Атырау жылу электр орталығында қуаттылығы көп қондырғы іске қосылады
Бүгінде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – өте өзекті мәселе. Осы орайда Атырау энергетика кешенінің құрамындағы кәсіпорындарға ауқымды міндеттер жүктелген. Солардың бірі — «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ.
Бүгінде кәсіпорынның тәуліктік қуаттылығы немесе өндіретін электр энергиясының көлемі 200 МВт-ты құрайды. Алдағы уақытта қуаттылығы көп газотурбиналық қондырғыны іске қосу жоспарлануда.
Бұл туралы өңірлік БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында акционерлік қоғамның президенті Мақсот Әленов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бес жылға қабылданған инвестициялық бағдарлама шеңберінде былтыр кәсіпорынның теңгеріміндегі екі үлкен нысанда жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұлардың бірі – №8 қазандық агрегаты, екіншісі – №7 турбоагрегат. Бұдан бөлек, №5 байланыс трансформаторында да жоспарланған жұмыс мерзімінде мәресіне жеткізілді. Сонымен қатар №10 турбогенератор күрделі жөндеумен қамтылды. Өзге де бірнеше нысанда жоспарланған жұмыс белгіленген кестеге сәйкес атқарылып, техникалық сынақтан өткізілген.
-Айрықша тоқтала кетер жайт, кәсіпорында электр қуатын тұтыну көлемінің көтерілетін кезеңі жаз айлары, яғни, жылдың ыстық мезгілі. Ал, күн салқындағанда көрсеткіш күрт төмендейді. Көбінесе 250-300 МВт-тан аспайды. Мәселен, жылу беру маусымында тұтынушыларға жіберілетін жылу энергиясы мен салқын суды ысытуға жұмсалатын қуаттың арасы жер мен көктей деуге болады. Тұтыну тарифтері энергияны өндіруге қажетті пайдаланылатын отынның бағасына, басқа да бірқатар факторларға қатысты өзгеріп отырады. Өзекті проблеманың бірі — соңғы кездері салада білімді, білікті мамандардың тұрақтамауы, кадр тапшылығы. Жұмыс күрделі, ауыр әрі жауапты болғанына қарамастан оларға төленетін жалақы мөлшері салыстырмалы түрде алғанда әлі де жарытымсыздау болып тұр. Қалыптасқан жағдайдан шығу үшін тәжірибелі, қажеттілігіне қарай зейнет жасындағы адамдарды жұмысқа тартуға тура келеді, — деді кәсіпорын басшысы.
Кездескен кедергілер мен қиындықтарға қарамастан, есепті мерзімде инвестициялық бағдарлама аясында жоспарланған 5,2 млрд. теңге қаражат мақсатты әрі толықтай игерілді. Қазіргі уақытта қуаттылығы 60 МВт-тық газотурбиналық қондырғы іске қосылуға дайындалуда. Көп кешікпей, шетелдік мамандардың қатысуымен осы қондырғыны жіберіп-реттеу жұмыстары жүргізіледі.
Дәулетқали АРУЕВ