Ауыл кәсіпкерлігі ҚАЛАЙ ТҮЛЕДІ?
– «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы 1994 жылғы 22 желтоқсанда құрылған. Бүгінгі таңда аталған акционерлік қоғам шағын несиелендіруді дамыту арқылы ауыл тұрғындарының қаржы қызметіне қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған ұйым болып табылады. Қор ауыл тұрғындарына шағын несие ұйымдарын қолдау арқылы қаржылық инфрақұрылымды дамыту функциясын орындайды.
Біздің басты ұстанымымыз — тұтынушыларымыздың табыс табумен қатар, қаймағы бұзылмаған қараша ауылдың тұрмысын түзеуге атсалысу. Басқа қаржы институттарына қарағанда несиелерімізді халық көп тұтынады. Әсіресе, қалада емес, өз туған жерінде-ақ кәсіп бастауға ниеттенгендерге жәрдемдеседі. Сондықтан, біздің филиал басшылығы кемінде тоқсанына бір рет, ал менеджерлер құрамы айына бір рет ауыл-аймаққа, оның ішінде ең алыс елді мекендерге іссапармен шығып, насихаттау жұмыстарын жүргізіп келеді.
— Осы орайда қордың несиесі туралы толығырақ айтып берсеңіз…
— Жоғарыда атап өткенімдей, Азғыр, Тайсойған сияқты полигон орындарын, шалғайдағы кейбір ферма орталықтарын аралап, қалың бұқарамен өткізген семинар, кездесулер мен түсінік жұмыстарымыз оң нәтижелерін берді. Филиалдың несиелеу көрсеткіштері айтарлықтай өсті. Мәселен, былтыр Атырау филиалы бойынша 411 несие алушыға 1 003 087 200 теңге несие берілді. Бұл несие портфелінің алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өскенін көрсетеді. Соның ішінде, «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасымен 278 адамға несие берілсе, «Бизнес-аймақ» бағдарламасы бойынша 41 адамға 173 900 000 теңге, «Кәсіпкермен» 57 300 000 теңге 16 кәсіпкерлік субъектісіне жұмсалды. Ал, «Ауылдық шағын несиемен» 34 бизнесмен қамтылды.
«Ислам даму Банкі» арқылы қаржыландырылған «Сәтті» бағдарламасының «Мурабаха» несие өнімі бойынша 42 кәсіпкерлік субъектісі қолдауға ие болды.
— Түсінікті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасының бір бағыты қор арқылы жүзеге асырылады ғой…
— Иә, мемлекеттік бағдарлама қазақстандық еңбек нарығында тиімділігін көрсетіп үлгерді. Үкімет басшысы оны халықты жұмыспен қамту мәселесіндегі дағдарысқа қарсы іс-қимыл бағдарламасы деп бағалады. Оның үстіне, экономиканы құлдыратып, халықтың әлеуметтік жағдайын нашарлататын да жұмыссыздық екені белгілі.
Бұл бағытта ауыл кәсіпкерлігін дамыту жайына тоқталған жөн. Бағдарлама аясындағы микрокредиттеу механизмі жаңарды. Яғни, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы ауылда өз ісін бастаймын не бизнесін дамытамын деген ынталы жандарға 3 миллион теңгеге дейін шағын несие беріледі. Республика бойынша осы бағытқа 25,7 миллиард теңге бөлініп, 11,4 мың жұмыс орнын құру жоспарланған.
— Бағдарламаны қор арқылы игеру біздің облыста басталды ма?
— Басталғанда қандай, былтырғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020»-мен 278 несие алушы қаржыландырылды.Дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаражат Жылыой ауданынан басқа аудандармен әртүрлі деңгейде игерілді. Қызылқоға, Индер, Махамбет аудандары қарастырылған қаржыны жоспардан бірнеше есеге артығымен жұмсады. Оның ішінде, мал мен егін шаруашылықтарын, шағын және орта бизнесті дамытуға берілді. Біздің филиал мемлекетіміздің агроөнеркәсіптік кешенді өркендетуге бағытталған саясатын жүзеге асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдармен өзара тығыз қарым-қатынас орнатуды да басты назарда ұстайды.
Облыс әкімінің тікелей араласуымен филиалға сенім білдіріліп, жергілікті жерлердегі шағын және орта кәсіпкерлік тұлғаларының қызметін дамытуда 150 млн. теңге бөлініп, бизнес субъектілеріне жеткізілгенін айта кету керек.
— Бағдарламамен толық танысып үлгермеген оқырмандарымыз үшін несие алудың жолдарына тоқталып өтесіз бе?
-Аудандардағы жұмысшы комиссияларында қаралып, мақұлданған жобалар біздің қормен несие серіктестіктері арқылы қаржыландырылады.
Бұл бағдарлама бойынша ішінара жұмыспен қамтылғандар, жұмыссыздар, өздігінен жұмыспен қамтылғандар, ағымдағы күнтізбелік жылдың жалпы білім беретін мектептің 11-сынып түлектері, еңбекке жарамды мүгедектер, балалар үйінің тәрбиеленушілері, жетім балалар және ата-ана қамқорлығынан айырылған 23 жасқа дейінгі балалар, жалпыға бірдей белгіленген жастан бұрын зейнетке шыққан зейнеткерлер, бұрын зиянды жағдайларда жұмыс істеп, әлеуметтік төлемдерді алушы тұлғалар, несие беру туралы шарт жасасқан оралмандар санатындағы Қазақстан Республикасының азаматтары жеңілдікпен несие ала алады.
Бағдарлама бойынша 3 млн. теңгеге дейін несие алты пайыздық көрсеткішпен (жылдық тиімді үстемеақы 6,2 пайыз) 54 айға дейін беріледі. Несиелеу мерзімінің жалпы ұзақтығының үштен біріне дейінгі мерзімге негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдік кезеңі қарастырылады. Сыйақыны өтеу бойынша алты ай жеңілдік мерзімін беруге болады. Несиелерін несібеге айналдырып, қазіргі уақытта шаруашылығын дөңгелентіп отырған жеке кәсіпкерлер Тайлақова Қарлығаштың тігін цехы, Елемесов Нұрланның фотостудиясы, Есенова Маржанның шайханасы, Нұрлыбаев Уахиттың ағаш шеберханасы, Омаров Мұхтардың стоматологиялық кабинеті тұрақты тұтынушыларын тауып үлгерді.
— Қалада несие алғаннан жеңіл нәрсе жоқ шығар. Кез келгені етегіңізден тартып, бірнеше пайызбен қарыз беруге әзір. Ал, ауыл тұрғындарын кепіл мәселесі толғандырады…
— Кепіл – заң бойынша несиелік міндеттеменің орындалуын, қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз етудің шарасы ғой. Қор несие алушының меншігіндегі немесе өзге де кепіл берушінің несиенің қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында ұсынатын жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді кепілге алады. Сол сияқты, шаруа қожалығының жеке меншігіндегі немесе уақытша жер пайдалану құқығындағы жер учаскелерін кепілге қою мүмкіндігін қарастырады.
Осы орайда, қазіргі кезде коммуналдық меншік нысандарын кепілге қою мәселесінің де заң шығару органдарында көтеріліп отырғанын айта кету керек. Оң шешімін табатын болса, ауыл тұрғындары үшін үлкен жеңілдік болар еді.
Жалпы, өткен жылы қордың кепіл саясаты бірталай оңтайландырылғанын айта кеткім келеді. Ауыл тұрғындарының мүдделерін ескеріп жолдаған және директорат мінберінен айтқан ұсыныс-пікірлеріміз қор басқармасымен қолдау тауып, жылжымайтын мүліктерді пайдалану мерзіміндегі шектеу алынып тасталды. Мысалы, бұрын тұрғызылғанына 30 жылдан астам уақыт болған саман тастан салынған үйлер кепілге алынбайтын болса, бүгінгі таңда бұл талап өзгертілді.
— Несие қайтарылмаған жағдайда ше, кепіл мүліктерінен өндіресіздер ме?
— Негізінен шағын несиелер қаржыландырылатын болғандықтан, оны қайтару екінші дәрежелі банктер сияқты айтарлықтай қиындық туғызбайды. Сосын, халықтың наразылығын тудырмайтыны – аздаған пайызбен беріледі, әрі төлем тәсілі де жеңіл. Яғни, қарыздың алған сомасына қосып төлейтін үстемеақы көп емес. Сондықтан болар, несиені уақытында қайтармай, кепіл мүлкінен өндіру мәселесін шешу тек ішінара ғана кездеседі.
— Соңғы сұрақ: Жаңа жылдың жағымды жаңалықтарымен бөлісе кетсеңіз…
— Жылқы жылында игі істер молынан болмақ. Жалпы, аталарымыз жылқы малын бекзат жануар санайды ғой. Сондықтан, жылымыз қазыдай майлы, жалдай жайлы болады деп үміттенеміз. Ауыл шаруашылығын дамытуды мақсат еткендерді несиелеуді үдетіп, Қазақстанды агроөнеркәсіптік кешені өркендеген елге айналдыруға үлес қоса бермекпіз. Несие көлемін де ұлғайтпақ ойымыз бар. Өткен жылдағы жетістіктер биыл да жалғасады деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет.