Атырауда сыртқы сауда айналымы артты
Биылғы төрт айда Атырау облысының сыртқы сауда айналымы 10 млрд АҚШ долларынан асты.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Бекбаеваның мәліметінше, Атырауда шетел капиталы салынған 1 655 кәсіпорын жұмыс істейді.
«Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Атырау облысы әлемнің 195 елімен экономикалық, іскерлік байланыс орнатты. Кедендік статистика мәліметтеріне сәйкес, осы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында Атырау облысының сыртқы сауда айналымы 10 млрд 863 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 85%-ға артты. Оның ішінде экспорт 10 млрд 500 млн АҚШ долларын құрап отыр», — дейді Қарлығаш Бекбаева.
Оның айтуынша, Атырау облысынан экспортталатын тауарлар қатарында мұнай және мұнай өнімдері, күкірттің барлық түрі, мұнай газдары, мұздатылған балық және басқа да тауарлар бар. Ал, жемістер мен көкөністер, пластмассадан жасалған бұйымдар, санитарлық-техникалық өнімдер, киім-кешек және өзге де заттар импортталады.
«ҚазАқпарат»