
Әділ Жұбанов: «Самұрық-Қазына» қоры – экономиканың локомотиві емес, тежеуші күшке айналуда
Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында депутат Әділ Жұбанов Үкіметке арнап «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, қор қызметінің ашықтығы мен тиімділігіне қатысты қоғамда айтарлықтай сенімсіздік пайда болған.
«Соңғы уақытта «Самұрық-Қазына» қоры экономикалық тиімділік тұрғысынан да, ашықтық пен есептілік жағынан да сұрақ тудырып отыр. Бұл — ел экономикасына қауіп төндіретін жүйелік мәселе», – деді Жұбанов.
Депутат атап өткендей, мемлекеттік активтердің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 50%-ға дейін жеткен. Бұл өз кезегінде экономиканың шамадан тыс мемлекеттік бақылауға түсуіне себеп болып отыр. Сонымен қатар, Қордың негізгі компаниялары – «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «KEGOC» сияқты ұлттық алыптардың қаржылық ахуалы тұрақсыз, яғни, рентабельдік төмендеген, қарыз жүктемесі артқан. Ал оларды жаңғыртуға арналған стратегиялар әлі күнге дейін жабық күйде қалып отыр.
«Егер жүйелік кемшіліктер жойылмаса, Қор экономикалық өсудің қозғаушысы емес, тежегішіне айналады», – дейді депутат.
Әділ Жұбанов Үкіметке нақты шаралар қабылдауды ұсынды. Алдымен, қор мен еншілес ұйымдарының қызметіне толыққанды аудит жүргізу қажет. Аудитке отандық және халықаралық тәуелсіз сарапшылар тартылып, сатып алулар, инвестициялық саясат, корпоративтік басқару мен мемлекеттік ресурстарды пайдалану салалары жан-жақты сарапталуы тиіс.
Депутат екіншіден, салалық активтерді нарыққа шығару жайын сөз етті. Айтуынша, қордың құрылыс, логистика, телекоммуникация, жер қойнауын пайдалану сияқты бейінді емес активтерін кезең-кезеңмен бәсекелес ортаға беру ұсынылды. Мемлекет тек стратегиялық маңызды нысандар – көлік, энергетика, қорғаныс және су қауіпсіздігі салаларында бақылауды сақтауы қажет. Үшіншіден, қордың құрылымын өзгертуге бағытталған нақты механизм әзірленуі тиіс. Оның ішінде бейінді емес активтерді шығару, бір көзден сатып алудан бас тарту, ашық электронды сатып алуды енгізу және директорлар кеңесін халықаралық деңгейдегі мамандармен толықтыру секілді шаралар бар.
Қорды тарату мүмкіндіг туралы да айтты. Яғни, егер реформалау мүмкін болмаса, Қорды орталықтандырылған холдинг ретінде біртіндеп таратып, активтерді тиісті министрліктердің басқаруына өткізу ұсынылды. Бұл есептілікті арттырып, нарықтағы бәсекені жандандыруға мүмкіндік береді.
Қор қызметіне деген сенімнің төмендеуі — жалпы экономикалық ортаға да әсер етуде. Жұбановтың пікірінше, қазіргі жүйе Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын төмендетіп, экономиканы шынайы нарықтық бәсекеден алыстатып отыр.«Квазимемлекеттік құрылымдар арқылы экономиканы қолдауға тырысу – инвестициялық климатты бұзудың жолы. Мемлекеттік ресурстарға шектеулі қолжетімділік кәсіпкерлікті тұншықтырады», – деп түйіндеді депутат.
Рита Өтеуғали