Жарнама
Экономика

Атырауда экономикалық қылмыстардың саны азаймай отыр

Мұнайлы өңірде экономикалық қылмыстардың саны азаймай отыр. Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы сотқа дейінгі 32 тергеу ісі тіркелген. Оның жартысы сотқа жолданып, қалған іс тоқтатылған. тіркелген қылмыстың басым көпшілігі ақша ұрлау деректеріне қатысты.

Бүгінде 34 күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, оның 25-і сотқа өткен. 16 айыпталушы жазаларын өтеп жатыр.

–Қазіргі таңда бұрынғы облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы, оның орынбасары, бөлім басшысы, мердігер компания басшылары және техникалық қадағалаушының істері сотта қаралуда. Олар спорт мектептері, отбасылықдәрігерлік емхана құрылысы секілді төрт нысанның құрылысына бөлінген 467 млн. теңге мемлекет қаржысын ұрлады деп айыпталып отыр. Сонымен қатар, шілде айында резонанс тудырған «Жылыойсу» КМК-ның бұрынғы директорына қатысты сот үкімі шығып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Белгілі болғанындай, кәсіпорын басшысы Құлсары қаласына су беру қызметінің бағасын көтеріп, кәріз жүйелері мен магистралды желілердің жөндеу жұмыстарына бөлінген 126 млн. теңгені қолды қылған, — деді облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Мэлс Ақылбаев.

«Аурум» компаниясының директоры мен оның екі сыбайласына қатысты қылмыстық іс те аяқталуға жақын. Күдіктілер жұмысы тоқтатылған ұңғыма арқылы мұнай өнімдерін заңсыз айналымға пайдаланған. Өткен жылдың қыркүйек айынан бері жүргізіліп келе жатқан монополиялық жоғары бағаларды белгілеу фактілері бойынша «Сұйытылған мұнай-газ сақтау паркі» ЖШС-нің бас директорына қатысты қылмыстық сот ісі аяқталуға жақын. Анықталғандай, серіктестік белгілеген тариф өңірдегі газ бағасының өсуіне тікелей әсер еткен. Сонымен қатар, сот алдында жауап беріп жатқан күдіктілердің қатарында Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры мен мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы да бар. Олар «мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы» жобасын іске асыру кезінде лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған деп айыпталуда. Облыстық экономикалық тергептексеру департаментінің басқарма басшысы Бекболат Анесов облыста «көлеңкелі экономикамен», оның ішінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен айналысқандар анықталып жатқанын айтты. Мәселен, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған 3 тұлғаға қатысты деректер тіркеліп, тергеу қорытындысы бойынша олардың ісі сотқа жолданған

– 2021-2022 жылдар аралығында Атырау қаласында орналасқан монша ғимаратынан және пәтерде заңсыз тыйым салынған құмар ойын ұйымдастырып, бекітілген ойын бизнесі заңдылығының тәртібін бұзу бойынша қылмыстық әрекеттер әшкереленді. Облыс орталығы мен Құрманғазы ауданында осындай деректер анықталып, кінәлілер жазаланды. Сонымен қатар, «Динислам» ЖШС-нің бұрынғы басшысына қатысты жалған банкроттық дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп, сотқа жолданды, — деді Бекболат Шафкатұлы.

Басқарма өкілдері облыста қаржы пирамидасы бойынша 4 қылмыстық іс тіркелгендігін айтады. Аталған істер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button