Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...СарапTime

COVID-19: Алыс ауылдардағы ахуал қалай?

СОҢҒЫ БІР АЙДА РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША COVID-19 ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ МҮЛДЕМ ТОҚТАП, САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫҢ ТҰРАҚТАЛҒАНЫ МӘЛІМ. АЛАЙДА, СОЛАЙ ЕКЕН ДЕП АРҚАНЫ КЕҢСЕ САЛУҒА БОЛМАЙТЫНЫН ДА ЕСТЕН ШЫҒАРМАҒАН АБЗАЛ. РЕСМИ АҚПАРАТ КӨЗДЕРІНЕН ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНДА ҚАУІПТІ ПАНДЕМИЯНЫҢ ҚАЙТАДАН БАС КӨТЕРІП, ЖАҒДАЙДЫҢ УШЫҒА БАСТАҒАНЫ ЖАЙЛЫ АҚПАРАТ ТАРАП ЖАТЫР. СОҒАН БАЙЛАНЫСТЫ ОБЛЫС АУДАНДАРЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА ЗЕР САЛЫП КӨРГЕНБІЗ.

АЛАҢСЫЗ ОТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ

ҚЫЗЫЛҚОҒА. Аудан бойынша коронавируске қарсы вакцина алуға жататын 13837 адамның 10113-і (73,1%-ы) екпенің І компонентін алса, оның екінші құрамын салдырғандар 9300 адам (67,2%). Биылғы 31 наурызға дейін ревакцинациялаудан өтуге тиісті 7043 адамның 3028-і (43%) қайта егілген. Осындай мәліметтермен бөліскен аудандық орталық аурухананың директоры Айнұр Тілемісованың айтуынша, күні бүгінге мұнда «Комирнати Пфайзер» вакцинасын алғандардың жалпы саны – 4198 адам. Оның тең жартысынан астамы – 12-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер, төрттен бір бөлігі – мүмкіндігі шектеулі жандар екен. Сондай-ақ бұл санатта жүктіліктің орта және босану кезеңіне жақын қалған әйелдер, бала емізетін жастағы аналар бар. Бүгінгі таңда ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Жыл басынан бері анықталған коронавирус жұқпасына шалдыққан 400-ге жуық адамның барлығы емделіп, сырқатынан айығып шыққан. Сырқаты асқынған бір адам ғана қайтыс болыпты. 1 наурыздан бері бірде-бір науқас тіркелмеген.

РЕЗЕРВТІК КЕРЕУЕТ САҚТАУЛЫ

ИНДЕР. Аудандық орталық аурухананың басшысы Анаргүл Доспаева биылғы 19 ақпаннан бері аудан тұрғындарынан COVID-19 белгісімен шағым түспегенін айтты. Мұнда да ахуал бірқалыпты. Аудандық аурухана мен күндізгі стационар жалпы жұмыс режиміне көшірілген. Соған қарамастан, 10 кереует ковид жағдайындағы науқастарды қабылдауға дайын. Қазірге дейін аудандағы екпе алу үшін есепке алынған 14734 тұрғынның 10667-сі немесе 72,4%-ы вакцина алыпты. Алайда, тізімде тұрған 4 мыңнан астам адам әлі күнге дейін екпе алмаған. Олардың тең жартысынан астамы есепте ауданда болғанымен, ауысымдық әдіспен (Теңіз, Қарабатан, т.б.) немесе қалада тұрақты жұмыс жасайтын көрінеді. Сондықтан, олардың жұмыс орны арқылы екпе алу шаралары алынуда. Ал, ревакцинациялаудан өткен 3732 адамның көрсеткіш деңгейі – 49,5%. Жасыратыны жоқ, соңғы айларда эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына байланысты екпе алу қарқыны күрт төмендеп, тұрғындардың белсенділігі түсіп кетті. Әйтсе де, басталған жұмыс тоқтап қалмай, жалғасын табуы тиіс. Бұған қажетті вакцинаның саны да, түрі де жеткілікті.

БІР АЙДАН БЕРІ «ОҢ» НӘТИЖЕСІЗ

ЖЫЛЫОЙ. Ауданда санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты. ПТР сынамасын тапсырғандардың арасынан «оң» нәтиже көрсеткендер тіркелген жоқ. – Аурухана мен күндізгі стационар қалыпты жұмыс тәртібіне ауыстырылды. Алайда, жұқпалы инфекцияға қарсы күрестің бірден-бір жолы – вакцинациялау жұмыстары одан әрі жалғасуда. Жоспарлы екпе шараларын жүргізуге қажетті препараттар жеткілікті. Қорда «Казвак» вакцинасының 1200 данасы, 538 «Вероселл» және 204 бірлік «Комирнати» екпесі бар. Оның сыртында, резерв үшін кереуеттер қолданысқа дайын, — дейді телефон арқылы хабарласқанымызда, Жылыой аудандық ауруханасының директоры Нұрбек Үкібаев.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button