Жарнама
Экономика

Көрсеткіш көңіл көншіте ме?

2025 жылғы I тоқсанның қорытындысы бойынша Атырау облысында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бірқатар өзгерістерді көрсетті. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, өңірде жұмыссыздар саны 17 843 адамды құрап, бұл жұмыс күшінің 4,9 пайызына тең болды. 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздар саны 22 416 адамға жетіп, жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызға дейін өсті. Бұл еңбек нарығындағы тұрақсыздық пен экономикалық белсенділіктің баяулағанын байқатады.

Жалақы көрсеткіштеріне келсек, 2025 жылғы I тоқсанда шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда, қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 634 234 теңгені құрады. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға жоғары. Алайда нақты жалақы индексі 96,1 пайызды құрады, яғни инфляцияның әсерінен халықтың нақты табыс деңгейі төмендеген. Бұл өз кезегінде тұтынушылық сұраныс пен ішкі нарықтағы экономикалық белсенділікке қысым түсіруі мүмкін.

Сондай-ақ 2025 жылғы I тоқсанда облыс халқының жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы 323 307 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы I тоқсанмен салыстырғанда 0,4 пайызға төмендеді. Ең алаңдатарлық жайт – нақты ақшалай табыстың 8,9 пайызға қысқаруы. Мұндай өзгеріс халықтың сатып алу қабілетінің әлсіреуіне, сәйкесінше өңірлік экономикада тұтынушылық тауарлар мен қызметтерге сұраныстың азаюына әкелуі ықтимал.

Жалпы алғанда, көрсетілген деректер Атырау облысының экономикасында бірқатар сын-қатерлер бар екенін айғақтайды. Еңбек нарығындағы ахуалдың нашарлауы, нақты табыстың төмендеуі және инфляциялық қысым – өңірлік экономикалық саясатта жаңа тәсілдер мен тиімді шараларды қажет ететін маңызды сигналдар.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button