
Ауыл шаруашылығына 36 млрд теңге инвестиция салынады
Атырау облысы алдағы жылдары агроөнеркәсіптік саланы дамытуға айрықша басымдық беріп отыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, 2021-2025 жылдарға арналған өңірдің даму жоспары ауыл шаруашылығының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, ішкі нарықты жергілікті өнімдермен толықтыруға бағытталған. Жоспар аясында күрделі жөндеуден өтетін 14 суару-суландыру жүйесі ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттыруда негізгі факторға айналмақ. 2025 жылы егіс алқаптарының көлемін 20%-ға, ал лиманды суару аумағын 52,8%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жергілікті өндіріс есебінен ішкі нарықты ет өнімдерімен қамту үлесі 50%-дан 65%-ға дейін, сүт өнімдері 50%-ға дейін, ал картоппен қамту 60%-ға дейін жетеді деп күтілуде. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 8,7%-ға артып, 125 267,4 млрд теңгеге жетуі болжанып отыр.
Өңір нарығындағы маусымаралық тапшылықты азайту және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жалпы құны 36 752 млн теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Бұл бастамалар 333 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп, өңір экономикасына қосымша серпін бермек. Жоспарланған шаралар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтумен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