
Экспорт: жарты жылда — 2 800 тонна
Биыл алты айда Атырау облысында жалпы 6 500 тонна балық ауланды. Оның 2 800 тоннасы, яғни тең жартысына жуығы экспортталып, шетелге шығарылды. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Бекзат Сәрсенғали мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста Жайық-Каспий бассейнінде балық шаруашылығы саласында 18 кәсіпорын, яғни осынша табиғат пайдаланушы субъект жұмыс істейді. Олардың бірқатары «су маржанын» аулаумен қатар, өңдеумен де айналысады. Өткен жылдың шілде айынан бері (бір жыл ішінде) облыста 10 мың тоннадан астам балық аулануы қамтамасыз етілген.
– Соның ішінде Жайық өзенінен – 1 820, Қиғаштан – 3 148 және Каспий теңізінен 6 000 тонна «су маржаны» ауланды. Бұл өңірдің балық қоржынының олжасына айналғанын көрсетеді, – деді салалық ведомство өкілі.
Дәулетқали АРУЕВ