
Атырау облысында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда
Атырау облысында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырыла бастады. Бұл туралы Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында белгілі болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында басым бағыттар бойынша 17 серпінді ірі жобаны іске асыру көзделуде. Солардың бірі – Атырау облысындағы «Силлено» ЖШС және «KMG PetroChem» ЖШС жүзеге асырып жатқан интеграцияланған газ-химия кешені. Аталған жоба өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, еліміздің химия және мұнай-газ секторын терең өңдеу бағытында жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Үкімет отырысында өңірлік маңызы бар басқа да жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Атырау облысында қуаты жылына 5 000 тонна болатын «ATYRAU CHICKEN» ЖШС бройлер құс фабрикасының құрылысы жоспарлануда. Жобаның жалпы құны – 9,9 млрд теңге. Бұл кәсіпорын ішкі нарықты сапалы құс етімен қамтамасыз етіп, өңірде азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етпек.
Үкімет басшысы өз сөзінде мұндай бастамалар ел экономикасын әртараптандыруда, өңірлік дамуды жеделдетуде және отандық өндірісті қолдауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және инвестициялық ахуалды жақсарту – басты басымдықтардың қатарында.
Ақтоты ҚУАНЫШКЕРЕЕВА, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС қоршаған орта бөлімінің инженері