңсыз жұмыс жасайтындарды да тәртіпке салуды шындап қолға алғанға ұқсайды. Ол әсіресе баспанасын жалға беріп, одан көл-көсір пайда тауып отырған, алайда, оны жасырған қожайындарға қатысты болмақ. Селекторлық кеңесте мынадай деректер айтылды: 2012 жылы «көлеңкелі экономикадағы» жылжымайтын мүлікпен байланысты операциялар саласының үлесі 697,9 млрд. теңге құраған. Осыған орай, бұл жандарға жауапкершілікті қатаңдату ұсынылып отыр.
Дегенмен, Үкімет отырысында Премьер-министр Серік Ахметов 2014-2015 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы тұру кешенді жоспарын түзетуге қайтарды. Өз сөзінде «көлеңкелі экономикаға» қарсы тұру кез келген дамушы мемлекет үшін маңызды екендігін атап өткен Үкімет басшысы: «Сондықтан да жұмыс тобының жұмыс нәтижесінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі енгізген кешенді жоспар жасалды. Бұл мәселені жеткілікті талқыладық. Министрлікке мемлекеттік орындармен бірлесіп, бүгінгі талқылауды ескере отырып, құжатты түзетуді және 13 наурызға дейін Үкімет қаулысымен келісілген кешенді жоспар жобасын енгізуді тапсырамын», — деді.
СУДАН КЕЛЕТІН ҚАУІП БАР
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың баяндауынша, құтқарушылар табиғаттың тосын мінезіне дайын отыр. Облыстарға төтенше жағдайларды болдырмау, әрі оның салдарын жоюға 9,5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Алдын ала 4,5 мың адам, 800-ден астам техника әзірленіп қойылыпты. Министр төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарына ерекше үлес қосқан аймақтардың ішінде Атырау облысын алғашқылардың бірі болып атады.
В.Божко алаңдатарлық жайларды да жасырмады. Мәселен, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында ауа райының күрт жылынуына орай су тасқынының қаупі туындады. Ал, Сырдария өзенінің Қызылорда қаласындағы қос жағалауының 58 шақырымын таспен бекіту үшін 2 млрд. теңгеден астам қаржы қажет. Айтпақшы, Батыс Еуропа — Батыс Қытай жолын салу, оны жоспарлау барысындағы кейбір олқылықтар бүгінде белгілі болып жатыр. Табиғат жағдайын, өзендердің бағытын ескермеудің кесірінен қазірдің өзінде Қызылорданың Жаңақорған ауданына қауіп төніпті. Бірнеше үйдің ауласын су шайып кеткен. Шүкірлік ететіндігі, адам аман, шығын жоқ. Дегенмен, бұл көңіл тоғайтуға негіз болмаса керек. Сол себепті Премьер-министр барлық облыс әкіміне су тасқынына дайындық мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Астанадағы жиын аяқталысымен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мұнда айтылған мәселелерді ортаға салды.
— «Көлеңкелі экономикаға» қарсы күрес кешенді жұмыс жүргізуді қажет етеді. «Біз осы бағытта не жасап жатырмыз, әрекетіміз нендей?» деген сауалдарға келсек, ең алдымен мұнайдың заңсыз айналымына маңыз бергеніміз жөн, — деді облыс әкімі. — Мұнай құбырын заңсыз тесіп, ұрлайтын оқиғалар Атырау облысында да кездеседі. Оны болдырмау, алдын алу керек. Шикізат тасымалдаушы шағын мекемелер ерекше назар аударуды қажет етеді. Өйткені, оларды тіркеп жатқан ешкім жоқ. Балық аулау, өткізуге қатысты да осыны айтуға болады. Мұның бәрі — «көлеңкелі экономикаға» жол бермеудің шаралары. Сонымен қатар, сауда орындарының тіркелуін, жүйеге келуін тапсырамын.
Аймақ басшысы тасқынға тосқын қойып қана қоймай, келген суды пайдаланып қалуды да ұсынды. Яғни, өрісті малға толтыруды ойласақ, жайылымға су шығару да маңызды. Облыс әкімі тиісті құрылым басшыларына мәселеге қатысты нақты тапсырмалар берді.
Азамат БАЗАРБАЕВ.