Алмасадам Сатқалиев: АЭС-ке қажет су — Балқаштың буланатын суының 0,3 пайызы ғана
Атом электр стансасына қажетті су көлемі Балқаштың буланатын суының 0,3 пайызын ғана құрайды. Бұл туралы бүгін Ақмола облысының жастарымен кездескен Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.
«Қазіргі уақыттағы заманауи атом реакторы суды кез келген электр стансасы сияқты тұтынады. Яғни, Балқаш көлі суының жалпы булануының 0,3 пайызы ғана екенін есептеп шығардық. Демек, мөлшері болмашы ғана. Мұның үстіне реактордың, жалпы стансаның ашық су айдынымен тікелей түйісуі болмайды. Су салқындатқыш тоғанды тек толықтырып отыру үшін ғана қолданылады. Яғни, заманауи стансаларда су бір бағытқа ғана ағады. Онда жабық контур бар. Қазіргі заманғы реакторларда бүкіл су айналмалы саналады», — деді ол.
Сонымен қатар министрдің айтуынша, АЭС-ке қолданылатын отын қайта өңделеді.
«Көптеген ел ядролық отынды өздерімен бірге алып кетеді. Яғни, вендорлар оны бізде қалдырмайды. Шарттың бірі ядролық отынды өздерімен алып кетуге байланысты. Ал қалдыратын елдер тиісті сақтауды қамтамасыз етеді. Бұл стансаны салу құнының ішіне кіреді. Және біз оны кейіннен қалауымызға қарай қайтадан өңдеп, қосымша табыс таба аламыз», — деді Алмасадам Сәтқалиев.