Қалжаның қасиеті неде?

unnamed 1 Қоғам

Салт-дәстүрге бай халқымызда өмірге сәби әкелген жас анаға қалжа жегізу ырымы бар. Осы дәстүрдің қасиеті неде? Оның күнделікті ас мәзіріндегі ет тағамдарынан айырмашылығы қандай? Бұл салттың бүгінгі орындалысы қалай?

БАЛА ҚАЖЫРЛЫ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ…

Журналистік зерделеуге арқау болған осы және өзге де сауалдар аясында көпті көрген бірқатар жанмен пікірлестік. Мақат ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Дәмен Алтаева бұл қазақтың ғұрпында міндетті түрде орындалатын салттың бірі  екенін ерекше айтты. – Жас босанған әйелдің күтіміне, денсаулығына қырық күн бойы баса мән беріледі. Осы орайда, сәби дүниеге келгеннен кейін қалжа үшін арнайы қой сойылып, оның етінен дайындалған сорпаны жас анаға ішкізеді. Ал, сойылған қойдың мойыномыртқасын бұзбай қайнатып, пісіріп, «нәрестенің мойны тезірек бекісін» деген ниетпен анасы омыртқаны жеуі керек.

Бұл ретте мал сойып, жас анаға қалжа беру баланың денсаулығы үшін маңызды деп есептеледі. Ынжық, болбыр, қажырсыз жігіттерді көргенде оларға ренжігендер «Өй, немене, анасы қалжа жемеген бе?» деп қағытып жатады. Ал, күш-қайраты мол, жігерлі жігіттерге риза болғанда «ұл тудым деп, анаң қалжаны дұрыстап жеген-ау» деген сөз осыдан қалса керек, – деді Дәмен Биханқызы. Сұхбаттасушымыздың айтуынша, қалжаға арналған малды келіннің қайын жұрты, ер азаматы сойса, кейбір жағдайда келіннің төркіні әкеледі. Ана мен баланың саулығына бейжай қарамайық деген туған-туыстар да бұл салтқа үн қосып, қалжа үшін қой етін әкеліп жатады.

Қалжаға қой союдың да өзіндік себебі бар. «Өйткені, қойдың етінің құрамында темір, фосфор, ақуыздар мол болады. Сондай-ақ, холестерин мөлшері де аз. Қалжа жеген келіннің денсаулығы жақсарады. Сүйектері қақсамай, тістері түспей, буындары бекиді. Аздаған күннің ішінде үйдің тіршілігіне  араласып кетеді. Күтімі жақсарған жас ананың нәрестесі үшін сүті тойымды, әрі жеткілікті болады. Бұдан сәби де тоқ болып, тыныш ұйықтап, тезірек ширайды» деді Дәмен Алтаева.

Бұл туралы қазақтың дәстүрін дәріптеуші Зейнеп Ахметованың жазбаларында да кеңірек айтылған. Оның еңбектеріне сүйенсек, қазақ жас босанған анаға ешкінің етін «суық болады» деп жегізбеген.  Бұрын бұл салттың қасиетіне ерекше мән берілді. Тіпті жоқ-жітіктің зардабын көп тартқан кедейдің әйелінің қалжа жеуіне баса назар аударылды. Бұл ретте ата-бабаларымыз ауыл арасындағы мұндай отбасыларына бейжай қарамаған. Әйелі дүниеге сәби әкелгенде оның анасына ауқатты адамдар қалжаны арнайы әкеліп берген. Себебі, тұрмысы нашар, мал союға жағдайы келмегенге қалжа беру – сауабы мол игі іс деп саналған.

АНА МЕН БАЛАНЫҢ СЫБАҒАСЫ

Қалжаның күнделікті ас мәзірінде желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен оның сәбиінің сыбағасы. Әрі бұл құрметті ас саналады.

«Оны әрбір ана мен ене білуі тиіс. Мен 11 баланы өмірге әкелдім. Шіліңгір шілдеде босансам да, енем жас босанған анаға салқын жел де тез өтеді деп, қалың орамалдармен оранып жүруді қатаң ескертетін. Әр баланың өз қалжасы болу керек деп, арнап қой сойдыратын. Қазанға да өзі араласып, сорпаға мөлшерімен тұзы мен майын салып, қамырын қолдан илеп пісіріп беретін. Енемнен, анамнан көріп өскен осы дәстүрді өзімнен тараған ұрпақтарыма да мұқият қолданып келемін. Бүгінде шөбере сүйіп отырған бақытты  әжемін. Шаңырақта сәби дүние есігін ашқанда әулеттегі келіндеріме қалжаның қасиетін бір сәт те естен шығармау қажеттігін баса айтып отырамын» дейді Махамбет ауданы Ақтоғай ауылының тұрғыны, Батыр ана Клара Сәлдиева.

Көпті көрген аналар қалжаның қасиетін жіпке тізіп берді. Ал, бүгінгі жас енелер мен жас аналар оның мәні мен маңызын жетік біле ме?

«Сәби дүниеге келгенде арнайы бағылан сойылмаса да, енем базардан қойдың етін сатып әкеліп, қал-қадірінше өнегесін көрсетеді. Бұдан балаларым да жаман болмады, шүкір деймін. Қалжаға қатысты ырым-тыйымның орындалғаны болар, оның қасиеті тиіп балаларымның денсаулықтары жақсы болып жетіліп келеді» дейді көп балалы ана Шынар Шоқан.

Ал, аты-жөнін айтқысы келмеген атыраулық жас ана қалжа туралы біраз мағлұмат білмейтінін жасырмады. «Менің енем жастайынан өмірден өтіп кеткен. Атам болса, салт-жоралғыларға баса мән бермейді. Әулеттің үлкендері шалғай ауылдарда тұрады. Үйі-күйі бөлек болғаннан соң үйдегі тыныстіршілігімізге олардың араласы жоқ. Мен екі баламды дүниеге әкелген кезде де қалжа үшін арнайы мал сойылып, оның қасиеті туралы айтылғанын естіген жоқпын. Ал, мал сою рәсімі қырық күн толғандағы рәсімдерінде ғана жасалды» деді ол.

Қазақта «қайратты ерді қайратты әйел ғана дүниеге әкеледі» деген ұғым бар. Осы сөзге тереңнен зер салсақ, қалжаны қашан да дәстүрдің тозығы емес, озығы деп қабылдау қажет. Қалжа жегізуді тұрмысымызға түбегейлі енгізсек, бұдан болашағамыздың да бұлыңғыр болмасы анық. Өйткені, ел болашағы – жас ұрпақ екенін ескерсек, оның шыр етіп дүниеге келгенінен бастап халқымыздағы сәби мен анасына қатысты әрбір салт-жоралғыны ерекше орындаудың да мәні зор екенін ұмытпаған абзал. Осы орайда, бүгінгі балалардың кейбірінің қажырсыз болуы қалжаның қадіріне жетпегеннің салдарынан екенін де есте ұстаған жөн-ау.  Ал, сіз қалжаның қасиеті неде деп ойлайсыз?

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз