АКЦИЯ САТУШЫСЫ – «ФРИДОМ ФИНАНС»
Шараға әлемдік беделі зор қаржы ұйымының бас директоры Тимур Турловтың өзі келіп қатысты. Атыраулық филиал басшысы Дыбыс Айдашеваның айтуынша, еліміздің 12 қаласында бөлімшесі ашылған компания халықпен 500-дей келісім-шарт жасасқан. Бүгінде сауда және биржалық келісімдерді қалай жасау керек, қандай жағдайда акциялар құны жоғары болмақ деген сауалдар төңірегінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Кез келген қазақстандық азамат ешқандай комиссия төлемінсіз ұлттық мекемелер ұсынған акцияға ие бола алады. Электронды қолтаңба арқылы да үйден шықпай-ақ ғаламтордағы онлайн желісінде тіркелуге мүмкіндік бар.
— Біз америкалық қаржы нарығында Ресей және Қазақстанға инвестиция тарту мәселелерімен айналысып келеміз. Әлемдік нарықтағы қаржы қорларын инвестициялау арқылы пайда табу бағытында талдау-сараптама, анықтамалық кеңестер береміз. Біздің мақсатымыз – қазақстандық инвесторлар үшін маңызды қаржы нарығының көздерін ашу. Қазақстандағы халықтың қаржылық сауаттылығы мен белсенділігі ресейліктерден еш кем емес. Қазақстан әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына ену үшін барын салуда. Сіздер акцияларды иемдену арқылы пайда көріп қана қоймай, отандық қаржы саласын дамытасыздар, — деді Тимур Русланұлы.
Акционер боламын деушілер жеке куәлігінің көшірмесін тапсырып, брокерлік есеп аштыруы тиіс. Сөйтіп ең төменгі сома 10 мыңнан 7 млн. теңгеге дейінгі акция бөлігін бір аптаның ішінде рәсімдей алады. Сатылымнан түскен қаржы брокерлік мекемелерге емес, мемлекеттік қазынаға аударылып отырады. Бұл бағытта «Халық Финанс», «Қазпошта», «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» мекемелері өз бетінше атсалысуда.
«Өздеріңізге белгілі, биылғы 5 қарашадан бастап «KEGOC» мекемесі «Халықтық ІРО» бағдарламасы шеңберінде өз акцияларын сатылымға шығарды. Компания кез келген акционерге 40 пайыздан жоғары пайданы уәде етіп отыр. Алдағы бес жылда үлесақы (дивиденд) салмағы 60-80 пайызға дейін көтерілуі де мүмкін. Осы айда барлығы 26 млн. акция бірлігі жарияланып отыр. Бұл жерде ескере кететін жайт, ұлттық акциялар тек қазақстандық азаматтарға, қарапайым халыққа ғана тиесілі екенін ұмытпаған жөн», — дейді «Фридом Финанс» басшысы Т.Турлов.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.
Сурет автордікі.