Жарнама
Экономика

«АШЫҚ ЕСІКТЕГІ» АШЫҚ ӘҢГІМЕ

 

Шараға Атырау қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қыдырқожа Дәулетияров, аталмыш партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Шантемірова, облыстық Кәсіпкерлер палатасыбасшысының орынбасарыИльдар Жумиян, Атырау қалалықсәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Данияр Бодаубай қатысты.

«Ашық есік» күніне келген кәсіпкерлердің басым бөлігі кәсіп ашуға жер телімін алу үшін құжаттарды уақтылы жасаудағы кедергілерді айтты. Мәселен, жеке кәсіппен айналысып, Балықшы  селолық  округіне қарасты Көкарна ауылынан азық-түлік дүкенін ашқысы келетін Самал Сәндібаева жер телімін алу мәселесі ұзаққа созылып жатқанын айтты. Оған қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қыдырқожа Дәулетияров құжаттарды қайта қарап, алдағы күндері шешім шығаруға қолдау болатынын жеткізді.

«Гүлден» шаруа қожалығын құрып, бау-бақшамен айналысамын деген Тілек Егізбайға осыдан бес жыл бұрын жер телімі берілген. Алайда, ол оны әлі күнге дейін пайдаланбай келеді. Бұған дейін қаржы жағынан қиындық туындағанын алға тартқан кәсіпкер тағы бір жылға ұзартуды сұрады. Оның мәселесі арнайы құрылған комиссияда қайта қаралып, нақты жауабы сол уақытта берілетін болды.

Ал, Нұргүл Хейникина осыдан екі жыл бұрын Авангард мөлтекауданынан кеңсе ашу үшін жер телімін алғанымен, кейін бұл жердің балалар ойын алаңына арналғаны айтылып, кәсіпкердің жер телімі мемлекетке кері қайтарылады. Бірақ, оған басқа орыннан жер телімі берілетін болған. Десек те, бұл мәселе әлі орындалмай келеді. «Балалар ойын алаңы салынады деп жер телімі кері қайтарылғанымен, ол жер әлі де бос тұр. Сол жерді кері алуға қолдау болса» деген Н.Хейникинаға Атырау қалалықсәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Данияр Бодаубай бұл мәселені жуырда шешіп беретінін айтты.

Сондай-ақ, «Ашық есік» күнінде кәсіпкерлерден бөлек Атырау қаласының бірқатар тұрғындары да жеке мәселелерін алға қойды. Соның бірі Гүлжан Жүнісбаева анасы атынан 2003 жылы жер телімін алуға кезекке тұрған. Кезек саны жетіп, оған «Балауса» ықшамауданынан жер телімі берілуі тиіс екен. Десек те, бұл жердің инфрақұрылымы әлі жүргізілмегендіктен оны алуға шешім шықпаған. Бұл жұмыстар аяқталған соң оның мәселесі жыл аяғына дейін шешілмек.

Тағы бір айта кетерлігі,  тұрғындар арасында шешім шығып, дайын тұрған құжаттарын ала алмай жүргендері де бар екен. Қалалық сәулет және қалақұрылысы мен жер қатынастары бөлімдерінің кейбір қызметкерлерінің жұмысқа салғырттығынан тұрғындар бос сандалып жүріп қалады. «Ашық есік» күніне келушілердің бірқатары осы жайға наразылық білдірді. 

Осылайша, кәсіпкерлер көкейде жүрген сауалдарын тиісті ұйымдар өкілдеріне тікелей қойып, көкейкесті мәселелеріне жауап алды. Бизнес иелері болашақта осындай шаралардың жиі ұйымдастырылуын қалайтындықтарын білдірді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button