«АЗИЯКРЕДИТБАНК» – ЖАҢА КЕҢСЕДЕ
Мәселен, өңірімізде тұз, натрий гипохлориті секілді өнімдерді шығарумен айналысып жүрген кәсіпкер, «Тұз» ЖШС-нің директоры Әбүйірбек Тоқтыбаевтың «АзияКредитБанкпен» жұмыс істеп келе жатқанына бірнеше жыл болыпты. Өз кәсібімен айналысқаннан бері аталған банктің ғана қызметін пайдаланып келеді екен. Бизнес иесінің айтуынша, клиенттеріне әрдайым сапалы, әрі жедел көмегін ұсынатын қаржы ұйымы жыл сайын тиімді бағдарламалар санын көбейтіп келеді. Алдағы уақытта да ол банкпен қарым-қатынасын үзбейтініне сенімді.
Жаңа кеңсенің ашылу салтанатына қатысқан Атырау қаласы әкімінің орынбасары Амантай Айтбаев отандық бизнесті нығайту, жұртшылықтың жинағын сақтауда екінші деңгейлі банктердің рөлі зор екенін атап өтті.
— «АзияКредитБанк» АҚ Атырау филиалы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен де жұмыс істейді. Көптеген атыраулық кәсіпкерлер несие алып, кәсібінің нәсібін көре бастағанын білеміз. Оның үстіне, банк Атырау қаласында балалар спортын дамытуға үлесін қосып отыр, — деді ол.
Ал, «АзияКредитБанк» АҚ басқарушы директоры Бұлан Көпешовтің сөзіне қарағанда, еліміздің бірнеше облысының орталығынан филиалдарын ашып үлгерген олар биыл да жемісті жұмысты жалғастырмақ ниетте. Бұрын басқаша атаумен аталған қаржы ұйымы бүгінде акционерлік қоғамға айналып қаражат саласында айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Атап айтқанда, 1997 жылдан бері алғашқылардың бірі болып ипотекалық несие берген банк енді қаржылық лизингпен де жұмыс істей бастады. Осыдан сегіз жыл бұрын Атырау филиалын ашқан олар осындағы отыздан астам қызметкер санын келешекте 53-ке жеткізуді жоспарлап отыр.
— Корпоративтік клиенттермен қатар шағын және орта бизнеске де қызмет көрсетіп келеміз. Бізде ғана жүзеге асырылып жатқан «Өрлеу» бағдарламасы арқылы Атырау облысының үздік жоғары оқу орындарын жақсы аяқтаған түлектерді қызметке алып жатырмыз. Алға қарай тағы да табысты молайта түсетінімізге сенімдімін, — деді басқарушы директор құттықтау сөзінде.
«Ұлттық банкі» Атырау филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов аймақта 25 банктің өкілдігі бар екендігін, олардың барлығы да тұрғындарға түрлі қызмет түрлерін ұсынатындығын атап көрсетті. Банктердің осылайша өркендеп, әсем ғимаратқа орналасуы облыс орталығына көрік беретінін де жасырмады.
Айта кетелік, филиал мамандары банк қызметі түрлерінің барлығын көрсетеді. Қарапайым тұтыну несиесінен бастап депозит, лизинг, бизнес-жобаларды қаржыландырады. Атырау филиалында «Бизнестің жол картасы-2020» арқылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-ы бағдарламасы бойынша оннан астам жобаға қолдау көрсетілген. «Бүгінгі күні банк командасы тұтынушылардың ауқымды шеңберіне тиімді бизнес-шешім ұсынатын ашық қаржы институтын дамытуға бағытталған. Біз өз жұмысымызда кешенді қызмет көрсетіп және заманауи банктік өнімдердің бірнеше түрін ұсына отырып, ұзақ мерзімді серіктестік қатынас құруға ұмтыламыз», — дейді банк мамандары бірауыздан.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.