Қызылқоға ауданының әкімі атқарылған жұмыстарды баяндады

screenshot 20220602 152149 Экономика

Қызылқоға ауданында ауыл шаруашылығының өнімі 4,6 млрд. теңгені құрады.

Бұл туралы Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиев «Қызылқоға ауданының 2022 жылғы 5 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары» туралы баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникация қызметі.

Қызылқоға ауданында ауыл шаруашылық саласында 1 өндірістік кооператив, 2 агрофирма, 5 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі, 7 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 473 шаруа қожалығы тіркелген.

Мүйізді ірі қара 34052-ден 35059-ға, жылқы 16889-дан 17321-ге, түйе 1890-нан 1924-ке, қой-ешкі 168886-дан 172807-ге өскен. Сондай-ақ 4040 тн ет, 3468 тн сүт өндірілген. Осы тұрғыда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 4,6 млрд. теңгені құраған.

-Мал басын асылдандырумен 49 шаруа қожалығы айналысып, нәтижесінде 9 бас асыл тұқымды бұқа, 98 бас асыл тұқымды сиыр, 25 бас асыл тұқымды қошқар сатып алынды. Осы жылдың 5 айында аудандағы шаруашылықтарға 74,3 млн. теңге субсидия төленді. Оның ішінде асыл тұқымды ірі-қара, қой малына және тұқымдық түрлендіру, селекциялық жұмыстарға 34,8 млн. теңге, мал азығына 39,5 млн. теңге берілді, деді Н.Бисембиев.

Ауданның тауар өндірушілері аудан орталығындағы «Арыс» сауда қатарында 13 рет ауыл шаруашылық жәрмеңкелеріне қатыстырылды.

Қызылқоға ауданының тұрғындары 95,7 % ауыз сумен қамтылды

Аудан көлеміндегі 26 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған, яғни тұрғындардың 95,7 %-ын құрайды.

Қалған 13 елді мекен жер асты суын пайдалануда. Тайсойған жер асты су қорынан Миялы ауылына дейін магистралды су құбырының құрылысына жоба дайындалды. Ауыз су қажеттілігі тәулігіне 2200 текше метрды құрайды. Жобаның құны 4,7 млрд. теңге. Жоба іске асырылған жағдайда Миялы және Жангелдин ауылдарын, қажет болған жағдайда Жасқайрат ауылын үздіксіз ауыз сумен қамтуға толық мүмкіндік болады. Қазіргі кезде Су ресурстар комитеті арқылы мемлекеттік сатып алу ұйымдастырылуда, деді Н.Бисембиев.

Оның айтуынша, «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырының қайта жаңғырту жұмысының жобасы дайын.

Брифинг барысында аудан әкімі Айдын, Бүйрек, Қосқұлақ және Кенбай елді-мекендеріне ауылішілік су құбырының құрылысына 110,5 млн. теңге бөлініп, 99 тұрғын үйге су құбыры жүргізілетінін де жеткізді. Ал, Тасқұдық ауылына ауыз сумен жабдықтауға жоба жасақталғанын айтып өтті. Н.Бисембиев қалған 8 елді мекенде жобалық-сметалық құжаттама дайын екенін, аталған жобалар 2025 жылға дейін іске қосылса, аудан халқы 100% ауыз сумен қамтылатын атап өтті.

Миялыда «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы аясында 11 шақырым жол құрылыс жұмыстары жүруде

Бұл туралы Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиев «Қызылқоға ауданының 2022 жылғы 5 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары» туралы баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникация қызметі.

– Өткен жылы жұмыстары басталған жол құрылысындағы 6 жоба биыл да жалғасын табады. Осы тұрғыда Миялы ауылында «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы аясында11 шақырым жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмыс жоспарына сәйкес астыңғы жабындылары толық төселіп, беткі қабатының төсеу жұмысы осы айда басталады деп күтілуде, деді Н.Бисембиев.

Сонымен қатар аудан әкімі Сағыз ауылынан 21,8 шақырымды құрайтын 3 жоба жүзеге асырылып жатқандығын, соның ішінде биыл пайдалануға берілетіні 15 шақырым жол екендігін айтты. Ал, Мұқыр ауылындағы бұдан бұрын басталған 4,7 шақырым жол құрылысын толыққанды аяқтау үшін қаражат бөлінгенін, жобаны биыл толықтай аяқтау жоспарлануда екенін жеткізді.

Брифингте Н.Бисембиев Тайсойған-Миялы ауылдарын байланыстыру үшін автомобиль жолының құрылысының жобасы жасақталуда екенін атап өтті. Бұдан бөлек Ақтөбе облысына қарасты Ойыл ауданының Шұбарши ауылы мен Миялы ауылы аралығындағы 18,5 шақырым болатын жолға жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда екені айтылды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз