Жарнама
ЭкономикаСарапTime

Алып кешендегі ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР

СӘТІН САЛСА, КЕЛЕСІ АПТАНЫҢ БАСЫНДА «КРІ» РЕАКТОРЛАРЫНА ПРОПАН ГАЗЫ БЕРІЛІП, ӨНДІРІС ОРНЫ ПРОПИЛЕН ШЫҒАРУДЫ БАСТАЙДЫ. МАМАНДАР «ЕГЕР БАРЛЫҒЫ ОЙДАҒЫДАЙ БОЛСА, «МҰНАЙШЫЛАР КҮНІ ОДАН ПОЛИПРОПИЛЕН ӨНДІРІЛЕДІ» ДЕЙДІ. ОСЫЛАЙША, ЕЛІМІЗДЕ ТЕҢДЕСІ ЖОҚ АЛЫП КЕШЕННІҢ ӨНІМІ ТҰҢҒЫШ РЕТ НАРЫҚҚА ЖОЛ ТАРТПАҚ. АЛ, ЗАУЫТ РЕСМИ ТҮРДЕ ТЕЛЕКӨПІР АРҚЫЛЫ ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНДА АШЫЛАДЫ ДЕП КҮТІЛУДЕ. ОҒАН ЖОБАНЫҢ БАС МЕРДІГЕРІ ҚАТЫСАДЫ ДЕП ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР. ІРГЕЛІ КЕШЕН ТОЛЫҚ ІСКЕ ҚОСЫЛҒАННАН КЕЙІН КҮНІНЕ 1500 ТОННА ПОЛИПРОПИЛЕН ӨНДІРІЛЕТІН БОЛАДЫ. БҰЛ ТУРАЛЫ «КРІ» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ ДАНИЯР ТИЕСОВ АТАП АЙТТЫ.

ҰСЫНЫС-ТІЛЕК АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Ел аузында «ақ күріш» атанып кеткен полипропилен өндірісінің кейінге шегеріліп келе жатқанына біраз уақыт болған еді. Көпшілік оның келешегіне күмәнмен де қарайтын. Әлем «жасыл экономикаға» бет бұрып, пластиктен түбегейлі бас тартып жатқанда үлкен зауыт салып, полипропилен шығару тиімсіздеу көрінетін. Алайда, бұған біржақты қарауға болмайды. Біз ұзақ уақыт бойы «қара алтын» құрамындағы ілеспе газды алауларда жағып, қоршаған ортаға зиян тигізгеннен басқа ауыз толтырып айтарлықтай пайда көрмей келдік. Басқа елдер сол ілеспе газдан өндірілетін полипропиленнен миллиардтаған қаражат тауып отыр. Оның үстіне бұрын-соңды мұндай алып кешен біздің елде болмағандықтан, газдан жаңа шикізат шығару жұрттың түсіне де кірмейтін. Енді санаулы күндерден кейін маржандай түйіршіктер өзімізден өндіріле бастайды. Мемлекет маңызды жобаны бақылауына алды. Жақында ҚР Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев кешеннің іске-қосу, реттеу жұмыстарымен танысып қайтты. Халық қалаулысы зауыт басшылығының пікірін тыңдап, ұсыныстар аяқсыз қалмайтынын жеткізді.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТАРТЫМДЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Мамандардың пікірінше, Ресеймен салыстырғанда біздегі бір зауыттың өзі көршілес мемлекет өндірісінің 40 пайызын құрайды. Тіпті, алып кешеннің өнімі әлемдегі полипропиленнің 1 пайызына жетеді. Ол облыс көлемінде ғана емес, республика деңгейінде Теңіз шикізатынан өндірілетін тұңғыш тауар.

– Көп реттерде мемлекет әртүрлі жобаларға түрлі компанияларды тартады да, олар аяқсыз қалып жатады. Егер нормативтік базаларға өзгеріс енгізіп, заңдылықтарға толықтырулар жасалса, бір кәсіпорынның өзі-ақ өндірісін өркендете алады, — деп бастады әңгімесін «КРІ» басқарма төрағасы Данияр Тиесов.

