АКЦИЯ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ АРНАЛДЫ
Айтқандай-ақ, бизнес иелерінің сауалдары аз болмады. Мәселен, жеке кәсіпкер Еркін Ізжанов несие алу төңірегінде сауал жолдады. Бұған дейін талай банктың табалдырығын тоздырған ол қай-қайсының да кепілдікке жылжымайтын мүлік сұрайтынына қынжылды. Енді бірі өндіріс аумағына тиесілі жер телімі болуы керектігін айтыпты. Қаладағы екінші деңгейлі банк филиалдары бірінің өкілі кепілдіксіз тек депозитте жоба құнының 30 пайызы болуы керектігін, 70 пайызына «Даму» қоры кепіл болатынын айтып өтті. Ал, жер мәселесіне қатысты кәсіпкер талай рет мемлекеттік органдарға барыпты. Алайда ешқайсысы қолдамапты.
Осы орайда қала әкімінің орынбасары облыс орталығында бизнес-жобаларды қарайтын комиссия құрылғанын, оның жетекшісі Серік Айдарбеков екенін, сондағы жоспарлар қолдау тапқан жағдайда жер телімі берілетінін жеткізді. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қадырғали Тұрғановтың айтуынша, былтыр құрылған комиссияның отырысында бір жыл ішінде 26 жоба ұсынылыпты, оның 11-і мақұлданыпты. «Бастапқыда жерді уақытша береміз. Кейін кәсібін екі жыл ішінде дамытып жатса әрі қарай мерзімді жалғастырамыз», — деді Амантай Айтпаев.
Акцияға үміт артып келген кәсіпкерлердің бірі Жасұлан Қазиев болды. Оның бизнес-жоспары сүзгіден өтіп, қолдау тауыпты. Ауыл шаруашылығын дамытуға кіріскен бизнесмен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен жеңілдікпен несиеге қол жеткізуді қалайды екен. Сондай-ақ, лизингке құрал-жабдық сұрады. Банк өкілдері сауалдарға тиісті жауаптар қайтарды.
Акция барысында бизнес-инкубатор жүйесінде кәсіпті ашуға, дамытуға болатыны айтылды. «Негізі, бизнеске жаңадан аяқ басқандар осыдан тәжірибе жинақтаған дұрыс», — дейді мамандар.
Шараға келген кәсіпкерлердің саусақпен санарлығына қарап «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұхановқа мұндай маңызды акцияның жарнамасыз қалғанын айтқан едік. Себебі, біздің редакцияға келген кейбір кәсіпкерлер тиісті бөлім басшыларына жете алмайтындығына шағымданатын. Сауалымызға ол бүкіл республикалық бұқаралық ақпарат құралдарынан хабарландыру бергенін, бүгінгі кәсіпкерлердің аздығы екінші деңгейлі банктердің тиімді жұмыс жасап жатқандығының белгісі екендігін айтты. Ал, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы бизнес иелеріне жәрдемдесуге әрқашан дайын екенін, тіпті сенбі күні түске дейін де Сәтбаев көшесі, 13 мекен-жайы бойынша қабылдауға есік ашықтығын алға тартты.
Айбөпе САБЫРОВА.