
Атырауда жаңа энергетикалық нысан пайдалануға беріледі
Атырау қаласының энергетикалық инфрақұрылымын нығайту бағытында ірі жоба жүзеге асырылуда. Қазір 110/10 кВ «Самал» қосалқы станциясының құрылысы жүргізіліп, сонымен қатар 110 кВ әуе желісі «Нұрсая 110 кВ» қосалқы станциясына дейін реконструкциялануда. Бұл нысанның маңызы зор, себебі ол қала халқы мен әлеуметтік нысандарды үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа қосалқы станция іске қосылғаннан кейін “Самал-1”, “Самал-2” шағынаудандары, Сарыөзек (Черная Речка) елдімекені, әуежай, әлеуметтік бағыттағы жобалар, жаңа тұрғын үй кешендері және алдағы уақытта бой көтеретін бизнес нысандары сапалы жарықпен қамтылатын болады. Мұндай қадам Атыраудың қарқынды дамып келе жатқан батыс бөлігіндегі инфрақұрылымдық жүктемені жеңілдетіп, тұрақты энергия көзі арқылы жаңа құрылыстардың іске асуына жол ашады.

Жобаның тапсырыс берушісі – Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы. Техникалық қадағалауды Петропавл қаласындағы «Premierexpert» ЖШС жүзеге асырып отыр. Авторлық қадағалау Алматы қаласындағы «НИПИИ Энергия» АҚ-на жүктелген. Ал бас мердігер – Атырау қаласының «Электромонтаж» АҚ филиалы. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың шілде айында басталып, нысанды 2025 жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланған.
Атырау қаласы соңғы жылдары халық санының артуына, жаңа шағын аудандардың салынуына байланысты электр энергиясына деген сұраныс жыл санап өсіп келеді. Бұл ретте жаңа қосалқы станцияның салынуы қаланың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін бермек. Әсіресе, “Самал” және “Нұрсая” шағынаудандары сияқты халық тығыз қоныстанған аумақтарда электр қуатының үзіліссіз берілуі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырады. Сонымен бірге әуежайдың және әлеуметтік нысандардың сенімді энергия көзіне қосылуы қаланың инфрақұрылымдық әлеуетін күшейтеді.
Энергетикалық саладағы мұндай жобалардың жүзеге асуы – ел Президентінің стратегиялық тапсырмалары аясында өңірлердің тұрақты дамуына бағытталған нақты қадамдардың бірі. Атырауда салынып жатқан «Самал» қосалқы станциясы – қаланың болашақтағы ірі энергетикалық хабының бір тармағы болып, алдағы онжылдықтарда өңірдің экономикасы мен әлеуметтік саласының өркендеуіне қызмет ететін маңызды нысанға айналмақ.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор