Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...СарапTime

Баланы ВИРУСТАН қалай қорғаймыз?

ӘЛЕМДІ ӘБІГЕРГЕ САЛҒАН КОРОНАВИРУСТЫҢ БЕТІ ӘЛІ ҚАЙТҚАН ЖОҚ. ҚЫТАЙ, ОҢТҮСТІК КОРЕЯ СЕКІЛДІ БІРҚАТАР ЕЛДЕРДЕ ЖАҢА ШТАММ АНЫҚТАЛЫП, КАРАНТИНДІК ШАРАЛАР КҮШЕЙТІЛУДЕ...

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫ ПАНДЕМИЯ САЛДАРЫНАН ЖЕР БЕТІНДЕГІ 20-ДАН АСТАМ ЕЛГЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚАУПІ ТӨНІП ТҰРҒАНЫН МӘЛІМДЕГЕН БОЛАТЫН. ОСЫЛАЙША, БҰЛ ВИРУС АДАМ ШЫҒЫНЫНА ҒАНА ӘКЕЛІП ҚОЙМАЙ, ТҰТАС ЕЛДІ ЖАЛМАП ҚОЯТЫНДАЙ ҚАТЕР ТУҒЫЗЫП ТҰР. АЛ, ОСЫНДАЙ ЖАҒДАЙДЫ ЕСТІП, КӨРІП ОТЫРҒАН ЖҰРТЫМЫЗ ВИРУСТЫҢ ЕНДІГІ ЖАҢА ШТАМЫНАН ҚОРҒАНА АЛА МА? БАР ҒҰМЫРЫН БАЛАЛАРЫНА АРНАП, БОЛАШАҒЫН ҰРПАҒЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫРАТЫН ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БАСТЫ ҚОРҚЫНЫШЫ НЕДЕ? ӘДЕТТЕ «БАЛАМНЫҢ ТАБАНЫНА КІРГЕН ШӨҢГЕ МЕНІҢ МАҢДАЙЫМА КІРСІН» ДЕП ӘЛПЕШТЕЙТІН АТА-АНАЛАР ПАНДЕМИЯДАН ПЕРЗЕНТТЕРІН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙ АЛАДЫ?

АНАНЫҢ КӨҢІЛІ БАЛАДА…

Елімізде коронавирус пайда болғалы бері ата-аналардың қорқынышы еселей түскені рас. Балаларының денсаулығы үшін алаңдап, суықтап сырқаттана қалса да «вирустың белгілері емес пе екен?», «коронавирус жұқтырған болса қалай емдетемін?» немесе «қауіпті індеттен қалай қорғаймын?» деп күдік пен белгісіздікке бас ауыртатын болды. Айналамыздағы кез-келген отбасын алып қарасаңыз да осындай жағдай. Нақты емі табылмаған бұл вирусты жұқтыруды ойлаудың өзі оңай емес, ал ол індетпен бала ауырса ше?!. Мамандар «ковидті балалар жеңіл өткереді» деп болжам жасағанымен, мутацияланған штамдар ешкімді аяп жатқан жоқ. Дәрігерлер керісінше, жаңа штамм жастарға қатты әсер ететінін айтып, дабыл қағуда. Елімізде 9 миллионнан астам адам вакцинаның екінші компонентін алса, оның ішіндегі жасөспірім саны 800 мыңнан асқан. Иә, сақтықта қорлық жоқ. Өйткені бүгінге дейін Атырауда мыңнан астам бала коронавирустың құрығына іліккен. Ескерерлігі, бұл вирус ешкімді тапқа бөлмейді, салғырттық танытқанға тап береді.

ЖЫЛЫ СӨЗ ЖАН ЖЫЛЫТАР

Ата-ананың өмірінің гүлі, нұры, жалғасы – бала. Сондықтан кім болмасын, ұрпағын қауіп-қатерден қорғағысы-ақ келеді. Солардың бірі Айжан Нығметова, бір жасар баласымен ауруханаға жатқан ол басынан өткен жағдайды айтып берді. – Ойымызда ештеңе жоқ, былтыр жазда 4 баламды алып ауылда тұратын төркініме барғанмын. Бар ойым көптен көріспеген анам мен әкемді көру еді. Менің үйге барғанымды естіп, 4 және 2 жастағы қыздарын алып сіңлім де келген. Кішісі ауырыңқырап жүрді, баланың әлсін-әлсін іші өтіп, мазасыздана берді. Солай екеуміз ата-анамыздың шаңырағында екі күн болдық. Сол уақыт аралығында бір жастағы балам ауыра бастады. Құсып, диарея белгілері байқалып, дене қызуы көтерілді. Әдеттегідей емес, дәрілерге бағынбады. Жағдайдың жақсы еместігін іштей сездім де дереу қалаға келіп, облыстық балалар ауруханасына бардым. Кіммен байланыста болғанымызды, баламның неше күн ауырғанын сұраған дәрігерлер бізді бірден оқшаулау бөлмесіне салды. Ол кез елде тыныс алу құрылғылары мен дәрілер жетіспей дүрбелеңге түскен уақыт болатын. Келесі күні-ақ вирусты анықтайтын тест тапсыртып, ол оң нәтижесін көрсетті. Аурухананың аядай бөлмесінде, баламды ойлап әбден мазам кетті. Тіпті, бізге дәлізге де шығуға рұқсат етілмеді. Жаз мезгілі болғанымен ауа жұтып, серуендей алмадық. Сондағы қиналғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Алла қолдап, балам жазылды. Ендігі айтпағым, пандемия кезінде өзге жер емес, туған үйіңе де баруға болмайды екен. Басы артық кісі жинала қалса мына вирус өршіп кететінін байқадым. Жаным перзентімнің үстінде болды. Сондықтан ата-аналар «қазір вирус саябырсыды» деп бейқамдық танытпай, індеттен сақтанып жүрулері қажет. Өз басымнан өткен жағдайды жауыма да тілемеймін, — деді Айжан. Ол сондай-ақ осындай жағдайда отбасының, жақын жандардың қолдауы аса маңызды екеніне тоқталып, «балалары вирус жұқтырған ата-аналармен психологтар да белсенді жұмыс жасаса екен» деген ұсынысын жеткізді. Кейіпкердің сөзінің жаны бар, қиындықпен бетпе-бет, жалғыз күресу кімге де оңай емес. Ал, жөргектегі сәбилі анаға тіптен қиын. Мұндай сәтте дәрігерлердің ғана емес, моральдық тұрғыда қолдау көрсететін отбасыңмен қатар психолог мамандар да жаныңнан табылғаны дұрыс. Өйтпеген жағдайда ауру үстіне ауру жамап, адамдардың депрессияға түсуі әбден мүмкін. Мұны мамандар да жоққа шығармайды. «Жылы киім тәнді жылытар, жылы сөз жанды жылытар» демекші, бір ауыз жағымды сөз қауіптің бетін қайтаруға себепші болары анық.

ТАЗАЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ

 «Балаңыздың денсаулығы мықты болсын десеңіз, онда ең алдымен жеке бастың тазалығын сақтауды үйретіңіз». Бізбен сұхбаттасқан облыстық №2 инфекциялық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Надя Ерғалиева осылай деді. – Пандемия кезінде коронавирусты жұқтыру ере сектерге қарағанда балалар арасында сирек болды. Ауруханамызда 50-ге жуық бала емделіп шықты. Балалар арасында вирус жұқтыру құсу, іш өту, дене қызуы көтерілу белгілерімен байқалды. Ал, ауруханада ем алу уақыты екі апта, яғни 14 күн. Осы уақытта баланың жағдайы жақсарса ем шарасын тоқтатамыз. Бұл вирустың нақты емі болмағандықтан, алдымен бал а н ы ң қ а й ж е р і ау ы р ы п тұрса сол бойынша клиникалық ем жүргізіледі. Мәселен, диарея болса, соның емі жасалады. Біз бұған дейінгі вирусты гепатит, оба, сүзек, қызылша және басқа да жұқпалы дерттерді тек вакцина шығарғаннан кейін жеңген болатынбыз. Оның нәтижесінде халық арасында с ары ауру, күл ауруы секілді жұқпалы індеттер жойылды. Оба пандемиясынан екпе ғана құтқарды, мұны бүгінгі аға ұрпақ жақсы біледі. Сондықтан адамдар бір ауыздан екпе алуы керек. Өзім алғашқылардың бірі болып алдым. Денсаулығыма кері әсері байқалмады. Соның арқасында еш қорықпастан вирус жұқтырғандарға ем-дом жүргіздім, — дейді дәрігер. Ол сондай-ақ ата-аналарды сақтық шараларын босаңсытпай, көпшілік орындарға балаларды ертіп бармауға кеңес берді.

 «…АУЫРМАУДЫҢ ЖОЛЫН ІЗДЕ»

– Айтпағым ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу керек. Ол үшін таза жүру, санитарлық талаптарды орындау маңызды. Балаңызға ең алдымен қарапайым ғана қол жуу ережесін үйретіңіз. Оған бір көрсетсеңіз жаттап алады. Уақытылы суға түсіріп, жеке бас гигиенасын сақтауға мән берген абзал. Коронавирусты балалар жеңіл өткеріп жатқанымен, бұл жағдайдың тұрақты болатынын білдірмейді. Сол үшін сақтық қажет. Кейде көз алдымызда науқастар қиналып жатқанда біз де шарасыз күйде боламыз. Әсіресе созылмалы аурулары бар адамдарға қатты әсер етуде. Қант диабеті, гипертония (қан қысымы жоғары болу), жүрек жетіспеушілігі сынды дерттері бар адамдар аса сақ болуы қажет, — деді ол. Анықтап білгеніміздей, модульдік типтегі жаңа ауруханада науқастарға 15 дәрігер-инфекционист, реаниматолог қызмет етеді. Олар инфекциялық ауруларды емдеу үшін алдын-ала толық дайындық курстарынан өткен білікті дәрігерлер. Аурухана 320 орындық болса, оның 40-ы балаларға, 30-ы жүкті әйелдерге арналып әзірленген.

ТАЗА АУА, ДӘРУМЕНГЕ БАЙ ТАҒАМ…

Х а л қ ы м ы з к ө к т е м м е з г і л і н «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» дейді. Расында, көктем мезгілі басталысымен-ақ, ағзамыздағы әлсіздікті сезінеміз. Біріміздің басымыз айналып, көзіміз қарауытады немесе бас ауырып, тұмауратамыз. Ал, осындай кезде балаларды вирустан қорғау үшін, иммундық жүйесін қалай көтеруге болады? Атырау қалалық №7 емхананың дәрігер-педиаторы Нұргүл Қоразова иммундық жүйе көтерілуі үшін, балалардың алдымен, толыққанды, дәруменге бай тағамдарды тұтыну керектігін айтады. Тамақ рационында міндетті түрде жемістер мен көкөністер, ет және сүт өнімдері болуы қажет. Екіншіден, суық тиюге барынша жол бермеген жөн. – Баламен бірге көп қимылдап, таза ауада жиі серуендеген абзал. Содан соң тыныс алу гигиенасын да жасау қажет. Осындай қарапайым жаттығуларды жасауға көпшілік уақыт таба бермейді. Бірақ, денсаулықтан асқан байлық жоқ. Адамдар жаттығу жасауды күнделікті әдетіне айналдырса, бала да үлкендердің ісін қайталап, ауру-сырқаудан алыс болар еді. Үшіншіден, коронавирус пен басқа да жұқпалы індеттердің алдын алу үшін қарапайым гигиена талаптарын сақтауды ұмытпауымыз керек. Ол үшін бұрынғысынша сырттан келген соң міндетті түрде қолды сабындап жуу, бөлмелердің терезелерін ашып, ауаны жиі тазартып отыру, үйді таза ұстау қажет. Қазір иммундық жүйені көтеретін дәрі-дәрмектер өте көп. Тұрғындар өз дәрігерімен кеңесіп, міндетті түрде дәрумендер мен аталған дәрмектерді қабылдауға тиіс, — дейді дәрігер. Ақ халатты абзал жан вирусты жұқтырмаудың тағы бір жолы мұрынға арнайы спрейлерді тамызып отыру екендігін де қаперге беріп, осындай әдіс арқылы аурудың алдын алуға болатынын айтады. Сондайа қ « к ө кт е м т ү рл і в и ру с т а рд ы ң өршитін кезеңі болғандықтан, отбасымен барынша көпшілік жиналатын жерлерге бармаған жөн» деді ол. Мәселен, балалар түрлі ойын-сауық орталықтары, қоғамдық көлік, тағы басқа жұрт көп жүретін жерлерде ауруды тез жұқтырып алуы мүмкін екендігін ескертті.

ТҮЙІН:

  • Былайғы күнде «бірінші байлық – денсаулық» деп жалаулатқанымызбен, бүгінде шыныменен саулықтың қадірін біле бастағандаймыз. Әсіресе халыққа қырғидай тиген коронавирус сақтанған жанның ғана сақ жүретінін ұғындырды. Соның ішінде балалардың денсаулығына салғырт қарау үлкен қателік екенін түсіндік. Дені сау ұрпақ – жарқын болашағымыз болса, адамның денсаулығы – қоғамның байлығы. Бастысы – санитарлық талап сақталуы керек. Мұны әрбір ата-ана өзінен бастағаны жөн. Өйткені, бала естігенін емес, көргенін қайталайды…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Фото: rtvi.com

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button