Атырау қаласында не боп жатыр?
Облыс орталығындағы Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне мыңға жуық адам шақырылды.
Бұл жәрмеңке алимент берешег барлар мен басқа да жұмыссыздарға арналған. Оны Атырау облыстық Әділет басқармасы ұйымдастырып отыр. Осы басқарманың мемлекеттік сот орындаушысы Роза Бимағамбетованың айтуынша, жәрмеңке алимент берешегі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға басымдық беріліп отыр.
- — Облыста 8 мыңнан астам адамның алимент берешегі бар. Оның 5 мыңы өз еркімен уақтылы төлесе, ал 500-і мүлдем төлемей отыр. Бүгінде 35 адам жәрмеңкеге келді. Көп борышкерлер қайда жұмыс істейтінін айтпай, табысын жасырады. Қазіргі кезде бір борышкердің алимент бойынша 4 млн теңгеден астам қарызы бар. Сондықтан бүгінгі жәрмеңке осындай борышкерлерді жұмысқа орналастыру үшін ұйымдастырылып отыр, — дейді Р.Бимағамбетова.
Атырау қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева жәрмеңкеде 700-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылғанын айтты.
- — Жәрмеңкеге алимент берешегі барлармен қатар басқа да жұмыссыз жүрген азаматтарды қоса шақырдық. Атырау қаласында қазір 9460 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның 3600-ден астамы қысқартуға түсіп, ай сайын жәрдемақы алып отырғандар. Ал 4857-сі жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Бүгін 11 мекеме 700-ден астам жұмыс орнын ұсынып отыр. Оның ішінде 519-ы жұмысшыларға, қалғаны жоғары оқу орнын бітірген азаматтарға арналады, деді Н.Хабиева.
Жәрмеңкеге 1000-ға тарта жұмыссыздар шақырылды. Бүгін Ерлан Китанов та арнайы келіп, өзіне сай келетін жұмыс қарастырды. Ол осыған дейін Қарабатанда монтажник болып жұмыс істеген. Қазір қол қусырып отырған жоқ. Хабарлама бойынша жеке үйлерде сылақ сылаумен айналысып, нәпақасын тауып жүр. Жәрмеңкеде «Сичим СпА» мекемесіне түйіндемесін қалдырды. Жәрмеңкеге «ККТС», «Вест Дала», «АтырауНефтеМаш», «Кәсіби Таңдау», «Металл-Сервис KZ», «Сичим СпА», «Атырау Дастан Отель», «Вест Дала», «ККТС», «FSSA», «КазПетроТранс», «Уорли Парсонс Казахстан», «PG Operating» ЖШС қатысты. Жұмыс берушілер әр түрлі саладағы шеберлер, арматурщик, бетондаушы, кран жүргізушісі, көлік жүргізуші, темір жонушы, даяшы, ас үй қызметкерлері, аспаз, жүк тасушы, күзет режимі бөлімінің бақылаушылары, бас есепші, есепші, кассир, қойма меңгерушісі, еден жуушы, жұмысшылар, табельші, күзетші, құтқарушы және тағы басқа мамандықтар бойынша жұмыс ұсынды.