Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...СарапTime

COVID-19: Ұжымдық иммунитет қажет

«Коронавирус жер бетінен түбегейлі жойылмайынша, одан сақтану шараларын да тоқтатпаған дұрыс».

Бұл – облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс эпидемиологы Гүлжамал Таубаеваның пікірі.

– Рас, елімізде эпидемиологиялық жағдай қалыпты. Бірақ, бұл жайбарақат жүруге болады деген сөз емес. Яғни, адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде тағу қажет. Қазір Қытайда «омикрон» штамын жұқтырушылар көбеюде. Бірқатар Еуропа елдерінде сырқаттану деңгейі жоғарылап барады. Сондықтан елдегі жағдай тұрақты болғанына қарамастан, кейбір шектеулер әлі де сақталуда, — дейді эпидемиолог маман.

11 сәуірден бастап Атырау мен көршілес Астрахан аралығындағы бірқатар шекаралық шектеулер алынып тасталды. Бірақ, ел аумағына әлі де болса ПТР-тест қорытындысынсыз, вакцинация паспортынсыз өз азаматтарымыз да, шетелдіктер де кіре алмайды. Мамандар «стелс-омикрон» штамынан қорғанудың жалғыз жолы – ревакцинация екенін айтады. Яғни, қолда бар ұжымдық иммунитетті сақтап қалу қажет. Коронавирустың жаңа түрі «Стелс-омикрон» Қытайда белең ала бастады. Осы себепті Шанхайда 2000-ға жуық медицина қызметкері тартылып, қала тұрғындарын тестілеуден өткізіп жатыр. Ал, Қазақстанда күніне 20-ға жуық адам коронавирус инфекциясына шалдығуда. Неге? Өйткені, бізде ұжымдық иммунитет қалыптасқан. Бүгінде еліміз бойынша 10,5 миллионға жуық адам толық вакцина алса, 3,5 млн.-ы ревакцианциядан өтті.

«Қалай болғанда да, біз күн сайын коронавирус инфекциясынан сақтануымыз керек. Рас, ведомствоаралық комиссияның шешімімен, бас санитарлық дәрігердің қаулысымен бүгінде біраз талаптар алынып тасталды. Соған қарамастан, біз вакцинация мен ревакцинациядан бас тарта алмаймыз. Әйтпесе, жағдай ушығып кетуі мүмкін» деп ескертеді Гүлжамал Демеуқызы.

Атап өтерлік жайт, Еуропа елдерінде коронавирустың мутацияланған жаңа түрлеріне ең бірінші кезекте «вирус жұқтыру көрсеткіші төмендеді» деген желеумен екпе алмағандар шалдығып жатыр екен.

«Карантиндік шектеулер алынып тасталғандықтан көп адам «вирусты жеңдік» деп ойлайды. Әрине, адамның психологиясы солай қалыптасқан. Яғни, бәріміз де қоғамның бір мүшесі болғандықтан, айналаға қарап өмір сүреміз. Көп жағдайда көптің пікіріне қосылып кетеміз. Ал, өз денсаулығымызға жеке көзқараспен қарамаймыз. Осындай немқұрайлылықтың кесірінен, қалай ауырып қалғанымызды да байқамай қалып жатамыз. Айтқым келгені, қазір босаңсуға болмайды. Егер осыдан біраз бұрын вакцина алған адамдар ревакцинациядан өтпесе, мутациялық штамдар елге келген кезде бірінші солар ауруы мүмкін» дейді эпидемиолог.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бүгінде «Стелс-омикрон» штамын жұқтырғанның өзінде оны жеңіл өткерудің жолы – вакцинация мен ревакцинация ғана. Вакцина алғандар ауруханаға түспейді, оларға жасанды тыныс беру құрылғысының да қажеті болмайды. Ендеше, мамандар тұрғындарды ерікті түрде ревакцинациядан өтуге шақырады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button