– Мәселен, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық саласына жаңа нормативтер қосылса, еліміздің барлық облыс, қалалары полипропиленді алатын болады. Жол төсеу жұмыстары да солай. Егер заңдылыққа сәйкес, тас жол салғанда геотекстиль, геоторларды пайдалануды міндеттесе, жұмыс сапасы да артады. Екінші жағынан, геотекстиль зауыты пайда болар еді. Ал, оған қажетті шикізат полипропилен өзімізден шығады. Ауыл шаруашылығы министрлігі тамшылатып суару әдісін барлық шаруашылықтарға енгізуді қатаң бақылауға алса, оның да жыл сайын ауыстырылатын қажетті жабдықтары полипропиленнен жасалады. Өзбекстанмен салыстырсақ, олар 1 млн. 750 мың гектар жерге тамшылатып суару тәсілін қолданып отыр. Полипропилен дегеніміз – медицина, бір рет қолданылатын шприцтер және тағы басқа құралдар. Көпшілік бізден тек пластмасса шелек пен қап қана шығады деп ойлайды. Ал, нормативтерді жаңартсақ, бұл салаға бизнестің инвестициясы құйылары сөзсіз. Ресейге санкция салынғандықтан, көрші мемлекет те Атырау–Астрахан, Қостанай–Челябинск, Ақтөбе– Оренбург арқылы бізден өнім алуға бірнеше рет сұраныс білдірді. Зауыт толық іске қосылғаннан кейін инвесторлар тартылатынына сенім мол.

НОРМАТИВКЕ ӨЗГЕРІС КЕРЕК

«Арнайы экономикалық аймақта» орналасқан өндіріс ошағына мемлекет тарапынан жеңілдіктер бар. Десек те, уақыт өтіп, заман талабы өзгерген сайын кейбір жайттарды қайта қарастыруға тура келеді. Бүгінде іргелі мұнай-химия хабы орналасқан алып кешенге дейін Атырау–Қарабатан арасына төрт жолақты кең жол қажет. Себебі, инвестиция жұмсауға келген бизнес иесі ең алдымен тасымалға айрықша маңыз береді. Оның үстіне, дайын өнімдер үлкен фуралармен жеткізілетін болғандықтан, жолды кеңейтуге назар аудару керек. Кешен басшылары жол мәселесін көтеріп, жауапты орындарға шыққанымен, оның соңы сиырқұйымшақтанып кеткен көрінеді. Жауапты ведомстволар республикалық маңызы бар жол болса да, жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауды жергілікті атқарушы орынға тапсырған. Алайда, жергілікті билік мұндай жоғары деңгейдегі мәселеге араласа алмайтындықтарын айтыпты. Осы себепті, төрт жолақты кең жол салу жайы әлі жабулы күйінде тұр. «Облыс әкімімен кездесу кезінде осы мәселені жеткіземін. Егер министрлік деңгейінде шешілетін болса, депутаттық сауал жолдап, оң шешімін табуға атсалысуға дайынмын. Бақылауға аламын» деді Ғұмар Дүйсембаев.

Сенатордың айтуынша, Атырау мен Қарабатан арасына бір тәулікте сегіз мыңнан астам көлік қатынайды екен. Депутаттық сауал жолданған кезде осының барлығы ескерілетін болады. Сондай-ақ, кешенде су проблемасы да жоқ емес. Әрине, «Арнайы экономикалық аймақта» орналасқандықтан, алып кешенге қажетті құрал-жабдықтарды жеткізуде жеңілдіктер қарастырылған. Десек те, қондырғылар оралған металды қаптарды шығару заң аясында шешімін таппаған болып шықты. Басшылық зауыт аумағындағы темір қалдықтардан құтылайын десе бірнеше пайыз салық төлеуі тиіс көрінеді. Сондықтан, осы мәселенің анық-қанығы әлі сауал күйінде қалып отыр.

САПАЛЫ КАДР – ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

Қай кәсіпорын да өндіріс ауқымын кеңейту үшін адами капиталға айрықша маңыз беретіні белгілі. Себебі, мамандар сапалы болғанда ғана тың идеяларды жүзеге асырып, биік белестерге қол жеткізе алады. Әуел бастан-ақ жергілікті кадрларды жұмысқа тартып, қазақстандық сервистік компанияларға басымдық беретін кешен осы салаға жастарды үш жыл бойы даярлап келеді. Бірақ, өндірістің ортасында қайнаған жергілікті дайын мамандарды алыстан танитын рекрутингтік компаниялар «Теңізшевройл», «НКОК» секілді ірі компанияларға жұмысқа тартуға үйір екен. Олар әрбір тәжірибелі, бесаспап кадрды тауып бергені үшін көп пайда табатын көрінеді.

