Жарнама
Экономика

«АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ, БАУЫРЫМ ДЕП…»

Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Сағындық Сатыбалдиннің осы орайда атап айтқанындай, интеграцияның басты қалайтыны – ашық есік саясаты. Мұндайда оның берері көп. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің үштік Кеден одағы өмірге келгеннен бергі уақыт ішінде бұл елдердің бір-біріне экспорты шамамен 20 пайызға артқан. Яғни, натуралды экономикадағы өндіріс көлемі әр мемлекетте осынша өсті деген сөз. Мұның өзі сол елдерде айтарлықтай мөлшерде жұмыс орны ашылып, бір қауым ел нәпақасын тапқанын да көрсетеді.

Елбасымыздың ел ертеңін ойлаған байыпты бастамасы бүгінде осылайша өзінің өміршеңдігін танытып отыр. Дана Абайға жүгінсек, ол «істің нәтижесі оның қалай басталғанынан білінеді» деген екен. Олай болса, тәуелсіздіктің таңсәрісіндегі таңдау мемлекетіміздің көреген де, кемел саясатына  басты негіз болғаны қапысыз. Жаңа Одақ құру туралы шартқа қол қойылғаннан кейін-ақ онымен тығыз байланыс орнатуға 40-тан астам мемлекет ынта білдірген. Дәл мұндай қызығушылық Еуроодақ құрылған кезде де болмаған. Себеп неде?

Мұның ең басты себебі, бүгінгі таңда бар болғаны 170 миллион тұрғынды біріктіретін жаңа Одақ мемлекеттері әлемдегі зерттелген пайдалы қазбалар қорының 20 пайызына ие. Көмірсутегілерінің 17 пайызы – бізде. Яғни, жаңа Одақ – табиғи қор молдығы жағынан аса бай халықаралық құрылым. Кейбір сирек кездесетін пайдалы қазбалар біздің аймақтан басқа жерлерде мүлде жоқ. Ал, уранды өндіріп әлемге ядролық отын экспорттаудан тек Қазақстан ғана – дүниежүзіндегі көш бастаушы мемлекет. Өйткені, уран қорына келсек, біздің ел – әлемдік үштіктің тобында.

Академик Сағындық Сатыбалдиннің пікірінше, Одақ мемлекеттері ХХІ ғасырға лайықталып жаңғыртылған Ұлы Жібек жолының өзегінде жатқандығының өзі – елеулі артықшылық. Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық транзиттік тасымал дәлізі осы Одақ жерлерін басып өтеді. Оның үстіне Одаққа біріккен мемлекеттердің болашақтың көшбастаушысы Қытай Халық Республикасымен саяси-экономикалық байланысы стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткен. Мұндай игілік әлемнің басқа одақтарында жоқ.

Жалпы, кез келген одақ оған біріккен мүше елдердің мүддесін сыртқы экспансиядан қорғау үшін өмірге келеді. Әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі одақтарға бірігіп жатқандар мысалынан да осыны айқын пайымдаймыз. Қазір өмір сүріп, жұмыс істеп жатқан ежелгі одақ – Жапония бастаған Тынық мұхиты елдерінің «АСЕАН» одағы. Мұнда табиғи қор жоқтың қасы. Сондықтан, оны бізге бәсекелес болады деп ойлау мүмкін емес. Бұдан кейінгі көне одақ – «НАФТА». Ол Канада, АҚШ, Мексика үштігінен тұрады. Кезінде бұл халықаралық құрылым Жапонияның арзан да, өтімді электронды тұрмыстық тауарларынан жеңіліске ұшыраған АҚШ өнеркәсібін қолдау мақсатында құрылған-ды. Бұл мемлекеттердің мүмкіндігі қандай екенін талдап жатудың қажеті жоқ. Десек те, бір ақиқат айтылуы тиіс, ол – мұның да біздің жаңа Одаққа бәсекелес бола алмайтындығы. Әлемде ең мықты саналып келген Еуроодақтың да күні таусылғандай.

Бертінде өмірге тағы да екі одақ келді. Оның бірі – Латын Америкасы елдерінің бір тобын біріктірген «МЕРКАСУР» халықаралық бірлестігі. Бұл бізге азық-түлік жағынан тегеурінді бәсекелес. Өйткені, мұндағы ауыл шаруашылығы өнімдері – шығынсыз өндіріс. Анығын айтсақ, ет-сүт беретін мал үшін қора салып, қысына шөп дайындап қарбаласып жатпайсың. Мал Амазонканың өне бойын қаптап өскен жасыл желекте қысы-жазы еркін жайыла алады. Ол-ол ма, бізге келіп жатқан цитрус тобына жататын жемістер де – мұндағыларға табиғаттың бергені. Еңбекпен келген байлық емес. Қысқасы, бұл жағынан алғанда, біздің елдердің ауыл шаруашылығына осындай мықтылармен бәсекеге түсуге тура келеді.

Әлімсақтан-ақ ата-бабаларымыз «адамның күні — адаммен» деген ойлы пікірді күнделікті өмірден түйіп айтқан. Ал, ұлт ұстазы Абай да былай деген еді ғой: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…»  Міне, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұдан 21 жыл бұрын көтерген интеграциялық бастамаларының түп негізінде де осы қағида жатқандығы бүгінде айқын дәлелденіп отыр. Өйткені, қай заманда да бірде-бір ел, бірде-бір халық  жаhан дүниеден тысқары, еш байланыссыз оқшау өмір сүруі мүмкін емес.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button