ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫНА –ҚАТАҢ БАҚЫЛАУ
Былтыр мұнайлы өлке бюджет қаражатын игеру бойынша алдыңғы орынға шыққанмен, биыл бұл межеге жете алмайтын түріміз бар. Бұл бағытта аудан әкімдері мен басқарма басшыларына нақты талап қойылғанмен, тапсырма орындалмай отыр. Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиеваның айтуынша, ағымдағы жылдың сегіз айы бойынша бюджет 96,8 пайызға игерілген. Аудандарда 1 млрд.125 млн.теңге қалдық қалған. Исатай, Қызылқоға, Махамбет, Жылыой аудандарында шара уақтылы қабылданбауы салдарынан қаржы жұмсалмаған. Басқармалар ішінен құрылыс, энергетика, денсаулық сақтау, білім беруде қалдық бар.
— Индер ауданы мен Атырау қаласында жұмыс мезгілінде жүргізіліп жатыр. Ал, ақша игерілмеген аудан әкімдері мен басқарма басшыларына шара қолдануға ұсынамын,-деді ол.
Кеңеске бейнебайланыс арқылы қатынасқан Исатай ауданының әкімі Нұрлыбек Ожаев игерілмей қалған 258 млн.теңгенің 177,6 млн.теңгесі немесе 68,7 пайызы сумен қамтамасыз ету қондырғысының құрылысын жүргізген екі мердігердің салғырттығынан болғанын айтты. «Жұмысын жүргізуі мардымсыз. Бірақ, қыркүйек айында игереміз»,-деп уәде етті Н. Ожаев.
Осындай олқылық Махамбет ауданында да орын алып отыр екен. Бұл ауданда конкурс та кеш өтіпті. Мұндай дәлелді сынға алған облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев нақты шара алуға қатысты ұсынысты қолдайтынын жеткізді:
— Айта берсек, қай-қайсысынан да сылтау табылады,-деп тоқтатты аудан басшыларын Ғұмар Ислямұлы. — Мердігерді алға тартып, дәлел айтасыздар. Сонда игерген қала мен Индер ауданы қалай үлгерді? Мәселен, Атырау қаласына 14 млрд.теңге бөлінді. Олар қаржыны түгелге жуық жұмсап отыр. Облыс әкімінің тапсырмасын неге орындамаймыз? Мұның барлығы күнделікті шаруаға жауапты қарамағандықтан деп ойлаймын.
Оқушылардың «алтын ұяларына» оралып, ұстаздарымен қайта қауышқандарына бірер күн ғана өтті. Өткен оқу жылында аймақ басшысының тапсырмасымен білім ордаларында ыстық тамақпен қамту қолға алынды. Биыл да сол үрдіс жалғасын таппақ. 1 қыркүйек күні облыстағы 197 мектеп пен 18 колледжде алғашқы қоңырау соғылғанмен, бұл мәселе шешімін таппай қалған оқу ордасы бар болып шықты.
Облыстық білім беру басқармасының бастығы Берікқали Сәрсенғалиевтың баяндауынша, жаңа оқу жылында білім ордалары 106 жас маманмен қамтылған. Дегенмен, орыс тілді мектептерде әлі де мұғалім жетіспеушілігі кездеседі. Ал, ыстық тамақ кешеден бастап барлық дерлік оқу орындарында беріле бастаған. Тек қаладағы 17 мектепте мәселе бір-екі күнде шешілуі тиіс. «Колледждерге студенттердің көбеюіне байланысты жатақхана керек болып отыр. Апаттық жағдайдағы мектептер жайы біртіндеп шешілуде. Өзім Білім күні Индер ауданында болып, жағдайға қанықтым. Тұтастай алғанда, облыстық білім беру саласында күрделі мәселе жоқ»,-деді Берікқали Сәрсенғалиев.
Осы орайда аймақ басшысының міндетін атқарушы мереке күні салтанатты шараға қатынасып қайтқан №36 жаңа мектептің құрылысына көңілі көншімейтінін атап айтты.
— Құрылыс сапасы сын көтермейді. Мердігер 400 оқушыға ыстық тамақ беремін деп отыр. Бір күннің ішінде осынша баланы тағаммен қамтып үлгере ме? Сондай-ақ, басқарма басшысы бәрі сақадай сай, жүз пайыз әзірміз деп отыр. Бірақ, қаладағы Жамбыл атындағы мектептің төбесінде шатыры жоқ. Мұндай көзбояушылық кімге керек? Балабақшаны да аяқтау қажет,-деді Ғұмар Ислямұлы.
Жылыой ауданының әкімі М.Ізбасов 2013-2014 оқу жылында Құлсарыдағы жаңа мектептің іске қосылмау себебін түсіндірді. Айтқандай, білім ордасына қажетті жабдықтар алынбаған, себебі, жоба қаржысында ол қаралмаған. Оны толық қамту үшін 44 млн.теңге ақша керек. Облыстық білім беру басқармасының басшысы бұл жайт сессиядан кейін ғана белгілі болғанын айтты. Негізінде құрал-жабдықтар мердігер есебінен алынуы тиіс.
— Біреуіне ыстық тамақ неге берілмейді десек, енді бірінде ас беретін қасығы жоқ болып отыр. Хат жіберумен айналысқанша, неге аудан басшылары өзімізді хабардар етпейсіздер. Мәселе аяқсыз қалмасын,-деп тапсырма жүктеді аймақ басшысының міндетін атқарушы.
Айбөпе САБЫРОВА.