– Әрине, шикізатты экспорттап отырған іргелі кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы жоғары болатыны белгілі. Алайда, біз де мамандарымызды ынталандырып, осы жерге тұрақты қалдыруға жұмыстанып жатырмыз. Мысалы, жақында 123 зауыт қызметкеріне пәтер берілді. Барлығы да өндірістің ортасында жүрген мамандар, 5-разрядты операторлар. Олардың арасында бірде-бір әкімшілік қызметкері жоқ. Біздің ұстанымымыз – бір орынға бес-алты маман ұстағанша, жоғары айлық төлеп, бір сапалы кадрды қалдыру. Баспаналы болған қызметкерлер бұл пәтерлер құнының 50 пайызын жеті жыл бойы төлейді. Егер ол әрі қарай бізде жұмыс істеуге ниет білдірсе, қалған сомасы компанияның есебінен өтеледі, — дейді Данияр Тиесов.

ЕДЕН ЖУУШЫ – АЛМАТЫДАН?!

Сервистік қызметтерге жергілікті халықты тарту да өзекті болып тұр. Мұнда да «жіліктің майлы басы кімге бұйыратыны» белгісіз. Кешен басшылығы қарапайым еден жуушы, аула сыпырушы секілді қызмет көрсету саласына осы жердің тұрғындарын тартуға мүдделі. Десек те, белгіленген тәртіпке сәйкес, конкурс жарияланған кезде оған еліміздің барлық қаласынан компаниялар қатыса алады. Соның салдарынан, іргедегі Мақат ауданының қызметкерлерін жұмысқа алудың орнына, кеңсесі сонау Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы компаниялар тапсырыс алып кететін көрінеді. «Әрине, бастапқыда қызмет сапасы төмендеу болатын шығар. Бірақ, ең бастысы, олар – өзіміздің ауылдың адамдары. Барлығын да үйренуге болады. Кейбір нәрселер түсініксіз» дейді Данияр Сүйіншілікұлы. Иә, бұл пікірмен келіспе ске амал жоқ. Басқасы басқа, кеңсенің еденін жууға қызметкерді «таудан тас арқалағандай» сонау орталықтан шақырғаннан кім, не ұтады? Шындығында, іргелі жобалардың айналасындағы сервистік компаниялар өзара бәсекелес. Әсіресе, «ТШО», «НКОК» секілді ірі компанияларға қызмет ұсынушы шетелдіктердің үнемі айы оңынан туатынына наразы. Тапсырыс берушілер олардың халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін алға тартса, отандық кәсіпкерлер «ол жұмыстарды қазақстандық мамандар да атқара алады» деген пікірде. Осы орайда «КРІ»- дың ұстанған қағидасы көпке үлгі болса игі.

«ПОЛИЭТИЛЕН» «СИБУРҒА» БЕРІЛЕ МЕ?

1600 гектар аумақты алып жатқан «Арнайы экономикалық аймаққа» 14 компания кіреді. Халық қалаулысы көптен бері айтылып жүрген «полиэтилен» өндірісі туралы сұраған. «КРІ» басқарма төрағасы Данияр Тиесов бүгінде бұл жобаға ресейлік «СИБУР»-ды тартып жатқандарын жеткізді. Себебі, полиэтилен шығару үшін газды сүзгіден өткізетін (газо сепарационный) қондырғы қажет. Ал, «СИБУР» дүниежүзі бойынша мұнай-химия кластеріндегі үздік бестікке енетін компаниялардың бірегейі екен. Сенатор санкция кезінде жағдай қалай болатынына алаңдаушылық білдірген.

«Меніңше, «СИБУР » санкцияға ілінбейді. Өйткені, іргелі кәсіпорынның қызметін тоқтату ешкімге тиімді емес. Рас, оның басшысы санкцияға ілікті. Алайда, ол бұл қызметінен босатылды» деп толықтырды Данияр Тиесов.

Р.S:

АЙТПАҚШЫ, ПОЛИПРОПИЛЕН ЭКСПОРТҚА ШЫҚҚАНҒА ДЕЙІН РЕЗЕРВУАРДАҒЫ ЦИСТЕРНАЛАРҒА ҚҰЙЫЛАДЫ. ОНДА БЕС КҮНДІК ШИКІЗАТТЫ САҚТАУҒА МҮМКІНДІК БАР. БАСТЫСЫ, ҚАЗЫНАЛЫ ӨҢІРДЕ БҰРЫН[1]СОҢДЫ БОЛМАҒАН АЛЫП КЕШЕН ӨНДІРІСІН ТОЛЫҚТАЙ ІСКЕ ҚОСЫП, АЛҒАШҚЫ ТҮЙІРШІКТЕРІН САТТЫҚҚА ШЫҒАРАДЫ. ОСЫЛАЙША, ОТАНДЫҚ МҰНАЙ-ХИМИЯ КЛАСТЕРІ АЛҒА ҚАРАЙ ТАҒЫ БІР НЫҚ ҚАДАМЫН БАСТЫ.

Айбөпе САБЫРОВА

Атырау–Қарабатан

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button