
Атырауда QazaqGaz Aimaq мобильді қосымшасы іске қосылды
Атырау облысында газ тұтынушыларға ыңғайлы қызмет көрсету мақсатында QazaqGaz Aimaq мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл туралы “QazaqGaz Aimaq” АҚ Атырау өндірістік филиалының директоры Қайсар Рахметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

— Қосымша арқылы тұтынушылар газ есептегіш көрсеткіштерін бақылаушының келуін күтпей-ақ немесе байланыс орталығына қоңырау шалмай-ақ, смартфон арқылы кез келген жерден және қалаған уақытында жолдай алады. Бұл уақытты үнемдеп, қызмет көрсетудің ашықтығын арттырады, — деді Қ.Рахметов.
Оның айтуынша, бүгінде республика көлемінде 157 мыңнан астам тұрғын қосымшаны жүктеп алып, жеке шоттарын енгізген. Тек тамыз айында ғана 60 мыңнан астам көрсеткіш мобильді қосымша арқылы қабылданған. Ал Атырау облысында іске қосылғалы бері үш мыңға жуық тұтынушы қосымшаға тіркелген.
Брифингте «Әлеуметтік әмиян» цифрлық сервисінің артықшылықтары да айтылды. Жүйе атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй көмегін алушыларға электронды ваучерлер арқылы тауарлық газға жеңілдік жасауға мүмкіндік береді.
— Бұл сервис тұрғындарды қағаз құжат жинаудан босатып, жеңілдікті рәсімдеуді жылдам әрі қолжетімді етті. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап ел көлемінде 9,5 мыңнан астам ваучер берілді, — деді филиал директорының орынбасары Әділбек Рахметов.
Ал кәсіпорынның бас инженері Андрей Нарыжныйдың айтуынша, жаңа жүйелер көрсеткіштердің дұрыстығын автоматты түнде тексеріп қана қоймай, деректерді қауіпсіз сақтайды.
— Қосымша заманауи смартфондардың барлығында қолжетімді, ал ескі үлгідегі телефондар үшін жеңілдетілген нұсқасы қарастырылған. Басты мақсатымыз — жүйенің тұрақтылығы мен деректердің толық қорғалуын қамтамасыз ету, — деді ол.
Цифрландырудың осындай қадамдары газ саласындағы қызметті барынша ашық, қолжетімді әрі тиімді етуге бағытталған. Спикерлердің айтуынша, бұл қадамдар алдағы уақытта да тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етпек.