Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...ЖаңалықтарСарапTime

СарапTime: «ОМИКРОН» – ойнайтын ауру емес!..

АВТОБУСТЫҢ ІШІНДЕ КЕЛЕ ЖАТЫП ЖОЛАУШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ БІР ӘҢГІМЕНІ ҚҰЛАҒЫМ ШАЛЫП ҚАЛДЫ. «КОРОНАВИРУС БІТІП, ЕНДІ «ОМИКРОН» ДЕГЕН АУРУ ШЫҚТЫ. БІРАҚ, ОНЫҢ ЕШ ЗИЯНЫ ЖОҚ ЕКЕН. КЕРІСІНШЕ, ОНЫ КОРОНАВИРУСТЫ ЖОЮ ҮШІН ОЙЛАП ТАПҚАН!» ДЕП ӨТІРІКТІ СУДАЙ САПЫРЫП ЖАТҚАН ӘЛГІ АДАМ ӨЗІН ҚҰДДЫ БІР ДӘРІГЕРДЕЙ СЕЗІНІП ОТЫР. ӘҢГІМЕГЕ АРАЛАСУҒА ТУРА КЕЛДІ…

ЖУРНАЛИСТ ДЕГЕН АТЫМЫЗҒА СЫН БОЛАР ДЕП, БАР БІЛГЕНІМІЗБЕН БӨЛІСІП, АЛЫП-ҚАШПА ӘҢГІМЕЛЕРГЕ СЕНБЕУГЕ ШАҚЫРДЫҚ. РАСЫМЕН ҚАНДАЙ АУРУ БОЛМАСЫН, ӘСІРЕСЕ, ЖҰҚПАЛЫ АУРУ – ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ПЕН ӨСЕК-АЯҢДЫ КӨТЕРМЕЙДІ. БҰЛ ТЕК КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРДЕН АЛЫНҒАН ҚАРАПАЙЫМ МЫСАЛ ҒАНА. АЛ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ҚАНДАЙ ҚИСЫНСЫЗ «ҚИЯЛ-ҒАЖАЙЫП ЕРТЕГІЛЕР» АЙТЫЛЫП ЖАТЫР ДЕСЕҢІЗШІ?! БІР ӨКІНІШТІСІ, СОҒАН АҚЫЛ-ОЙЫ ТОЛЫСҚАН ЕРЕСЕК АДАМДАР ДА СЕНІП ҚАЛЫП ЖАТАДЫ. ШЫН МӘНІНДЕ, МӘСЕЛЕНІҢ АҚ-ҚАРАСЫН ДӘРІГЕР МАМАНДАР ҒАНА АЖЫРАТЫП АЙТА АЛАДЫ. МІНЕ, ДӘЛ ҚАЗІР ҚОЛЫМЫЗҒА ҚАЛАМ ҰСТАТҚАН БАСТЫ СЕБЕП ТЕ – ОСЫ…

ТЕЗ ТАРАЛАТЫН АУРУ

Осыдан бірнеше ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында коронавирустың жаңадан «омикрон» атты штамы пайда болғаны жөнінде айтыла бастаған еді. Көп кешікпей ол еш ескертусіз біздің елге де жетті. Республиканың барлық өңірінде карантиндік талаптар қайта қатаңдатылды. Атырауда да жағдай мәз емес. Бұл туралы біз облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Әбдалиевтен білдік.

– «Омикрон» коронавирустан бөлек ауру емес. Бұл тек штамдарының бірі ғана. Ол бұған дейінгі «дельтаға» қарағанда өте тез таралады. Сөзімізге Еуропа елдеріндегі қазіргі ауыр ахуал дәлел. Жағдай тұрақты деп танылған Норвегияда да науқастар саны артуда. Сондықтан шұғыл түрде карантиндік шараларды қайта қолға алу керек деп ойлаймын. Әсіресе, қоғамдық орындарда өте сақ болған жөн, — деді Қайсар Қайратұлы.

