COVID-19: Исатайда жағдай мәз емес…

15550610 COVID-19: Соңғы поштадан...

Облыстың өзге өңірлеріндегі сияқты Исатай ауданында да эпидемиологиялық жағдайдың мәз еместігі мәлім болып отыр. Мұны аудандық аурухана мен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшылығы берген ресми деректер дәлелдегендей.

          Ұсынылған ақпараттарға қарағанда, 2020 жылы ауданда коронавирус инфекциясымен ауырған адамдардың саны 261 болса,  соның ішінде 77-і симптоммен немесе ауру белгілерімен, 184-і симптомсыз, яғни ешқандай КВИ белгілері білінбестен тіркелген. 2021 жылы науқастардың саны 948-ге жетіп, төрт есеге жуық өскен. Бұл жолы ковидке шалдыққандардың басым бөлігінде ауру белгілері алдын ала байқалған.

          Аудандық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Кабулованың айтуынша,  биылғы жыл басынан бері де өңірдегі эпидемиологиялық ахуал күрделене түскен. Нақтылай кетсек, 20 күнде қауіпті аурудың вирусын жұқтырғандардың саны 85-ке жетіп отыр. Өткен жылдың сәйкесті кезеңінде ковидпен 6 адам ғана сырқаттанған болатын. Айта кету керек, бұл жолы да науқас ретінде тіркелгендердің тең жартысына жуығына қатерлі инфекция жасырын жағдайда жұққан болып шықты. Мамандардың түсіндіруінше, пандемияның осындай түрі көбінесе науқастарды емдеп, сауықтыру шараларын жүргізуге елеулі қиындық келтіреді. Қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауына алынғандардың ішінде 13 жүкті әйел мен 3 бала бар.

          Жалпы алғанда, пандемия басталғаннан бергі мезгілде ауданда коронавирус инфекциясына шалдығуына байланысты ауруханаға жатқызылғандардың саны 1300-ге жуықтапты. Осы орайда, қатерлі кеселдің алдын алып, жолын кесудің бірден бір тәсілі жаппай екпеден өткізу немесе вакцинациялау екені түсінікті. Осы қағиданы берік ұстанған жергілікті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері осынау жауапты науқанды жоспарлы түрде өткізуде. Осылайша, есепті мерзімде 8240 тұрғын ковидке қарсы екпенің І компонентін алса, ІІ компонентін қабылдағандардың қатары да соған жуықтайды. Сондай-ақ, күні бүгінге дейін 830 адам ревакцинациядан өткен.

          Солай бола тұрса да, қазіргі таңда ауданда күрделі эпидемиологиялық азуал сол күйінде сақталуда. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы мамандарының сөзінше, тек өткен жылдың өзінде 19 адам ковидтен көз жұмса, биылғы қаңтар айында аурушылық деңгейі айтарлықтай жоғарылап, қауіпті жағдайдың туындауына себеп болып отырған көрінеді. Айға жетпейтін уақытта ауруға шалдыққандардың саны бірден 50 адамға көбейген. Сөйтіп, 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш бойынша 182,6 пайызға артқан. Әсіресе, басқаларымен салыстырғанда жер көлемі үлкен, тұрғындары көп аудан орталығы ­– Аққыстау, Тұщықұдық және Қамысқала ауылдық округтерінде инфекция жұқтырғандардың басым екені аңғарылады. Осы тұста тілге тиек етер бір жайт, сырқаты анықталғандардың 60 пайызы екпе алмағандар көрінеді. Оған қоса, сол сәтте  науқастардың арасынан 4 баланың үлкендермен қарым-қатынаста болғанына көз жеткізілген.

          Күні бүгінде дәріханалар мен екпе пункттері тұрақты, демалыссыз жұмыс жасауда. Өз кезегінде ауданда құрылған мобильді топтар да карантиндік шектеулер мен санитарлық талаптардың орындалуын қатаң қадағалап, ұдайы бақылауда ұстауда. Пандемиямен күрес одан әрі жалғасуда. 

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз