Атырауда қаңтарылған құрылыс қайта жандана бастады
Бүгінде облыс орталығында 160 автобус халыққа қызмет көрсетуде. Биыл бұларға қосымша 170 автобус алынды. Соңғылары метан газын тұтынады. Алайда, аймақта отынның мұндай түрін құюға лайықталған арнайы бекет жоқ. Сол себепті, жолаушы тасымалына арналған жаңа көліктер көпшілікке қызмет көрсете алмай отыр. Ендеше, құрылысы әлдеқашан басталған метан газын құю бекеті қашан пайдалануға беріледі?
Жүзеге аспай жатқан жоба
Қоғамдық көліктерді алу жұмыстары «Атырау» əлеуметтік кəсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асты. Құрылым лизингтік қаржыландыру бағдарламасына сəйкес, «БРК-Лизинг» АҚ-мен арада екіжақты келісім жасады. Осыдан соң Қостанайдың «СарыарқаАвто-Пром» ЖШС-де жинақталған «Yutong ZK» маркалы 56 автобус ақпан айында «Akzhayik Avtopark» ЖШС-інің көлік паркіне жеткізілді.
Содан соң еліміздің солтүстігінен келетін көліктердің керуені тоқтатылды. Бұған пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай мен карантиндік шектеу себепші болды. Шекара жабылып, зауытқа жабдықтар жеткізілмеді. Осы себепті өндіріс орнының қызметі уақытша тұралап қалды. Эпидемиялогиялық жағдай тұрақталған кезде жұмыс қайта жанданып, автобустардың соңғы партиясы қалаға тамыз айының 22-де əкелінді.
Қыркүйек айында өткен қалалық мəслихаттың кезекті сессиясында Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Эдуард Оспанов шаһарға келген 170 көлік тұрғындарды тасымалдауға қараша айында кіріседі деген болатын. Алайда, бөлім басшысы метан газын құю бекетінің құрылысы бұлайша сиырқұйымшақтанып кететінін білмегенге ұқсайды. Жобаның жүзеге асу мерзімі қазан айының соңында тағы да нақтыланып, маңызды нысан желтоқсанда толық пайдалануға беріледі делінген.
Бекет құрылысы – қала әкімінің назарында
Жуырда Атырау қаласының əкімі Қайрат Оразбаев «Akzhayik Avtopark» ЖШС-не тиесілі аумақта салынып жатқан газ құю бекетінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Оның барысында шаһар басшысы қоғамдық көліктердің əлі күнге не себепті жолға шықпағанын көпшілікке түсіндіріп берді.
– Биыл жеткізілген автобустардың 160-ы қала ішінде, қалғаны қала маңындағы елді мекендерге қызмет к ө р с е т е т і н б о л а д ы . О л а р д ы ң қазіргі қолданыстағы техникалардан айтарлықтай айырмашылығы бар. Біріншіден, қоғамдық көліктер мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау үшін олардың мініп-түсуіне лайықталып жасалған.
Екіншіден, автобустар экологиялық таза отын – метан газымен ғана жүреді. Оған өзге отын түрін құюға болмайды. «Akzhayik Avtopark» ЖШС-і лизинг əдісімен автобустарды сатып алу келісімін жасаған кезде, белгілі бір коммерциялық ұйым көліктерді арнайы отынмен қамтамасыз ететін газ құю бекетін салуды өз мойнына алған болатын. Бұл жұмыстарды жүйелі жүзеге асыру үшін жергілікті əкімшілік бұл мекемеге қолайлы жер телімін бөліп, нысанды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді көздеді.
Алайда, қалыптасқан экономикалық жағдайға байланысты құрылысты с а луға кəсіпкерлік нысанының қаржылық мүмкіндігі болмай қалды. Осы себептен, автобустарға арналған газ құю бекетін салу «Akzhayik Avtopark» ЖШС-не ұсынылды. Серіктестік келісімін беріп, бүгінде бекеттің негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Одан əрі қажетті коммуникацияларды қосу, техникалық құрылғылармен жабдықтау іс-шаралары жүзеге асырылады. Бұлардың барлығын іске қосуға əрине, біраз уақыт кетеді. Дегенмен, станцияны толыққанды пайдалануға беру мерзімі желтоқсан айының орта тұсына белгіленіп отыр, — деді шаһар басшысы Қайрат Оразбаев.
Нысан басына барғанда…
Қала басшысы баяндаған газ құю бекеті салынып жатқан орынға біз де бардық. Атшаптырым алаңқайдың шеткері бөлігіне тұрғызыла бастаған нысан стандартты жанармай бекеттерінің сызбалық негізінде бой көтеруде. Құрылыс айналасы əлі қондырылмаған арнайы жабдықтарға толы. Көліктер мен құрылысқа қатысты қойылған қосымша сұрақтарымызға «Akzhayik Avtopark» ЖШС-нің бас инженері Артур Абдулов жауап берді.
– Өздеріңіз көргендей, қазір арнайы нысанның негізгі қондырғылары тұрғызылып болды. Енді кабелдерді жүргізу, жабдықтарды іске қосу, о п е р а т о р л ы қ о р т а л ы қ с а л у жұмыстары қалды. Алайда, оларды аяқтауға біраз уақыт қажет. Ауа райының құбылмалылығы жұмысты кідіртіп жатыр.
Сонымен қатар, бекет қызметке толық дайын болған күннің өзінде, бірнеше ай бойы тұрған автобустардың техникалық жағдайы тағы да тексеріледі. Метан құйылған автобустың қала ішіндегі жүрісі, кептеліс пен ауа райына қатысты жұмсалатын отын мөлшерінің шығыны, жүк көтергіштігі зерделенеді. Ең бастысы, техниканың өрттен қауіпсіздігіне баса назар аударылады.
Сондай-ақ, жаңа көліктердің қандай жол жүру бағытына белгіленетіні де нақтыланбаған. Ол үшін арнайы тендер жарияланады. Ал, бүгінгі күні серіктестік еншісіндегі дизель отынымен жүретін 30 автобус №№14,7,50,52,53,58 жол жүру маршруттарына бекітілген. Жолаушылар сұранысына ие №14 маршрутта (Авангард-Теміржол вокзалы) 15 автобус қызмет көрсетсе, қалғандарында 3 көліктен бекітілген. Жаңа техникалар қызметке кіріскенде ең алдымен осы маршруттарды толықтыратын болады, — деді Артур Абдулов.
Серіктестік өкілінің айтуынша, қазір қала аумағында 26 жол жүру бағыты белгіленген. Оның 18-і қалаішілік маршруттар, 8-і қала маңындағы елді мекендерге бағытталған. Осы бағыттарда жүрген тасымал көліктеріне метанмен жүретін автобустар қосылғанда, қаладағы жолаушылар тасымалдайтын көліктер 330 автобусқа жетеді.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ,
Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