Шұғыл! Атырауда Бас санитар дәрігер карантиндік шектеу жөнінде қаулы шығарды
Сенбі, жексенбі күндері көптеген нысандар жұмысына тыйым салынып отыр.
«Атырау облысының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу жөніндегі карантиндік шараларды күшейту туралы» Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 26 маусымдағы №13 қаулысына өзгерістер енгізу туралы
Халық арасында COVID-19 коронавирустық инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 9, 36, 102, 104, 107-баптарына, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-293/2020 «Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру қағидалары мен пайда болу және таралу қаупі төнген кезде шектеу іс-шаралары, оның ішіндегі карантин енгізілетін инфекциялық аурулардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығына, «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №67 қаулысына, «Шектеу карантиндік шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №68 қаулысына, «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі №17 қаулысына және Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 3 маусымдағы №26 «Кәсіпкерлік объектілерінде «Ashyq» жобасын енгізу туралы» қаулысына, «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 3 маусымдағы №26 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 11 маусымдағы №27 қаулысына, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 1 шілдедегі №31 «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №67 қаулысына толықтырулар енгізу туралы» қаулысына сәйкес, тұрғындар арасында коронавирустық инфекцияның тіркелуін ескере отырып, ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 26 маусымдағы №13 «Атырау облысының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу жөніндегі карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) 6-тармақтың тармақшаларына өзгерістер енгізілсін және мынадай редакцияда мазмұндалсын:
6. «Әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметін жұмыс уақыты мен режимі бойынша шектеу:
— мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің кемінде 80%-ын «қашықтықтан» жұмыс нысанына ауыстыруды қашықтықтан және күндізгі жұмыс форматында жұмыс жасау үшін ұйымдар, офистер қызметкерлерін COVID-19-ға қарсы вакцинациялау жүргізілген жағдайда егілмеген қызметкерлер арасынан пайыздық арақатынасын ескеріп жүзеге асырады. Бұл ретте тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда, CОVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алған барлық қызметкерлердің күндізгі режимде жұмыс істеуіне жол беріледі;
— банктердің, «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінің, халыққа қызмет көрсету орталықтарының (бұдан әрі – ХҚКО), оның ішінде мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмысын жұмыс күндері 9.00-ден 18.00-ге дейін, сенбі күні 13:00 сағатқа дейін ұйымдастыру және жексенбі күні жұмыс жасауға тыйым салу. Карантин шараларын сақтау үшін ХҚКО-ға және мамандандырылған ХҚКО-ға алдын ала Egov.kz, «EgovKZBot 2.0» телеграмм-ботпен брондау арқылы бару ұсынылады;
— меншік түріне қарамастан мектепке дейінгі балалар ұйымдарының кезекші топтарының жұмысын әрбір топта 15 баладан аспайтын, жаңа кезекші топтар ашуға тыйым салумен, санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық карантин шараларын қатаң сақтаумен және сенбі және жексенбі күндері жұмысқа тыйым салумен ұйымдастыру;
— сауда үйлері мен сауда-ойын сауық орталықтарына (павильондар, бутиктер), сауда желілеріне сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін (толтырылуы объект сыйымдылығының 30% — нан асырмай, 1 келушіге 4 шаршы метрден кем емес) тек қана жұмыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат етіледі, олардың ішінде орналасқан азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды, CОVID-19-ға қарсы жаппай вакцинациялауға арналған пункттерді қоспағанда сенбі және жексенбі күндері жұмыс жасауына тыйым салынады. Бұл ретте оларда орналасқан аттракциондардың, ойын алаңдарының, ойын орталықтарының, қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысына тыйым салынады. «Ashyq» жобасына қатысатын объектілер үшін жұмыс режимі сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін;
— қоғамдық тамақтану объектілеріне, оның ішінде жазғы алаңдарға, жұмыс күндері сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін және сенбі мен жексенбі күндері жұмысқа тыйым салумен (ұжымдық іс-шаралар өткізбей, 30-дан аспайтын отырғызу орындарын орнатумен, үстелдер арасындағы қашықтық кемінде 2 метр сақталуын қамтамасыз етумен, бір үстелге отырғызу бір отбасының мүшелерін қоспағанда 4 адамнан аспауы тиіс).
«Ashyq» жобасына қатысатын қоғамдық тамақтану объектілері, оның ішінде банкет залдары (мейрамханалар мен дәмханалар типі бойынша қызмет көрсету) үшін үй-жай ішінде және ашық ауада жұмыс режимі жұмыс және демалыс күндері сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін (ұжымдық іс-шаралар өткізбей, 30-дан аспайтын отыратын орын орната отырып, үстелдер арасындағы қашықтықтың кемінде 2 метр сақталуын қамтамасыз ете отырып, бір үстелге отырғызу бір отбасының мүшелерін қоспағанда 4 адамнан аспауы тиіс);
— сұлулық салондары, шаштараздар, косметологиялық қызмет көрсететін объектілер алдын ала жазылу бойынша (объектінің толтырылуы 1 келушіге кемінде 4 шаршы метр есебімен) жұмыс күндері сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін, «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда сенбі және жексенбі күндері жұмыс жасауға тыйым салумен;
— спорт кешендері, фитнес-орталықтар, фитнес-клубтар, йога орталықтары, спорттық-сауықтыру объектілері (оларда орналастырылған бассейндер, сауналар, СПА, массаж, пилинг) толтырылуы объект сыйымдылығының 50%-нан аспайтын, бір келушіге кемінде 5 ш.метр есебімен жұмыс күндері сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс режимін белгілей отырып, сенбі және жексенбі күндері жұмысқа тыйым салынсын. «Ashyq» жобасына қатысатын объектілер үшін толтырылуын объект сыйымдылығының 50%-нан асырмай, сағат 07:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс режимімен;
— сауналар, СПА-орталықтар, бассейндер – алдын ала жазылу бойынша, толтырылуын объект сыйымдылығының 50%-нан асырмай, бір келушіге су айнасының кемінде 5 шаршы метрі есебімен, жұмыс күндері сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс режимін белгілей отырып, сенбі және жексенбі күндері жұмысқа тыйым салынсын. «Ashyq» жобасына қатысатын объектілер үшін, толтырылуы объект сыйымдылығының 50%-нан асырмай, жұмыс режимі сағат 07:00-ден 24:00-ге дейін»;
2) 12-тармаққа өзгерістер енгізілсін және мынадай редакцияда мазмұндалсын:
— «12. Атырау қаласы және аудандар әкімдері, құқық қорғау және арнайы органдар, «Атамекен» ҰКП АФ, меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалар:
— Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 1 шілдедегі №31 «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №67 қаулысына толықтырулар енгізу туралы» қаулысына сәйкес Атырау облысының аумағында COVID-19-ға қарсы вакцинация алмаған адамдарды (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) күндізгі режимде жұмысқа жіберуді шектеу бойынша талаптарды орындауды қамтамасыз етсін».
2. Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы, Атырау қаласы және аудандар әкімдері:
— бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы қосымша қабылданған шектеу шаралары туралы халықты уақытында хабардар етсін;
— облыс тұрғындары арасында жұқтыру ошақтарын оқшаулау және оның таралу қаупін азайту бойынша қабылданатын шаралар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық жариялау жүргізуді қамтамасыз етсін.
3. Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аудандық Басқармалары, Атырау облысының Полиция департаменті осы Қаулының орындалуын күшейтілген бақылауды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулы 2021 жылғы 5 шілдеде сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.
Атырау облысының
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері М.Танауов