Өкінішке қарай, бүгінде аймақтағы ахуал тұрақсыз. Инфекциялық стационар мен үйде амбулаториялық ем алып жатқан науқастар көбеймесе, азаяр емес. Бұған соңғы уақытта тұрғындардың өз денсаулығына немқұрайлы қарап, тым босаңсып кетуі себеп болған секілді.

«Өздеріңізге белгілі, былтыр қараша мен желтоқсан айларында эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, өңіріміз «жасыл аймақта» болды. Сол кезде халық қарапайым бетпердені кимей кетті, арақашықтық сақтауды да ұмытты. Демек, бұл – жайбарақаттықты кешірмейтін кесел. Бүгін ауырып, ертең айыққан адам қайтып ауырмайды деген сөз емес» – деді сұхбаттасушымыз.

РЕВАКЦИНАЦИЯДАН НЕГЕ ҚАШАМЫЗ?

Мамандардың айтуынша, қазір өңірде төрт бағыт бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бұл – жедел жәрдем, амбулаториялық емхана мен инфекциялық стационар қызметімен қамту және балалар мен жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету. Қандай жұмыстар жүргізілсе де, дүниежүзілік пандемияны тоқтатудың әзірге тек бір жолы бар. Бұл – екпе алып, аурудың алдын алу. Сандарды «сөйлетсек», вакцинациялауға жататын 365 мың атыраулық азаматтың 70 пайыздан астамы екпе алған.

Бірақ, бұл осымен тоқтап қалмауы керек. Енді ревакцинация, яғни, екпенің үшінші құрамын алу қажет. Бұл ретте, атыраулықтардың белсенділігі тым бәсеңдеп кеткені байқалады. Бүгінде ревакцинациялауға жататын 97 мың тұрғынның тек 10 мыңнан астамы ғана егілген. Ал, дұрысында аталған азаматтар қаңтар айының соңына дейін ревакцинациядан өтуі тиіс. Қазір ешкім де «вакцина жоқ» немесе «екпе кабинеттері бос емес» деп сылтау айта алмайды. Себебі, бәрі де бар және жеткілікті. Елімізде орын алған соңғы оқиғаларға қарамастан екпе пункттеріндегі жұмыс бір сәтке тоқтамаған. Оның үстіне, мектептер мен жоғары оқу орындарына арнайы бөлінген емхана мамандары бірнеше рет аяқтай барып, екпенің құрамымен таныстырып, маңызын түсіндірген. Бұдан басқа тағы не қажет?

«ЕГІЛСЕ ДЕ АУЫРАДЫ» ДЕЙТІНДЕР БАР…

Атыраулық эпидемиолог-маман Гүлжамал Таубаева бүгінде аймақта алпыстан астам екпе бөлмесі жасақталғанын айтады.

– Былтырғы 1 ақпаннан бастап Ресейден «Спутник V» вакцинасы жеткізілді. Кейін оған «Hayat-Vax» және «Pfizer» қосылды. Барлық елде қай екпенің де тиімділігі бірдей. Біреу екіншісінен артық немесе кем емес. Қазір Атырауда қытайлық «Vero Cell» және отандық «QazVac» вакциналары ұсынылуда. Ал, жүкті және емізетін баласы бар әйелдер мен жасөспірімдерге «Pfizer» егілуде. Қалай болғанда да, вакцина алған адам 100 пайыз ауру жұқтырмайды дей алмаймыз. Бұл әр ағзаның иммундық жүйесіне байланысты. Екпе алғаннан кейін де, қорғаныштық қасиет толық қалыптасып үлгеруі үшін белгілі бір уақыт өтуі керек. Сол аралықта ағзаға вирус түссе, адам ауруы мүмкін, бірақ жеңіл түрде өткереді, — деді ол.

Арамызда «екпе алса да, ауырып жүр ғой» дейтіндер бар. Оларға мамандар дәйекті жауаптарын ұсынады. Белгілі болғаны реанимация бөлімінде жатқан немесе өмірден өтіп кеткен науқастардың 99,9 пайызы екпе алмағандар екен. «Pfizer» демекші, мұнымен 70 мыңнан астам атыраулықты егу жоспарланған екен. Бірақ, көрсеткіш бұған жеткен жоқ. Өйткені, екпе алғысы келмейтіндер көп. Сірә, олар Еуропада 18 жасқа дейінгі балалар жаңа штамм жұқтырып жатқандығынан бейхабар болса керек. Әйтпесе, әр ана өзі үшін болмаса да, бауыр еті баласы үшін алаңдар еді ғой. Бізде медицина мамандары алғашқылардың қатарында өз балаларын егіп, өзгелерге үлгі көрсетуде. Бірақ, егілгісі келмейтін жанға бұл да әсер етпейтін секілді.

ТҰМАУДАН ҚАЛАЙ АЙЫРУҒА БОЛАДЫ?

Дәрігер-инфекционист Әсия Сейдешова «омикрон» штамы екі күн ішінде таралып үлгеретінін айтып дабыл қағуда. Бүгінде бір-екі күн дене қызуы көтеріліп, дел-сал күйге түскен науқастар стационардан бір-ақ шығып жатыр екен…

– «Омикронның» инкубациялық кезеңі басқалармен салыстырғанда тым қысқа. Сондықтан 19 қарашада коронавирустан емдеудің жаңа хаттамасы шықты. Оның бұрынғылардан айырмашылығы – жаңадан екі препараттың енгізілуі және оларды амбулаториялық бағытта қолдануға болатындығы. Бұған дейінгі хаттамаларда үй жағдайында қабылдайтын вирусқа қарсы препараттар болмаған еді, — деді инфекционист.

Қазір тұрғындардың көбі үйлерінде ем алып жатыр. Бірақ, бұл жерде бір жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге үйде емделуге болмайтынын ескеру керек. Олар жергілікті емханаға хабарласып учаскелік дәрігерді шақырғаны дұрыс. Науқастың қайда ем алатынын мамандар ғана шешеді. Ғаламторда дәрігерлердің жеке кабинеттері мен байланыс нөмірлері бар. Керек десеңіз, мобильдік бригаданы да үйіңізге шақыра аласыз. Әйтеуір, дәрігер кеңесіне жүгінген адам жамандықтың алдын алады.

«Ал, өз бетімен емделудің соңы жақсылыққа апармайды» дейді мамандар.

Керісінше, ондай жағдайда ауру асқынып кетуі ықтимал. Үйде тек қызу түсіретін дәрілерді ішіп, мұрын мен ауыз қуысын шаюға ғана болады. Әсіресе, сұйықтықты көбірек ішу керек екен. Дәрігерлер «омикронның» белгілері тұмауға өте ұқсас екендігін айтады. Басты айырмашылығы, бір-екі күн ішінде ағзадағы барлық бұлшық еттер ауыра бастайды екен. Балалар мен ересектерде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бәрінің де мұрын қуысынан су ағып, тамақты құрғақ жөтел қысады. Ал, аты жаман штамды тұмаудан ажырату үшін экспресс-тест немесе ПТР-сынама тапсыру керек. Сонда ғана нақты жауабы белгілі болмақ.

ТҮЙІН

Иә, «омикрон» расымен де симптомсыз және жеңіл түрде өтеді. Бірақ, бұл бетперде тақпай, арақашықтық сақтамай жүруге болады деген сөз емес. Өйткені, оған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі «алаңдаушылық тудыратын штамм» деп баға беріп отыр. Ендеше, өзін нашар сезінген әр адам дереу қоғамнан оқшаулануы тиіс. Сонда ғана ауруды ауыздықтауға болады.

Ал, вакцинаға келсек, ол қанша уақытқа жарамды және жыл сайын салына ма, ол жағы әзірге белгісіз. Себебі, бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Қалай десек те, коронавирус мутацияға, яғни, түрленуге өте бейім. Сондықтан пандемияның қашан аяқталатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Біздің қолымыздан келетіні – екпе алу арқылы сақтану ғана.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button