
Ақтөбеде қой жүнінен экологиялық материал шығаратын зауыт ашылады
Ақтөбе қаласында табиғи қой жүнінен тоқыма емес материалдар өндіретін еліміздегі алғашқы кәсіпорын – KazFelTec зауыты іске қосылмақ. Бұл — Қазақстан үшін бірегей жоба. Жоспар бойынша зауыт биыл тамыз айында жұмысын бастайды.
Ақтөбе облысы әкімдігінің хабарлауынша, жоба заманауи италиялық Cormatex Airlay технологиясы негізінде жүзеге асырылуда. Бұл технология арқылы экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар өндіріледі. Өндіріс орны жылына 2,5 мың тоннаға дейін қой жүнін өңдеуге мүмкіндік береді.
–KazFelTec — жай ғана өндіріс емес, ол елімізде ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу ісінде маңызды орын алатын жобалардың бірі. Қазір Қазақстанда өндірілетін қой жүнінің тек 29 пайызы ғана қайта өңделеді. Қалған көлемі кәдеге жарамай, ысырап болып жатыр. Бұл зауыт фермерлермен тұрақты кооперация орнатуға, шикізаттың құндылығын арттыруға және қалдықтарды азайтуға үлкен серпін береді, — делінген ресми мәліметте.
Жобаның жүзеге асуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Қазір құрылыс жұмыстары толық аяқталып, өндірістік жабдықтарды орнату қарқынды жүріп жатыр.
KazFelTec зауытының іске қосылуы тек өңдеу өнеркәсібінің дамуына ғана емес, сондай-ақ жергілікті ауыл шаруашылығын қолдауға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жасыл экономика қағидаттарын ілгерілетуге ықпал етеді деп күтілуде.
Қуат ҚОСЫБАЕВ