Жарнама
Экономика

АЛДАҒЫ КҮННЕН ҮМІТ КӨП

 

Ақордада өзінің төрағалығымен өткізген кеңесте Нұрсұлтан Әбішұлы бұл мәселені тереңірек түсіндіріп, жан-жақты талдап берді. Алғашқы күні шарықтап кеткен АҚШ долларының бағамы қазір кәдімгідей өзгерді. Қаржы-қаражат айналасындағы осынау құбылыстың кәсіпкерлер көңілін күпті қылғаны да жасырын емес. Әсіресе, өздерінің кәсібіне қажетті шикізатты өзге елдерден, басқа мемлекеттерден тасымалдайтын біз секілді кәсіпкерлерге шыныменен ойлануға тура келді. Айталық, біздің серіктестіктің өндіретін өніміне керек шикізат сонау Корея, Бельгия, Финляндия елдерінен тасымалданады. Қиындығы сол, өнімнің өзіндік құны қымбатқа түсуде.

Қазір бізде 250 адам жұмыс жасайды. «Өнімді өндіру мен өткізуде үлкен қиындықтар кездессе, не істейміз?» деген ой да қылаң бермей қоймайды. Өйткені, бұл – нарық. Ал, нарықтың заңы қатал. Әйткенмен, жұмысшылар мен қызметкерлердің бәрі бала-шаға асырап отырған отбасылы жандар болғандықтан біз қолымыздан келгенше жұмыс орындарын сақтауға тырысамыз. «Үмітсіз – шайтан» демекші, ертеңімізден үлкен үміт күтеміз. Үкіметіміз кәсіпкерлерді қолдайтын шараларды қолға алады деп сенеміз.

Сөз жоқ, бұл мәселе өзіміздің жергілікті жерде де шешімін табуда. Облысымыздың бірінші басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов осы мәселеге орай өткізген кездесуінде мұндай қиындықтың кез келген елдің басында болатынын, сәл шыдасақ, тұрмысымыздың қалыпқа келетінін, сауда орындарының бағаны еріксіз өсірмеуі тұрақты бақылауда болатынын айтқан болатын. Осының бәрі ел үшін, халық үшін, солардың бақытты да баянды тұрмысы үшін жасалып жатқан жағдайлар екенін естен шығармауымыз керек. 

Еліміздің белді экономистері мен қаржыгерлері мұндай экономикалық ахуалдың көптеген ел тәжірибесінде болғанын, олардың бәрінің түрліше қиындықтардан өткенін айтуда. Олай болса, біздің де алдымызда осындай сынақтар тұр, солай емес пе? Тек салымыз суға кетпесін, ертеңгі күннен жақсылық пен қуаныш күтелік. Өйткені, шынайы сенім мен үкілі үміт ешқашан адамды айналып өтпек емес.

Аслан ҚАБДУЛЛИН,

«Брандо» ЖШС директоры.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button