
Атырауда бутадиен өндіру зауыты салынады
Алдағы жылы Атырауда бутадиен өндіру зауытының құрылысы басталады. Бұл туралы LS интернет порталы хабарлады.
Зауыт “Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі” арнайы экономикалық аймағы аумағында бой көтермек. Құрылыс нысаны салынатын жер телімі қазірдің өзінде бөлініп қойылған.
“Самұрық-Қазына Өңдеу” компаниясының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, қазіргі таңда жобаның барлық негізгі бағыттары бойынша жұмыстар бекітілген жоспарға сай жүргізілуде.
Жоба Ресейдің “Татнефть” компаниясының қатысуымен жүзеге асырылуда. Айта кету керек, мұндағы ресейлік серіктестің үлесі – 75%. Ресми дереккөздердің мәліметінше, зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылдың бірінші жартысында басталады деп күтілуде.
Сонымен қатар, инвесторлар жобаның тұрақты жүзеге асуын қамтамасыз ету мақсатында барлық ықтимал тәуекелдерді ескере отырып, тиісті шараларды қолға алған. Қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймақта зауыттың сыртқы инфрақұрылымы жобалану үстінде. Кестеге сәйкес бұл жұмыстарды 2027 жылдың II–III тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Жобаның нақты құны әлі белгіленбеген. Белгілісі – заемдық қаржыландыру үшін қазақстандық даму институттары мен халықаралық банктерден қаражат тарту көзделіп отыр.
Зауыттың жоспарланған қуаттылығы – жылына 300 мың тонна өнім шығару. Құрылыс жұмыстарына 2,2 мың адам тартылатын болады. Ал зауыт іске қосылған кезде 750-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Дәулетқали АРУЕВ